Көлігінің "жасы" 10 жылдан асқан қазақстандықтарға жағымды жаңалық

1938

Қазақстан "көне көліктер еліне" айналып кетті. 

Көлігінің "жасы" 10 жылдан асқан қазақстандықтарға жағымды жаңалық Фото: inbusiness.kz

Мұны ұлттық статистика бюросының дерегі растайды. Елдегі автокөліктердің 67,2%-ының немесе 4,3 миллионнан астамының шыққан жылы 10 жылдан асты.

"2025 жылғы 1 шілдедегі жағдай бойынша Қазақстанда тіркелген автокөлік құралдарының саны 6 миллион 460,4 мың бірлікке жетті. Соның ішінде 86,6%-ы – жеңіл автомобильдер, 9,6%-ы – жүк көліктері, 1,8%-ы – автобустар. Ал, мотокөліктердің үлесі – 2%. Автокөліктерді шығарылған жылы бойынша бөлсек, 3 жасқа дейінгі автомобильдердің саны 453,1 мың немесе жалпы санның 7%-ын ғана құрайды. Автопарктің тағы 25,8%-ы немесе 1,6 миллионы – 3 жылдан 10 жасқа дейінгі автомобильдер. Қалғанының бәрі он жылдан асқан ескі көліктер", – деді статорган мамандары.

Енді осы 1,3 миллионнан астам машинаға мемлекет салық төлеуге жеңілдік ұсынуға әзірленіп жатыр. Бірақ мұнда бір гәп бар.

Егер "жасы" 10 жылдан асып кеткенімен, сән-салтанатты автомобильдің немесе ауыл шаруашылығы техникасының, не автобустың бағасы 75 миллион теңгеден асса, салығы арзандау орнына күрт көтеріледі. Өйткені жаңа Салық кодексіне сәйкес, құны 75 млн теңгеден асатын машинаға 10% көлемінде қосымша акциз салынады.

18 шілдеде Президент жаңа Салық кодексіне қол қойды. Мемлекет басшысының ресми сайтында жарияланған ақпаратқа сәйкес, келесі 2026 жылдың 1 қаңтарынан бастап шыққанына 10 жылдан асқан көлік үшін салық азаяды.

"Кодекс 2026 жылғы 1 қаңтардан бастап күшіне енеді. Оған сәйкес, пайдаланылу мерзімі 10 жылдан жоғары автомобильдер үшін көлік құралы салығы төмендетілді. Бірақ жеке тұлғалар үшін қымбат өнімдерге, атап айтқанда құны 75 миллион теңгеден асатын автокөліктерге, құны 100 миллион теңгеден асатын кемелерге, әр литрінің құны 500 мың теңгеден асатын алкогольге, әр данасының құны 10 мың теңгеден асатын темекі өнімдеріне 10 пайыз акциз түрінде салық салынады", – делінген Ақорда түсініктемесінде.

Ал, жаңа Салық кодексін парақтаған "Kolesa.kz" сарапшыларының мәліметінше, онда құны 18 000 АЕК-тен (2025 жылы 70 млн 776 мың теңге, 2026 жылдың АЕК көлемін Парламент қысқа қарай ғана бекітеді) асқан автокөліктердің бәрінен 10 пайыздық қосымша, жаңа акциз салығын жинау бекітілген.

"2026 жылғы АЕК мөлшері әлі бекітілген жоқ. Бірақ Үкімет оны 4 148 теңге болады деп болжады. Тиісінше, түсініктемелерде 2026 жылы құны шамамен 74 664 000 теңгеден жоғары машинаға қосымша салық салынатыны жария етілуде. Жыл сайын АЕК мөлшері қайта қаралып, көтерілген сайын бұл шек те өзгеріп отырады", – деді мамандандырылған портал эксперттері.

Олар кодекстің 565-бабының 8-ші тармағына назар аудартты:

"Жеңіл автомобиль салығын есептеген кезде, көлік құралының пайдалану мерзіміне, шыққан жылына сәйкес келесі түзету коэффициенттері қолданылады:

  • пайдалану мерзімі 10 жылдан асса және 20 жылды қоса алғанға дейін – 0.7;
  • пайдалану мерзімі 20 жылдан асса – 0.5".

Яғни, көлік салығын төлеуде 11-20 жыл бұрын шыққан көлікке 30% жеңілдік берілсе, 21 жылдан асқанға 50% жеңілдік қарастырылады.

Бұған қоса, жаңа Салық кодексінің 536-бабының 10-тармағы бойынша 2026 жылдың 1 қаңтарынан бастап, сатып алу құны 18 000 айлық есептік көрсеткішке тең және одан жоғары жеңіл көлікке акциз қолданылады.

Ал, құжаттың 537-бабында мұндай қымбат көлік құралдарының жаңа қожайындары сатып алу құнының 10%-ына тең болатын мөлшерде мемлекетке акциз салығын төлеуге міндетті екені жазылған.

Бұл ретте жаңа акцизді автомобилді бастапқы тіркегенде де, сондай-ақ ел ішінде қайта сатқанда да төлеу қажет болады.

Мемлекет шетелден импортталатын көліктің құнын шот-фактура (инвойс) арқылы айқындайтын болады. Ал, ел ішінде тіркеуге қойылған және ішкі нарықта сатылатын автомобилдің бағасын тараптардың сатып алу-сату келісімшартында көрсетілген бағамен анықтайды.

Дегенмен, салықшылар "келісімшарттағы көлік бағасы жасанды түрде шектен тыс азайтылған" деп таныса, онда нарықтағы немесе арнайы базалардағы әрбір көлік маркасының орташа нарықтық бағасын назарға алып, акциз бағасын сол бойынша қайта есептеуі ықтимал.

Сәйкесінше, қымбат көліктің иесіне хат жолдап, "салтанат салығын" қосымша төлеуді талап етуі мүмкін. Көлік бағасын нарықтағы орташа бағамен салыстыру тәжірибесін салықшылар шетелден әкелінетін көліктерге қатысты бұрыннан қолданып жүр.

Сарапшылар биыл төленетін көлік салығы бұрынғы әдіспен есептелетінін еске салады. Мемлекеттік кірістер комитеті әзірге көлік салығының жеңілдіктері бойынша түсініктеме бермеді.

Оның үстіне жаңа Салық кодексі бойынша ескі көліктерге 30 және 50 пайыздық жеңілдіктер тек 2026 жылы ғана қолданысқа енгізіледі.

Айта кету керек, әлемдегі көптеген елде ескі автомобильден салық мүлдем жиналмайды. Салық кодексінің бастапқы нұсқасында Қазақстанда да көнерген көліктерден алым-салық жинамау ұсынылды, алайда қаржыдан тарыққан бюджетті ойсыратпау үшін ол идеядан кейін бас тартылды.

Сонымен бірге, біраз мемлекетте көлік салығы деген атымен жоқ. Бұл әділетті болып табылады, өйткені машина иелері көлік салығын бензин, дизель немесе жанар-жағар май сатып алғанда онсыз да төлейді.

Қазақстанда осы мұнай өнімдерінің құнына акциз салығы қосылған. Содан көлік иелері ЖЖМ сатып алғанда бір рет акциз төлесе, артынан көлік салығын төлегенде қайтадан алым-салыққа шығындалады.

Мысалы, Чехияда көлік салығы өз автомобилін жеке мақсатында ғана қолданатын жеке тұлғалардан жиналмайды. Тек машинаны коммерциялық мақсатта пайдаланатын, соның ішінде таксилететін, жүк таситын адамдарға, компанияларға ғана көлік салығы салынады.

Дамыған елдердегі сияқты, АҚШ-та да жеке алым түрінде көлік салығы жоқ. Ол отын құнына акциз түрінде қосылған.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу