Мәскеу қысымымен, Қазақстанның төл нарығын толық жоғалту қаупі бар

17524

Барлық өңірді электрмен жабдықтауда ресейлік "делдалдан" құтылу жолдары қарастырылуда, деп жазады Inbusiness.kz

Мәскеу қысымымен, Қазақстанның төл нарығын толық жоғалту қаупі бар

Қатты, сұйық отыннан, судан, жаңғыратын энергия көздерінен қуат өндіретін қаптаған электр станциялары, жылу-электр орталықтары, қазандықтар мен сол энергияны тұтынушылар арасында елеусіз "делдалдар" бар. Әңгіме қуат таратушы трансформаторлар мен подстанциялар жайында. Тәуелсіздік жылдарында олардың өндірісі өз елімізде жолға қойылды. Әйткенмен, сол бұрынғыдай басым бөлігін Қазақстан сырттан тасып, орнатады. Енді Үкімет осы "ессіз" бодандықтан арылып, отандық нарықты толық қазақстандық өнімге бұру мәселесін пысықтауда.

Тұтас индустриялар тоқырауы ықтимал

Осы мақсатта Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі "Мемлекеттік сатып алуды жүзеге асыру кезінде тауарларды ұлттық режимнен алып қоюды белгілеу туралы" Үкімет қаулысының жобасын жария етті. Ведомство жеке компаниялар тұрмақ, тіпті бюджет қаражатына да шетелдік өнім сатып алынатынына назар аудартты.

"Мемлекеттік сатып алу үшін пайдаланылатын ақша осылайша, тиімсіз жұмсалуда. Сондай-ақ отандық тауар өндірушілерге қажетті қолдау көрсетілмейді. Ал бұл "Мемлекеттік сатып алу туралы" заңының 4-бабында белгіленген мемлекеттік сатып алуды жүзеге асыру қағидатына қайшы келеді. Өйткені қымбат импорттық тауарлар сатып алынуда. Шынында оларды Қазақстанның өзінде жеткілікті көлемде өндіру мүмкіндігі бар. Салдарынан, отандық өндірушілердің қуаты жеткілікті жүктелмеген күйде қалуда", – делінген министрліктің талдауында.

Үкіметтің жаңа қаулысы өмірге жолдама алса, онда тауарлардың белгілі бір тобы 2 жылға "ұлттық режимнен алып қойылады". Яғни, мемлекеттік сатып алуларда ол өнімді өзге елдерден жеткізуге тыйым салынады. Одақтастарымыз осы мерзім ішінде ЕАЭО аясында бізден бұл өнімдердің ішкі нарығын ашуды, бәсекелі етуді талап ете алмайды.

Қаулы жобасы мемлекеттік конкурстар мен тендерлер аясында жиынтықты-тарату құрылғыларын, орта және төмен кернеулі қосалқы станцияларды (подстанция), трансформаторларды, кабельдік-өткізгіштерді электр энергиясы мен газдың есептеуіш аспаптарын, лифтілерді, автокөлік құралдары мен ауыл шаруашылығы техникасын, мұнай-газ жабдығын сатып алуды отандық өнімге бағдарлауды, импорталмастыруды қарастырады.

Қазақстанның бұл қадамға бармасқа амалы жоқ. Өйткені ұлттық деңгейде қорғауға алмаса, Мәскеудің лоббиімен Еуразиялық одақ қабылдаған шешім енді-енді еңсе тіктеп келе жатқан қазақстандық индустрияны құртып тынуы мүмкін. 2020 жылғы 23 қарашада Еуразиялық экономикалық комиссия Кеңесі бекіткен №105 шешімге сәйкес, "Мемлекеттік сатып алу мақсаттары үшін тауарлардың жекелеген түрлерінің шығарылған елін айқындау ережесі" күшіне енді. Құжатта отандық өндірушілер үшін технологиялық операцияларды орындаудың, технологиялық қайта өңдеудің Қазақстанға қолайсыз деңгейі белгіленді.

"Қазақстанда жасалған" деген өнімдердің, көліктердің, жабдықтар мен құрылғылардың көбі шынында шетелден шашып әкелініп, елімізде құрастырыла салатыны құпия емес. Жаңа ереже олардың бәрін "отандық өнім" деген мәртебесінен айыруы мүмкін. Тиісінше, оларға салынатын салық, кедендік баж алымы еселеп артады. Бұл елімізде құрастырылған өнімдердің күрт қымбаттауына, бәсекеге қабілеттігін жоюына, сөйтіп, тұтас жаңа индустриялардың тоқырауына соқтырмақ.

"Демек, қолданыстағы ережелер салдарынан Қазақстанның мемлекеттік сатып алудың төл нарығын жоғалтуы қаупі бар. Оның үстіне бүгінде ЕАЭО-ға мүше өзге мемлекеттер ішкі нарықты қорғау үшін сатып алу саласындағы ұлттық режимнен алып қою құқығын кең пайдалануда. Бұған қоса, көптеген жағдайда импорттық өнімді жеткізушілер өндірушінің ресми өкілі болып табылмайды, елімізде өнімнің сәйкестігін бағалаудың күрделі және қымбат рәсімдерінен өтпейді және шетелдік өнімнің қауіпсіздігі мен сапасы үшін ортақ жауапкершілік арқаламайды. Ал отандық өндірушілер болса, өз өнімдерін шығарар алдында сәйкестікті бағалаудың толық циклынан өтеді, өнімге толық жауап береді және кепілдік пен сервистік қызмет көрсетеді", – деп дәйектеді тың қадамын индустрия министрлігі.

Еуразиялық одақты шектесек, ұлттық бизнес не игілік көрмек?

Кейде әлеуметтік желіде пікір білдірушілер, бірқатар сарапшылар "отверткамен" құрастыруға маманданған зауыттарды жаппай жабуды, оларды мемлекеттік қолдауды доғаруды талап етіп жатады. Рас, Үкімет қаулысы жобасына ілігетін трансформаторлар, подстанциялар, лифтілер және басқасының аты – отандық, заты – импорттық. Бірақ таза ресейлік өнімдерді ішкі нарықтан ысырып шығару үшін олар қажет. Сондай-ақ құрастыру зауыттары да қазақстандықтарды жұмыспен қамтиды, бюджетке салықтар, әлеуметтік аударымдар мен жарналар төлейді. Үкімет оларға "жергілікті мазмұн" үлесін арттыру талабын қойып, бірте-бірте орындатуда.    

Қазақстанда трансформатор жасайтын 2 кәсіпорын бар. Тарата айтсақ, "КТЗ" (Кентау трансформатор зауыты) АҚ – қуаты 110 киловольтқа (кВ) дейінгі, ал "Азиа Трафо" ЖШС – қуаты 110 кВ-тан 500 кВ-қа дейінгі трансформаторларды шығарады.

Мемлекеттік қолдау, маркетинг арқасында "ҚТЗ" АҚ кейінгі жылдары ішкі нарықтағы өрісін кеңейтіп алды: жаңадан бой көтерген нысандарға, техникалық қайта жарақтанудан, модернизациялаудан, реконструкциялаудан, реставрациядан және күрделі жөндеуден өтуші кәсіпорындарға қуаты 110 кВ дейінгі трансформаторлардың 50%-ын сол жеткізеді. Алайда бұл оның жалпы өндірістің қуатының небары 45% ғана. Яғни, кәсіпорын жартысына да жүктелмеген. Салдарынан, қазақстандық трансформаторлар нарығының тең жартысы Ресейге, өзге елге тәуелді.

"КТЗ"-да қазір 1200 тұрақты жұмыс орны ашылған. Егер өз саласында ішкі нарықты ен жайласа, жаңа жұмыс орындарын құрмақ. Оның өндірістік қуаты жылына 110 кВ дейінгі 20 мың дана трансформатор шығаруға жеткілікті екен. Бұл жерде тек мемлекеттің өзі объектілерді жаңадан салу, кеңейту, техникалық қайта жарақтандыру, жаңғырту, реконструкциялау, қалпына келтіру және күрделі жөндеу үшін алда 17 мың трансформатор сатып алуды жоспарлауда. Министрлік импорттық өнімді алуға тоспа қойып, осы мол тапсырыстың бәрі "КТЗ"-ға беруді ұсынады. Сонда кәсіпорын бірден 85%-ға жүктелмек.

Әзірше компания мәселелерге маңдай соққан күйде. Себебі, әдетте мемлекеттік нысан құрылысы кезінде де трансформаторларды жеке мердігер ұйым өз бетінше сатып алады. Жеке құрылыс компанияларының сатып алулары мүлдем қадағаланбайды: жобалаушы фирма олар үшін интернеттен тауып, ең арзан импорттық өнімді жобалық-сметалық құжаттамаға қосады. Нарықта қалыптасқан бұл жағдай "КТЗ"-ға өнім өндіру бойынша жылдық немесе орта мерзімді тиімді жоспар, болжам түзуіне де мүмкіндік бермейді, бұл еңбек ұжымындағы тұрақсыздыққа түрткі болады.

"Азия Трафо" ЖШС – елімізде 110–500 кВ-қа дейінгі трансформаторлардың жалғыз өндірушісі. Кәсіпорында 100 тұрақты жұмыс орны ғана құрылған. "Азия Трафоның" өндірістік қуаты 120 дана трансформатор шығаруға қабілетті. Мемлекеттік сатып алу қажеттілігі 55 дана 110 кВ-тан 500 кВ-қа дейінгі трансформаторды құрайды. Ендеше тек мемтапсырыстың өзі "Азия Трафоны" 50%-ға жүктей алады.

Ол болмаған соң, қазіргі кезде кәсіпорын күрделі жағдайда қалған. Зауыт жобалық қуаттылығына сол бойы шыға алмады. Несиелерін қайтаруда қиындықтарға жолыққан. Жобаға құйылған инвестиция өзін-өзі ақтамауда. Нақтылай кетсек, зауытқа жалпы көлемі 21 миллиард теңге қаржы салынған. Оның 70%-ы – кредит-қарыз қаражат. Компанияның берешекті төлеу мерзімі 2020 жылы басталған.

"Кэмонт" АҚ-ы Қазақстанда жиынтықты тарату құрылғылары мен орта және төмен кернеулі кіші станциялардың ірі өндірушісі саналады. Ол 0,4–220кВ тарату құрылғылары бойынша отандық нарықтың қажеттілігін 50%-дан астамға өтеп отыр. Бірақ соның өзінде төл өндірістік қуатының 60%-ына ғана жүктелген. Кәсіпорында 700-ден астам тұрақты жұмыс орны құрылыпты.

Яғни, подстанция нарығы да 50%-ға импорттық өнімге тәуелді.

"Кэмонт" АҚ өндірістік қуаты ай сайын 700-ден астам жиынтық тарату құрылғылары мен орта және төмен кернеулі подстанцияларды шығаруға жететін көрінеді. Ал тек мемлекеттің осы өнімге деген мұқтаждығы жылына 7 000 бірліктен асады. Бұл отандық кәсіпорынды 85-90%-дан астамға жүктер еді. Тұрақты жұмыс орны санын 300 адамға ұлғайтады.

Индустрия министрлігінің түсіндіруінше, ұсынылып отырған шара импорттық тауар жеткізушілердің мемсатып алуларға еркін қатысуын шектейді: тендерлерге тек отандық өндірушілер жіберіледі. Бұл қазақстандық өндірушілерге өндірістік қуатын толыққанды жүктеуге, жаңа әрі күрделі технологиялық операцияларды игеруге, жергілікті мазмұнды арттыруға, жасайтын өнімдерінің тізімі мен желісін кеңейтуге, өнімдерінің өзіндік құнын төмендетуге мүмкіндік беруге тиіс. Тұтастай алғанда, мемлекеттік сатып алуға бағытталған триллиондардың ұлттық бизнес мүддесі үшін тиімді пайдаланылуына игі ықпал етуі керек.

Жанат Ардақ


Atameken Business Telegram каналына жазылып, маңызды ақпараттардан бірінші болып құлағдар болыңыз ! 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу