banner

Қытайдағы ең бағалы сыйлық – Қазақстанның ұны мен балы

Кенже Жомарт Кенже Жомарт
3635

Қытайдың бір қаласында 20 млн адам тұрады. Сондықтан Қазақстанның бүкіл егінін жинап, Қытайға апарса да аздық етеді.

Қытайдағы ең бағалы сыйлық – Қазақстанның ұны мен балы

Қытай сарапшыларының болжамынша, алдағы бес жылда әлемдегі Қытай импорты 8 трлн долларға жетпек. Қытай өз аумағына шамамен 600 млрд доллар инвестиция тартса, Қытайдың шетелге шығаратын жалпы инвестициясы 750 млрд долларға дейін артады деп болжанып отыр. Алдағы бес жылда Қытайдың шетелге шығатын турисінің саны 700 млн адамға жетеді. Мұндай үлкен нарық иесінің Қазақ елімен арадағы сауда-экономикалық байланысын, Қазақстан мен Қытай кәсіпкерінің арадағы ынтымақтастығы мен жоспарын білу үшін Қытай Халық Республикасының Қазақстандағы төтенше және өкілетті елшісі Чжан Ханьхуэймен сұхбаттастық.

- Чжан мырза, ең алдымен, қазақ-қытай арасындағы сауда-экономикалық байланыстың 2016 жылдағы қорытындысы мен болашақтағы жоспары туралы айтып беріңізші!

- Қазақстан мен Қытай арасындағы сауда-экономикалық байланыстың нығайып келе жатқаны жасырын емес. 2016 жылдың 10 айында екі ел арасындағы сауда айналымы 10 млрд 200 млн долларға жетті. Қытай инвесторы Қазақстан аумағындағы жобаларға көп қызығады. Қытай кәсіпкері Қазақстандағы инвестициялық климат, яғни инвестициялық жағдай күн санап жақсарғанын әбден түсінді. Сондықтан Қазақстан инвестиция тартуға келгенде, өз өңіріндегі ең ашық ел деуге болады. Оның үстіне Қазақстандағы серіктестер өте сенімді. Ал бірлескен жобаларға тоқталатын болсам, өздеріңіз білетіндей, қазір екі ел Ұлы жібек жолының экономикалық белдеуі мен "Нұрлы жол" бағдарламасы арқылы жұмыс істейді.

Жуырда ғана Қытай телеарналары көрсеткендей, Гуандун (Қытайдың оңтүстігіндегі провинция – abctv.kz) өлкесі теміржол вагондарына тауар тиеп, Қазақстан арқылы Германия мен Ұлыбританияға жөнелтті. Сол бағдарламада Гуандун өлкесінің билігі Қазақстан арқылы тауар тасымалдаудың тиімділігін атады. Егер ол (өлкенің кәсіпкері – abctv.kz) тауарды теңіз арқылы жөнелтсе, Еуропаға бір жарым айда жетеді екен. Ал Қазақстан арқылы жөнелтесе, Ұлыбританияға бар-жоғы 18 күнде жетеді.

Әрине, теңіз арқылы тауар жөнелтеудің құны сәл арзандау, бірақ біз үшін уақыт – ақша. Яғни бұл – тиімділік деп аталады. Ал қытай кәсіпкері, ең бірінші, тиімді дүниеге ғана назар аударады. Оның үстіне Қазақстан арқылы теміржол вагонымен жүк тасу әуе тасымалына қарағанда он есе арзан. Сондықтан Қазақстан Қытай үшін басты серіктестің бірі болып қала бермек. Ұлы жібек жолының экономикалық белдеуін құруда да Қазақстан алдыңғы орында тұр. Бұл жерде Қазақ елі өзінің басымдықтарын айтып, осы экономикалық белдеуден өте көп пайда көре алады.

- Жоғарыда Ұлы жібек жолының экономикалық белдеуі мен "Нұрлы жол" бағдарламасы аясында бірлескен жобалар құра аламыз дедіңіз. 2017 жылға жоспарланған жобалар саны белгілі ме?

- Қазақстан мен Қытай арасында қуатты өндірістер құру туралы бірлескен жобалардың құжаттары дайын тұр. Уағдаластық бар. 50-ден астам жобаның құжаты жиналды. Бірнеше жобаның құрылысын биыл бастаймыз, ал басқа жобаларды қаржыландыру мәселесін реттеу керек. Бұл жобалардың барлығы Қазақстан үшін экономикалық дамудағы өз ұстанымдарын нығайтуға мүмкіндік береді. Біз Қазақ үкіметінің пікіріне құлақ асуға дайынбыз. Қазақстан қазір минералды ресурстарға ғана емес, инновацияға, технологияға, өндіріске бейімделіп келеді. Бұл әрине қуантарлық жағдай.

- Жалпы Қытай Қазақстанға 2017 жылы қанша инвестиция құюға дайын?

- Әзірге білмеймін. Жыл басы жаңа басталды. Егер де мен айтқан елу жобаның бәрін жүзеге асыра алсақ, инвестиция артады.

- Қытайдың мемлекеттік банктері Қазақстанның қандай институттарына несие бере ала ма? Берсе, қандай мақсатқа береді?

- Несие береді. Біріншіден, валюталық уағдаластық бойынша. Екіншіден, бірлескен жобалар үшін бере алады.

- Қай салаға несие бере алады?

- Қазақстан қажет деп тапқан барлық саладағы институттарға несие беруге дайын.

- Елші мырза, ал Қытайға барып бизнес ашамын деген қазақ кәсіпкерінің пайда табатын мүмкіндігі бар ма? Жалпы Қазақстан кәсіпкері үшін Қытай нарығының қай саласын ұсына аласыз?

- Қытай нарығы өте үлкен. Әрине үлкен нарықтың сын-қатері де үлкен болады. Бірақ біз шансқа, яғни мүмкіндікке назар аударамыз. Кез келген істің, ол мейлі өз еліңде, мейлі шетелде болсын қауіп-қатері болады. Оны ескере білу керек. Қауіп-қатерді сырт айналып өту үшін білім, біліктілік керек. Мысалы, Қытай кәсіпкері қандай да бір нарыққа кірсе, алдымен салыстырып алады. Баға мен сапаны салыстырамыз да сұранысты іздейміз. Жалпы қазір Қазақстанның өте сапалы тауары көп. Әсіресе ауыл шаруашылығында сапалы өнім шығарады. Содан кейін байланыс орнатамыз. Яғни менің айтпағым, Қытайға барып өз ісін ашқысы келетін Қазақстан кәсіпкері ең алдымен ұзақ мерзімді байланыс орнатып алуы қажет. Содан кейін сол саладан сенімді серіктес, ақшасы мол инвестор іздей бастасын. Қытайда кәсіпкер көп, әрбір өлкеде бизнес қауымдастық бар. Қауымдастықтардың қуаты өте мықты, ал мен айтып отырған жеке кәсіпкердің ақшасы көп. Олар үнемі жақсы жобалар іздеп жүреді. Тіпті мен Қытайға демалысқа барғанда жан-жақтан кәсіпкер келіп, маған жолығып, "жақсы жобалар ұсыныңызшы" дейді.

Айта кететін жай, қазір Елшілік арқылы екі елде сауда-саттық жасайтын кәсіпкер көп. Қытайдың әр аймағында өз ерекшелігі бар. Қытайдың оңтүстік өңірі мен солтүстігінде, батысы мен шығысында экономикалық дамудың айырмашылығы, ерекшелігі бар. Әрбір өңірдің өз кемшілігі, өз артықшылығы бар. Мысалы шығыс, оңтүстік өңірлердің халқы көп. Бір қалада 20 млн адам тұрады. Қазақстан халқының санынан көп. Сол нарықты елестетіп көріңіз... Осыншама халықты азық-түлікпен қамту керек қой. Олар қазір не жейді? Қазақстанның ұнын, қойы мен сиырының етін жеп, өсімдік майын сүйіп тұтынады. Қазақстанның бүкіл егістігін жинап, Қытайға апарса аздық етеді. Сондықтан, біз достас мемлекет ретінде, көрші мемлекет ретінде Қазақстанның тауарларына арнап Қытай нарығының бір бөлігін бөліп жатырмыз.

Былтыр Қытайға экспортталған қазақ астығының мөлшері, қателеспесем, 143%-ға артқан. Қытайда қазақ астығына деген сұраныс өте жоғары. Онда бұл тауарды күтіп отырған нарық бар. Бейжіңнің халқы дос-жарандарына, туған туысқанына Қазақстанның ұны мен балын сыйлық ретінде береді екен. Бұлар бағалы сыйлық ретінде бағаланады. Менің өзім Қазақстаннан көп ұн сатып аламын да, Қытайдағы достарыма, туыстарыма сыйлық қылып беремін. Артынан пікірін сұраймын, "ең сапалы, ең дәмді ұн – Қазақстаннан келеді" деген жауап аламын. Сондықтан Қазақстанның кәсіпкері үшін Қытай сияқты үлкен нарыққа шығуға мүмкіндік бар.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу