banner

"Коррадо Каттаниді" өлтірген атақты мафияның лидері 30 жыл өткенде ұсталды

1387

Бұл сенсациялық хабар неге посткеңестік кеңістікте күлкі мен әжуаға себеп болды?

"Коррадо Каттаниді" өлтірген атақты мафияның лидері 30 жыл өткенде ұсталды Фото: yandex.kz

Қаншама кинофильмдер мен бестселлер кітаптарға арқау болған "Коза Ностраның" 30 жыл әділ соттан қашып жүрген басшысы Сицилияның қақ төрінде ұсталды. Италиялық құзырлы органдардың мәліметінше, мафияның боссы өткен аптада, 2023 жылғы 16 қаңтарда қамалған. Оның егжей-тегжейі енді жарияланып отыр, деп жазады inbusiness.kz тілшісі.

Маттео Мессина Денароның қалай ұсталғанын тәптіштеп баяндаған италиялық ақпарат құралдары оның қолында аса қымбат, яғни 30 мың еуродай тұратын сағат болғанына назар аудартып жатты. Оны білген италиялық қоғам алпауыт мафиозидің сән-салтанатты өміріне таңдай қаға, таңғалып жатыр. Бұл дерек Қазнет, Рунетте келеке тудырды. Әлеуметтік желіде пікір білдіргендер біздің аймақта биік лауазымды тұлғалар түгіл, ортанқол шенеуніктердің өзі одан да қымбат сағат тағатынын қаперге салды. Мұнда қынжылтатын, қыжылды шындық бар.

Ал Италия қоғамы бұл жаңалықты кез келген қылмыскер әділетті жазадан құтылып кете алмайтынының көрінісі ретінде қабылдады. Ұзақ жыл Фемиданың төрелігінен бой тасалаған сицилиялық мафияның 60 жасар лидері Палермоның орталығындағы "Ла Маддален" жеке клиникасынан табылды.

Италиялық ең ірі күнделікті газет Corriere della Sera мафиозиді ұстаудың жай-жапсарын толық жазуда. Атақты ұйымдасқан қылмыстық топтың жетекшісі осы жылдар бойы өмір сүрген бункер де анықталған. Бірақ жанына батқан дерті оны жарыққа шығуға итермелесе керек: Денаро жеке клиникада бір жылдай уақыттан бері химиотерапия курсынан өтіп жатыпты. Бұл үшін жалған құжаттарды пайдаланған.

Арнайы жасақтар үрейлері ұшқан ондаған пациенттердің көзінше клиниканы барлық жағынан лезде қоршап алып, мафия басшысына сытылып кетуге жол қалдырмапты. Полицей аты-жөнін сұрағанда, қашқын өмірі аяқталғанын түсінсе керек, еш жалтармай: "Менің атым Маттео Мессина Денаро", – деп ресми түрде өзін таныстырады. Тұтқындауына да еш қарсылық көрсетпеген. Ұстау кезінде қасында қаруы болмаған. Қатардағы емделушілердей киінген. Оны тек құны кем дегенде 30 мың еуро болатын қымбат сағаты даралапты. "Бұл Денароға тән дүние еді, ол әрдайым салтанатты өмірге бейім болатын" деп сипаттайды ақпарат құралдары.

Ғажабы сол, америкалық Forbes басылымының дерегінше, Маттео Денаро 1993 жылдан бері әлемдегі іздеуде жүрген 10 ірі қашқын қылмыскердің санатына кіреді. Яғни, ол тізім біреуге қысқарды. Бүгінде ол Л’А́куила (L'Aquila) қаласындағы "Ле Костарель" түрмесіндегі ені үш метр ғана болатын камерада отыр. Мафия басшысы темір торға ақшасыз келіпті, сондықтан заң бойынша әкімшілік оған кез келген ұсақ шығындарына жұмсауы үшін 200 еуро жәрдемақы тағайындаған. Түрмеде Денаро өзіне жақсы қарайтындарын жеткізіп, сол үшін билікке алғыс айтты. Ол абақтыда қатерлі дертінен емделуін жалғастырады.

Ақпарат құралдарының хабарлауынша, Маттео 1962 жылы Сицилияда капо мандаменто, яғни мафия бақылауындағы аумақтың басшысы Франческо Мессины Денароның отбасында дүниеге келіпті. Әкесі өз ортасында Дон Чиччо лақап атымен танымал мафиози болған.  

Оның әкесі Франческо мафиядағы мансабын жергілікті олигарх, Сикула банкінің негізін қалаушы Д’Алидің отбасына жұмыс істеуден бастаған екен. Д’Али отбасы 1990-шы жылдары Сильвио Берлусконимен дос, серіктес болды: Антонио Д’Али 1996 жылы Берлусконидің "Алға, Италия" партиясы атынан сенатор болып сайланды. Ал 2001 жылғы сәуірде Антонио Италияның ұйымдасқан қылмыспен күресетін Ішкі істер министрінің орынбасары болып тағайындалған. Яғни, билік пен мафия тонның ішкі бауындай біте қабысып жатқан еді.

Өз кезегінде Маттеоның ағасы Сальваторе Денаро Д’Алидің Сикула банкінде жұмыс істеді. Ұзын сөздің қысқасы, Италияның саяси, экономикалық өмірін ашса алақанында, жұмса жұдырығында ұстайтын ең жоғарғы мансаптылар ортасымен Маттеоның әу бастан байланысы болды.

Corriere della Sera баяндауынша, Маттео ескі ережелерді сақтап, ел қатарлы, қарапайым өмір сүретін "Коза Ностраның" басқа басшыларынан қатты ерекшеленді. Салтанатқұмар болды, айналасын әрдайым сұлу бикештермен қоршауды ұнатқан, ақшаны суша шашудан арланбаған. Porsche айдаған, тек Armani, Gianni Versace тіккен костюмдерді ғана киген, Rolex алтын сағатын таққан. Жұпыны, арзанқол костюм кие беретін өзге босстарды өзінен төмен санаған көрінеді. Видеоойындармен, комикстермен қатты әуестенген. Белгілі италиялық комикстегі антиқаһарман саналған "Дьяболикті" өз бүркеншік есімі ретінде қабылдайды. Бұл жағымсыз кейіпкер комикстерде жолына тұрғандардың бәрін еш бөгелусіз өлтіре салуымен аты шыққан екен.

1998 жылы оның әкесі Франческо жүрек талмасына душар болып, дүние салады. Ол Маттеоны 14 жастан қарудың түр-түрін қолдана білуге үйретеді. Ал 18 жасында ұлы бірінші адамын жер жастандырды.

"Коза Ностраның" ескі кодексі әйелдер мен балаларды өлтіруге тыйым салады. Бұл ар заңын Маттео Денаро да аяқасты еткен. 1992 жылы "Коза Ностраның" болашақ көшбасшысы әкесінің бақталасы, Алькамо бандасының жетекшісі Винченцо Милаццоны өлтіруге қатысты. Бірнеше күн өткенде Маттео Милаццоның нақсүйер әйелі Антонелланы буындырып өлтіреді. Әйел жүктіліктің үшінші айында болыпты. Бұдан бөлек, Маттеоның аса қатыгез қылмыстарының қатарында оның 12 жасар жеткіншек Джузеппені өлтіруі де бар. 1993 жылы ол баланы қылмыскерлер тобы ұрлап алып кетеді: олар жасөскіннің әкесі Сантиноны қорқытпақ болады. Бұрын мафиози болған Сантино билікпен ымыраға келіп, "омерта" үнсіздік кодексін бұзып, "Коза Ностраның" құпияларын жайып сала бастаған. Балақай мафияның тұтқынында 799 күн болады, азап көреді. Ақыры оны мафия 1996 жылы қылғындырып өлтіріп, мәйітін сілті құйып, ірітіп жіберген.

Атышулы қастандықтардың бірі 1992 жылғы 23 мамырда болды: 5 тонна тротил Палермодағы трассамен кетіп бара жатқан брондалған автомобильдің күлталқанын шығарды. Көліктің ішінде мафиямен күрестің символына айналған, бейнесі мен еңбегі атақты "Спрут" телехикаясына арқау болған тұлға, 53 жасар заңгер, судья, шенеунік Джованни Фальконе отырған еді. Оның қасында зайыбы және үш оққағары болған. Ешқайсысы аман қалған жоқ. Жарылыс орнында тереңдігі 4 метрге дейін барған шағын қазаншұңқыр пайда болыпты.

Фальконенің досы әрі әріптесі Паоло Борселлино оның ісін жалғастырып, мафиямен күресті өрістетеді. Алайда әлгі терактіден 57 күн өткенде, 19 шілдеде Борселлино Палермо орталығында тұратын анасымен көрісуге бара жатқанда, жарылыстан қаза тапты. Жарылыс салдарынан мафияға қарсы істі тергеген тағы бір италиялық судья жан тапсырды.

Сицилиялық қылмыстық әлеммен күрескен ең жарқын, ең көрнекті тұлғалардың жанын жәһаннамға жіберуге сол кездегі мафияның "өкіл әкесі" Сальваторе Тото Риина бұйрық берген.

Жалпы алғанда, Маттеоның кем дегенде 50 адамның өліміне қатысы бар деп бағаланады.

Өткен мыңжылдық аяқталуға таяғанда Италия мафиямен пәрменді күреске ден қойды, тегеурінді тетіктер түзе бастады. Бұл кезде оның біраз өкілі саясат сахнасына шығып, беделді саясаткерлер ретінде орнығып алған. Оның үстіне мафия өз электораты, әрі ресурсы санайтын бұқараның қайыршы топтарына көмектесіп, солардың қолдауын иеленеді. 1993 жылы Италия билігі "Коза Ностраның" сол тұстағы жетекшісі Тото Риинаны ұстап алды. Сонымен қатар мафиоздық кландарға қарсы бірқатар заң қабылдады. Соның арқасында судьялар Фальконені және Борселлиноны қоса алғанда, жүзден аса кісіні өлтіруге қатысы бар деп танылған Риина 13 мәрте өмір бойғы бас бостандығынан айыруға жазаланды. Яғни, әлдебір судьялар жұмсақтық танытып, бір өмір бойғы жазасын кесіп тастаса, басқа жазалары сақталады.

Кек алған мафия сол жылы Рим, Милан және Флоренцияда 5 теракті жасады. Сол арқылы мемлекетті ірі мафиозиларды тұтқындау жоспарынан бас тартқызуға мәжбүрлемек болды. Жарылыстар салдарынан он адам мерт болды, жүз шақты адам жараланды, мертікті. Флоренциядаңы Уффици галереясы, Римдегі екі ірі шіркеу, Миландағы көркем галерея бұзылды. Лаңкестік актілерге орай Италияда мафиялық кландармен байланысы бар ірі тұлғалардың қолына кісен салынды.

Табанын жалтыратып үлгерген Маттео Денароға іздеу жарияланды. 2002 жылы ол сырттай өмір бойғы бас бостандығынан айыру жазасына кесілді. Енді сол үкім орындалып жатыр.

Бостандықта тайраңдаған Маттео 2007 жылдан бері "Коза Ностраның" "Өкіл әкесіне" айналып, бертінге дейін мафиядағы лауазымын атқаруды жалғастырған. Өз кезегінде италиялық тергеушілер терактілерге қатыстылығын анықтау үшін "Алға, Италия" партиясының басшысы Берлускониді бірнеше рет тергеді. Ол болса, лаңкестікке ешқандай қатысы жоқтығына табандаумен болды. Сонымен бірге, Берлускони өзіне қарасты телеарналар, басылымдар арқылы жарылыстарға қарсы халықтың наразылық толқынын көтере алды. Ақыры соның алдын ала алмады деген айыппен Италия полициясының басшысына отставкаға кетуге тура келді. Ал Берлускони 1994 жылғы сайлауда жеңіске жетіп, елді басқарды. Оның партиясы қазіргі кезде де билікте отыр.

Novaya Gazeta Europe талдауынша, 2000-шы жылдардан бері "Коза Ностра" біраз тынышталып, ірі қылмыстармен көзге түспеуге тырысқан. Бұған ірі мафиозиларды белсендірек аулай бастаған Италияның жаңа саясаты ықпал етті. 2009 жылғы маусымда полиция "Голем" атты арнайы операция жүргізіп, қаржы бопсалаумен, есірткінің заңсыз айналымымен айналысқан мафиозилердің 13 тұлғасын құрықтады. Бір жылдан соң құқық қорғау органдары "Дьяболиктің" тағы 19 серіктесін ұстап алды. Олар да бизнесмендер мен саясаткердерден ақша бопсалаған. Тұтқындалғандардың арасында Маттеоның ағасы Сальваторе және екі ағайыны Джованни мен Маттео Филардо болған. Маттео Мессия Денаро тек 2023 жылы қолға түсті.

Италиялық ақпарат құралдары мафияның өлмегенін айтып отыр. Италиялық сарапшылардың байламынша, Денароның 30 жыл бойы әділ төреліктен қалай құтылып келгені, соған билікте кімдердің көмектескені толық әшкере болмай, мемлекет мафияны жеңді деуге болмайды. Әйтпесе, басты мафиози отызжылдықта тіпті шетелге саяхаттаған, Францияның Марселінде ота жасатқан. Оны кімдер жасырып келді? Биліктегі онымен ымыраластар кімдер? Мафия мемлекеттік органдарға қаншалықты тамыр жайған? Сұрақ көп деседі. Италияның басты тұтқыны үндемей отыр.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу