Депутаттар былтыр "вейптерге және басқасына заңмен тыйым салдық!" деп жаһанға жар салды.
Алайда әлеужеліде қазақстандықтар темекіні қыздыратын жүйелердің ірі сауда ойын-сауық орталықтарында, маманданған дүкендерде әлі күнге сатылып жатқанына таңданыс білдіреді, наразылық танытады.
Өйткені мысалы, денсаулыққа қауіпті IQOS пен Glo-ны танымал блогерлер, танымал адамдар ілгерілетуге күш салып, қоймай-қоймай дәріптеп, пиарын келістіруде. Мұның мәнісі неде?
Заң кеңесшісі Марат Әділбектің пікірінше, бұл жерде адамдар екі ұғымды шатастырса керек.
"Депутаттар екі жылдан бері вейп және сол сияқтыларға түпкілікті тыйым салынды деп мәлімдеумен болды. Ал, қоғамның үлкен бөлігі никотині бар бу мен түтін шығаратынның бәрін "вейп" деп түсінеді. Ал, депутаттар оларды екіге бөліп тастады. Мысалы, IQOS – темекіні қыздыруға арналған жүйе болып табылады. Ол вейптердегі сияқты картриджге құйылған түрлі сұйықтықты емес, темекісі, дәмдеуіштері, глицерині, пропиленгликолі және басқасы бар арнайы IQOS стиктерін пайдаланады. Жалпы, вейп та, айкос та денсаулыққа зиян және қауіпті. Бірақ неге екені белгісіз, депутаттар тек біріншісіне ғана толық тыйым салды", – деді заң маманы.
Ел Парламенті былтыр "Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы" кодексіне енгізген түзетулерге сәйкес, тек "шегілмейтін темекі бұйымдарын, электрондық тұтыну жүйелерін (ЭТЖ, вейптерді), оларға арналған хош иістендіргіштер мен сұйықтықтарды әкелуге, өндіруге, сатуға және таратуға тыйым салынады" (Денсаулық кодексінің 110-бабының 9-тармағы).
Ал, IQOS пен Glo "темекі қыздыруға арналған жүйелерге" (ТҚАЖ) жатады. Депутаттардың заңымен оны елге импорттауға және сатуға тыйым салынбады. Тек 21 жасқа толмағандарға сатпаса болғаны.
Денсаулық кодексінің аталған 110-бабының 2-тармағына сәйкес, бұдан былай темекі бұйымдарын, оның ішінде қыздырылатын темекісі бар бұйымдарды, қорқорға арналған темекіні, қорқор қоспасын, темекі қыздыруға арналған жүйелерді:
- 21 жасқа дейінгі адамдарға сатуға;
- 18 жасқа толмаған адамдардың сатуына;
- сатушының тікелей қатысуынсыз, сауда автоматтары, өзге де электрондық немесе механикалық құрылғылар арқылы сатуға;
- өнім сапасын растайтын тиісті құжаттарсыз;
- оны тұтынудың және никотиннің зияны туралы ескерту жазылмаса, сатуға тыйым салынады.
Осылайша, өзгеріс енгізілген заңнама бойынша Қазақстанда электрондық тұтыну жүйелері (ЭТЖ, вейптер) жан-жақты және түпкілікті тыйымға ілікті, ал, IQOS пен Glo сияқты "темекі қыздыруға арналған жүйелер" (ТҚАЖ) әрі қарай сатыла береді. Депутаттардың көмегімен бәсекелес-бақталасынан құтылған бұлардың саудасы мен жарнамасының ары қарай қызуының бір мәнісі сонда екен.
Осы орайда Маңғыстау облысы бойынша Мемлекеттік кірістер департаменті вейптермен күрес аясында Қазақстанда аса қатаң жауапкершілік енгізілгенін түсіндірді.
"2024 жылғы 19 сәуірде Мемлекет басшысы "ҚР кейбір заңнамалық актілеріне денсаулық сақтау мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" заңына қол қойды. Жаңа заң 2024 жылғы 20 маусымда күшіне енді. Бұл құжат "Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы" кодексіне елеулі түзетулер енгізді", – деп мәлім етті мемкірістер органы.
Атап айтқанда, денсаулық кодексінің 110-бабы енді келесі өнімдерді Қазақстанға шетелден әкелуге, сондай-ақ ел ішінде өндіруге, сатуға және таратуға қатаң тыйым салды:
- шегілмейтін темекі бұйымдарын,
- электрондық тұтыну жүйелерін (вейптерді),
- вейптерге арналған хош иістендіргіштерді,
- вейптерге арналған сұйықтықтарды.
Сондай-ақ, ведомство ТҚАЖ-ға да тыйым бар екенін еске салды, бірақ ол тыйым талапқа сәйкес келмейтін "Айкостарға" ғана таралады.
Атап айтқанда, денсаулық кодексінің 110-бабының 8-тармағы бойынша "халықтың санитариялық-эпидемиологиялық саламаттылығы саласындағы меморган айқындайтын, құрамындағы никотин мен шайырлы заттардың шекті жол берілетін деңгейінен асып түсетін қыздырылатын темекісі бар бұйымдарды, қорқорға арналған темекіні, қорқор қоспасын, темекі қыздыруға арналған жүйелерді әкелуге, өндіруге, сатуға және таратуға тыйым салынады".
Ал, егер никотин мен шайырлы заттары шекті жол берілетін деңгейден асып түспесе, әкелуге тыйым салынбайды.
Мемлекеттік кірістер департаменті елде вейптерді сатушыларға, өндірушілерге, шетелден әкеліп таратушыларға қатысты қылмыстық жаза қатайтылғанын ескертті.
"Осы айтылған өзгерістермен қатар, Қылмыстық кодекске аталған тыйымды бұзғаны үшін жауапкершілікті белгілейтін жаңа 301-1-бап енгізілді. Вейптерді сату және тарату үшін әкімшілік салдарлар ғана емес, қылмыстық қудалау болады", – деді меморган мамандары.
Шегілмейтін темекі бұйымдарын, электрондық тұтыну жүйелерін (ЭТЖ, вейптерді), оларға арналған хош иістендіргіштер мен сұйықтықтарды сатқандар және таратқандар:
- 200 АЕК-ке (2025 жылы – 786 400 теңгеге) дейінгі мөлшерде айыппұлмен жазаланады,
- немесе 200 АЕК мөлшерінде түзеу жұмыстарына тартылады,
- немесе 200 сағатқа дейін қоғамдық жұмыстарға жегіледі,
- немесе 50 тәулікке дейінгі мерзімге қамаққа алынады.
Аталған өнімдерді елге әкелгендер, елде өндіргендер:
- мүлкі тәркіленіп немесе онсыз, 2 000 АЕК-ке (биыл – 7 864 000 теңгеге) дейінгі мөлшерде айыппұл арқалайды,
- немесе 2 000 АЕК мөлшерінде түзеу жұмыстарына тартылады,
- немесе 600 сағатқа дейін қоғамдық жұмыстар атқаруға тиіс,
- немесе 2 жылға дейінгі мерзімге бас бостандығы шектелуі,
- немесе 2 жылға бас бостандығынан айыруға жазалануы мүмкін.
Егер осы қылмыстық бәрін қылмыстық топ жасаса, қылмыс аса ірі мөлшерде кіріс алуымен ұштасса немесе бірнеше рет қайталанып жасалса, онда айыптылар:
- мүлкі тәркіленіп, 5 000 АЕК-ке (19 660 000 теңгеге) дейінгі мөлшерде айыппұл төлейді,
- немесе 5 000 АЕК мөлшерінде түзеу жұмыстарын жүзеге асырады,
- немесе 1 200 сағатқа дейінгі мерзімге қоғамдық жұмыстарға тартылады,
- немесе 5 жылға дейінгі мерзімге бас бостандығы шектеледі,
- немесе мүлкі тәркіленіп, 5 жылға темір торға қамалады.
Мемкірістер департаменті Қазақстан азаматтары мен шетелдіктерді және кәсіпкерлік субъектілерін қатаң қылмыстық жауапкершілікке ұрынбау үшін заңнаманың жаңа талаптарын қатаң сақтауға шақырды.
Өз кезегінде, Бас прокуратура да электрондық тұтыну жүйелерінің (вейптердің) заңсыз айналымына қатысты мәлімдеме жасады, шетелден енді тіпті 1 вейпті де әкелуге болмайды!
Қадағалаушы орган Қаржылық мониторинг агенттігімен бірге, вейптердің заңсыз әкелінуі үшін жауапкершілік мәселелеріне арналған ведомствоаралық кеңес өткізді.
"2024 жылы қабылданған "ҚР кейбір заңнамалық актілеріне денсаулық сақтау мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" заңына сәйкес, Қылмыстық кодекс вейптерге, хош иістендіргіштерге және оларға арналған сұйықтықтарға, сондай-ақ темекі шекпей тұтынатын темекі өнімдеріне қатысты жауапкершілікті көздейтін 301-1-баппен толықтырылды. Аталған баптың екінші бөлігіне сай, санына (!) қарамастан, вейптерді ел аумағына әкелу үшін қылмыстық жаза көзделген", – деп мәлімдеді Бас прокуратура.
Ведомствоның дерегінше, 2025 жылдың басынан бері вейптерді әкелудің 16 фактісі тіркеліп, оның 9-ы сотқа жолданды. Қалғандары бойынша тергеп-тексеру жұмыстары жүргізілуде.
"Мысалы, 24 жастағы қазақстандық қыз шетелден өзімен бірге 5 вейпті әкелгені үшін сот алдында жауап берді. Аудандық соттың үкімімен ол 1 жылға бостандығын шектеу жазасына сотталды. Жүргізілген талдау көрсеткендей, вейптерді елге әкелу үшін қылмыстық жазаның барын азаматтар білмейді. Осыған байланысты Бас прокуратураның тапсырмасымен көлік прокурорлары әуежайларда, вокзалдарда, кеден бекеттерінде ауқымды түсіндіру акцияларын жүргізді", – деп хабарлады Бас прокуратура.
Нақтылағанда, баннерлер мен бейнероликтер орналастырылып, вейптерді өз еркімен тапсыру үшін арнайы жәшіктер орнатылған. Яғни, егер сіз шетелде түріне қызығып, кәдесый ретінде, немесе әлдекімге сыйлауға вейп сатып алсаңыз, сотталып кетпеу үшін дереу құтылыңыз! Әуежай не шекарадағы бақылаудан өткенге дейін қоқыс жәшігіне лақтырсаңыз, оңай құтыласыз.
Біраз адам солай істегенге ұқсайды. Қадағалаушы басты органның сендіруінше, ақпараттық науқан басталғалы азаматтар мен туристердің вейптерді әкелуі бойынша жаңа қылмыстық іс тіркелмеген.
"Прокуратура еске салады: Қазақстан аумағына вейптерді әкелу – санына қарамастан – қылмыстық құқық бұзушылық болып табылады және Қылмыстық кодексінің 301-1-бабының 2-бөлігіне сәйкес, екі жылға дейін бас бостандығынан айыру түріндегі жаза көзделген!", – деп қайталады Бас прокуратура.
Осылайша, тек вейптерге, қорқор-кальяндарға және электронды сигареттерге ғана толық тыйым салынды. Оларды шетелден, тіпті көрші елдерден әкелуге мүлдем жол берілмейді.
"Темекіден азат Қазақстан үшін" ұлттық коалициясының мәліметінше, тыйым енгізілгелі, елде 800-ге жуық мамандандырылған вейп-дүкендер мен 8 мыңдай дүңгіршектер жабылды.
Ұлттық статистика бюросының 2025 жылғы сауалнамасына сәйкес, қазіргі уақытта Қазақстан халқының 17,5%-ы шылым шегеді. Көк түтінді бұрқырататындардың үлесі еңбекке қабілетті халық арасында жоғары: шылымқорлардың үлесі 15–17 жаста – 3,6%, 18–28 жаста – 11,2%, 29–38 жаста – 19,3%, 39–48 жаста – 22,7%, 49–59 жаста – 23,6%, 60 жастан егделер арасында – 10,6%.
Дегенмен, халық, оның ішінде жастар арасында IQOS, Glo сияқты темекіні қыздыруға арналған жүйелерді (ТҚАЖ) тұтынудың жылдам өсуі ең қауіпті үрдіске айналды. Мәселен, Euromonitor мәліметінше, соңғы онжылдықта Қазақстанда ТҚАЖ сатылымы 22 есе ұлғайып, 5 миллиард стикке жеткен.
Ресей ғылым академиясының қызметкері, невролог Кирилл Николайчуктың түсіндіруінше, ТҚАЖ-дар ауыр жүрек-қан тамырлары патологияларына, соның ішінде инсульт немесе инфарктқа соқтыруы, онкологиялық дерттер қаупін арттыруы мүмкін.