Құмшекер бірнеше апта қатарынан қымбаттап жатыр

1616

Қант бағасы қалай құбылады?

Құмшекер бірнеше апта қатарынан қымбаттап жатыр Фото: inbusiness.kz

Алдағы уақытта қант бағасы қалай құбылуы мүмкін? Елімізде тапшылық болмай ма? Ішкі нарықта қант өндірісі қалай дамып жатыр? Осы тақырып төңірегінде inbusiness.kz сайтының тілшісі шолу жасады.

Бірінші кредиттік бюроның Telegram-арнасының дерегінше, бір апта ішінде республикамызда қант күрт қымбаттаған. Атап айтқанда, 26 наурыздан бастап 2 сәуірге дейін оның бағасы 1,4 пайызға өскен. Сарапшылар соңғы рет мұндай жоғары өсім 2022 жылғы тамыз айының басында болғанын жазады.

"2022 жыл тапшылық болғаны белгілі. Көктемде Ресей қант экспортына 6 айға тыйым салды. Ресей импортына қатты тәуелді Қазақстанда баға шарықтады. Соңғы кезде Ресей елімізге қант экспорты бойынша ешқандай тыйым салған жоқ. Осыны ескеретін болсақ, баға өсімінің қазіргі себептері жергілікті өндірістің төмендеуімен байланысты болуы мүмкін", - деп жазады DataHub.

Сарапшылар қант 7 апта қатарынан қымбаттап жатқанын атап көрсетеді. Орташа өсу қарқыны 0,7 пайыз маңайында. Осыған дейін қант бағасы шамамен 70 апта қатарынан арзандаған.

"Қант бағасының болжамды өсімі туралы былтырғы жазда айтылды. 2022 жылы өндірушілер шикізатты сатып алуға мемлекеттен жеңілдетілген несиелер алып, бағаны бір деңгейде ұстауға міндеттелді. Бірақ та, шикізат бағасы өскендіктен, кейіннен келісімдерді сақтауда қиындықтар туындады", - делінген хабарламада.

Қазақстанның қант, тамақ және қайта өңдеу өнеркәсібі қауымдастығы президенті Айжан Наурызғалиеваның айтуынша, қазір баға қалай өзгеретінін болжау қиын.

"Бүгінде тапшылық жоқ, қант сатылымда бар. Елімізге Ресей Федерациясынан қанттың көп көлемі түскенін ескерсек, тапшылық болмайды деген ойдамын. Қазіргі таңда қант зауыттары жұмыс істемейді. Қызылша шикізатын өңдеу маусымы жабық. Зауыттар шамамен 50 мың тонна қант өндірді. Қазір екі зауыт шикізатты күтіп отыр, мамыр-маусым айларында шикізатты өңдеу басталады", - деді ол редакция сауалына берген жауабында.

Сөзінше, қазіргі таңда сауда желілерінде қант бағасы килограмы үшін 538 теңге және одан жоғары.

"Бірақ зауыттар тікелей желіге жеткізбейді. Зауыттардың бірі аймаққа қантты 415 теңгемен босатуы мүмкін. Бұдан бөлек дилерлер, импорттаушылар, желілер Ресей Федерациясынан қантты 320-350 теңгеге сатып алады, ал сөреде бұл қант айтарлықтай жоғары бағада тұрады. Үлкен көлем "сұр импорт" арқылы келеді", - деп түсіндірді сарапшы.

Осыған дейін сала мамандары көршілес елден бақылаусыз әкелінетін қантқа тосқауыл қоюды сұраған болатын. Жалпы алғанда, елімізде 4 қант өңдейтін зауыт бар. Олар Жамбыл және Алматы облыстарында орналасқан. Алайда қант нарығында айтарлықтай үлес импортқа тиесілі екенін баса айтқан жөн.

Energyprom.kz жазуынша, биылғы қаңтар-ақпан айларында 15,5 мың тонна қант өндірілген. Бұл өткен жылға қарағанда 4 есе аз. Қаңтарда отандық қант зауыттары 6 мың тонна қант өндірді. Бұл да былтырғы статистикаға қарағанда 5,4 есе аз. Биылғы наурыз айының қорытындысы бойынша түйіршіктелген қант бір айда 3,2%-ға қымбаттады. Ақпан айында оның бағасы 1,5%-ға, былтырғы наурыз айында 2,2%-ға, ал 2022 жылы наурызда 34,3%-ға артты.

Бір жылда түйіршіктелген қант бағасы 10,1% пайызға төмендеді. Былтырғы наурызға қарағанда елдің барлық өңірінде түйіршіктелген қант арзандаған. Сарапшылардың дерегінше, бағаның айтарлықтай төмендеуі Ақтөбе, Абай және Қарағанды облыстарында байқалды.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу