Мобилизациядан Қазақстанға қанша миллион ресейлік қашып кірді?

4943

Кремль Украинамен соғысуға тіпті әйелдерді де аттандырады.

Мобилизациядан Қазақстанға қанша миллион ресейлік қашып кірді?

Ресей жақтан шекарада көп километрлік кезек қалыптасты, сансыз көлік кептеліп тұр. Олардың ішінде бір тәуліктей күтіп, жамбасы тесілген жолаушылар көлікті тастап, шекарамызды жаяу-жалпы кесіп өтуде. Орал қаласында барлық қонақүй босқын орыстарға толғаны хабарланды. Алматыда жалға берілетін үйлердің аренда бағасы аспанға шарықтап кетті.

"Орыс әлемімен" бірге болу үшін кезінде РФ азаматтығын алған, бірақ Қазақстанда қалған экс-отандастар кешелі бері Астанадағы Тәшенов көшесінде орналасқан РФ елшілігін шабуылдап жатыр. Бәрі Ресейдің тышқақ түсті паспортынан кенет жиреніп, одан тезірек арылғысы келеді. Одан арылмай, Қазақстан азаматтығын қайта ала алмайды. РФ елшілігі оларды аптасына бір рет, сәрсенбіде ғана қабылдайтын болыпты. Қалаларымыздағы ХҚКО-лар да РФ азаматтарына толы. Уақытша және тұрақты тұру ықтиярхатын жанталаса рәсімдеу үстінде.

Оның себебі де бар. РФ президенті жанындағы Адам құқығы кеңесінің мүшесі Кирилл Кабанов Ресей азаматтығын алған, бірақ РФ аумағына көшпеген азаматтарды Ресей армиясына қызмет етуге міндеттейтін бастама әзірленіп жатқанына анонс жасады. Яғни егер РФ паспортын алған қазақстандық мобилизацияға қатысудан бас тартса, өзі ғана емес, отбасы мүшелері де РФ азаматтығынан шығарылады. Осы арқылы әйелдерді өз күйеулерін соғысқа аттануға итермелеуге түрткі жасалмақ. Кабанов бұл бастаманы Қазақстан, Қырғызстан, Тәжікстан және Өзбекстанның ресейлік соғысқа әскерін қоспағанына "сайма-сай жауап" деп атады. Дегенмен біздің ресейшілдер қазір көршінің азаматтығынан арылуға өзі асық болып отырғандай.

Ресейден шұғыл эмиграциялануға көмектесетін "Гайд в свободный мир" бірлестігінің жетекшісі Ира Лобановская соғыстан қашқан адамдардан қорықпауға болады дегенді айтып қалды: "Олардың көбі Украинаға қарсы қару кезенгісі келмейтін пацифистер". Бірақ арасында бұған дейін "Дядя Вованы" қызу қолдаған, Украинадағы бейбіт тұрғындарды қырған зымырандарға қол соққан, соның бәрін сырттай қызық көрген, бірақ енді қанды қырғын кенет монитордан тасып төгіліп, өзіне тірелгенде, артын қысып, тырқырай қашған "Z"-құмарлар көп болуы да мүмкін. Әлеуметтік желіде пікір білдірген қазақстандықтар ертең олар өзіне-өзі келіп алған соң теріс идеологиясын таңа бастауы мүмкін деп қауіп қылады. Немесе түрлі чаттар мен пабликтер арқылы бірігіп, бір жерге шоғырланып, кейін автономия сұрауы да ықтимал деген алаңдаушылық бар.

Құзырлы органдар бұл мәселеге байланысты түсініктеме бермей тым-тырыс отыр. Парламент те бас бұғып қалды. Тек Сенат төрағасы Мәулен Әшімбаев пен Мәжілістің бірлі-жарым депутаты ғана қоймай қолқалаған журналистермен тілдесті.

Мысалы, Мәжіліс депутаты Бақытбек Смағұл елді мазалаған сұрақтарды құзырлы органдарға бағыттап, мәселе көтергенін айтты.

Оның мәліметінше, әуе жолдары арқылы ресейліктер көп келе алмайды. Мониторинг көрсеткендей, мысалы, елордаға бір тәулікте көршіден 600 адамдай келген.

"Бізді алаңдатып отырғаны – құрлық жолдары. 2020 жылы Қазақстан коронавирусқа бола шекараларды жауып, тек биылғы 11 сәуірде ғана ашты. Сондай тәсілді бұл жолы қолдануға болады. Польша, Латвия сияқты еуропалық елдер шекараларын жапты. Егер Үкімет шекарадағы өткізу бекеттерін толық жаба алмаса, онда 65 жасқа дейінгі РФ ер азаматтарын іріктеп, кері қайтаруға болады. Негізі, жұмылдыру жөніндегі федералдық заңы бойынша РФ өз шекараларын мұндай азаматтар үшін өзі жабуға тиіс еді. Оған бармады. Бірақ қазір шектеулерді бірте-бірте енгізеді деген ақпарат бар. Біздің құқық қорғау органдары жағдайды ұдайы бақылап отыр. Жоғарыда жауапты тұлғалар бас қосып, осы мәселені талқылап жатыр. Шекараға бекем болуға тиіспіз. Өйткені Ресейдегі жағдай алда ушығуы ықтимал", – деді Бақытбек Смағұл.

Ол Қазақстанға келген Ресей азаматтары туралы өзекті ақпаратты ұсынды. Сонымен 2022 жылғы 21 қыркүйектегі жағдай бойынша Қазақстанға жыл басынан бері Ресей Федерациясының жалпы саны 1 млн 656 мың 252 азаматы келген. Яғни биыл 3,6 есеге күрт артты. 2021 жылғы ұқсас кезеңде 453 788 РФ азаматы келген еді.

Бірақ ресейлік босқындардың басым көпшілігі Қазақстанды аралық хаб, транзиттік ел ретінде қарастыратыны, шамалы тұрақтап, өзге елдерге кететіні байқалады. Сондай-ақ қаржысы таусылған соң Ресейіне кері оралғандар жетерлік. Нәтижесінде, жыл басынан бері 1 млн 643 мың 537 Ресей азаматы Қазақстаннан кетіп қалды (былтыр – 457 260). Осы қарама-қарсы құбылыстар сәл де болса тепе-теңдіктің сақталуына мүмкіндік берген. Әйтпесе, Қазақстан халқына қосымша аз уақыт ішінде 1,7 миллион босқын келіп қосылса, мемлекетке көтере алмас ауыртпалық түсіп, елде алапат миграциялық дағдарыс басталатын еді. Мұндай тасқын бірден көзге түсері сөзсіз. Мысалы, 83 миллион халқы бар Германия Сириядан жалпы саны 534 мың босқынды қабылдады. Соның өзінде германдықтар бұл ауыртпалықты анық сезінді.

Сонымен әзірге Қазақстанға келген ресейліктер кеткен ресейліктерден 12,7 мыңға асып түсті. Былтыр керісінше, теріс сальдо орнаған. Яғни қазір ресейлік босқындардың қатары қаптай бастағаны аңғарылады. Б.Смағұл құзырлы органдардан алған мәліметке сілтеме жасай отырып, Путин мобилизация жариялаған 21 қыркүйекте, яғни бір тәуліктің ішінде Қазақстанға 10 300 РФ азаматы кіргеніне назар аудартты.

2022 жылғы 12-21 қыркүйек аралығында Қазақстанға келген РФ азаматтарының саны:

  • 12 қыркүйек – 7 760;
  • 13 қыркүйек – 8 869;
  • 14 қыркүйек – 8 279;
  • 15 қыркүйек – 9 786;
  • 16 қыркүйек – 11 146;
  • 17 қыркүйек – 11 976;
  • 18 қыркүйек – 9 275;
  • 19 қыркүйек – 8 745;
  • 20 қыркүйек – 8 560;
  • 21 қыркүйек – 10 300.

Ресей сарапшылары, МемДума депутаттары қорғаныс министрлігінен мобилизация жариялауды соңғы он-он бес күнде тегеурінді талап еткен. Тиісінше, осы кезде әскерге шақырылатын ресейліктер Қазақстанға қаша бастағанға ұқсайды. Себебі тіпті пандемияға дейінгі жылдардың өзінде күнделікті орта есеппен 4 830 ресейлік келіп, 5 348-і кететін.

Ресми ақпаратқа сәйкес бүгінде Қазақстанда 196 940 ресейліктер уақытша тұрады. Бұдан бөлек, 64 935 Ресей азаматы тұрақты тұрып жатыр, оның ішінде 6 398-і Ресейден келген қандастар.

Депутаттың дерегінше, тұрақтаған ресейліктер келесі аймақтарымызды таңдады:

Қарағанды облысы – 9 877 адам (15%);

Алматы қаласы – 7 684 (12%);

Шығыс Қазақстан облысы – 7 415 (11%);

Қостанай облысы – 5 456 (8%); 

СҚО – 4 734 (7%);

Ақтөбе облысы – 3 168 (5%); 

Астана қаласы – 4 391 (8%); 

Павлодар облысы – 4 361 (7%); 

Батыс Қазақстан облысы – 3 961 (6%); 

Маңғыстау облысы – 2 922 (4%);

Атырау облысы – 1 728 (2%);

Алматы облысы – 1 602 (8%);

Жамбыл облысы – 1 241 (2%);  

Шымкент қаласы – 1 127 (1%); 

Түркістан облысы – 600 (0,9%);

Қызылорда облысы – 152 адам (жалпы санының 0,2%-ы).

Сарапшылар Ресейде билік ауысса, босқындар легі сап тыйылуы мүмкін деп болжайды. Әрине, Путин орнын жаңа қандықол диктатор баспаса.

РФ қорғаныс министрі Сергей Шойгу тек запастағы әскерилер, бұрын Қарулы күштерде қызмет атқарған солдаттар, әскери мамандықтарды игергендер ғана соғысқа алынатынын мәдімдеді. Оның дерегінше, шамамен 300 мың адам шақырылады. Бірақ бұған ресейлік сарапшылар сенбейді. Себебі Шойгудың айтып отырғаны 2022 жылғы 21 қыркүйекте Кремль сайтында жарияланған "Ресей Федерациясында ішінара мобилизация жариялау туралы" жарлығында жоқ.

Оның үстіне осы жарлықтың 7-бабы құпияландырылып, жария басылмады. Оның мәнісін журналистер Путиннің баспасөз хатшысы Дмитрий Песковтан сұраған, ол мұның құпия екенін алға тартып, комментарийден бас тартты. Сарапшылар онда соғысқа нақты қанша адам мобилизацияланатыны жазылған деп болжайды. Мысалы, бірнеше миллион адам әскерге әкетілуі мүмкін. Бұл ретте ГосДума шұғыл заң қабылдап, әскерден қашқандарға он жыл соттау жазасын енгізді. Яғни қазір Қазақстанға босыған ресейлік еркектер үшін кері оралуға есік тарс жабылуы ықтимал. Қайтса, қамауға алынады.

Әскерден қашқандарды қорғайтын "Агора" халықаралық құқық қорғау тобының заңгері Александр Передрук DW-ға сұхбатында қандай азаматтар мобилизацияға ілігетінін түсіндірді.

Бірінші лекте 35 жасқа дейінгі солдаттар, матростар, мичмандар, сержанттар, старшиналар, прапорщиктер, сондай-ақ 50 жасқа дейінгі кіші офицерлер, 55 жасқа дейінгі майорлар, подполковниктер, 60 жасқа дейінгі полковниктер, 1 ранг капитандары, 65 жасқа дейінгі жоғарғы офицерлер, генералдар соғысқа алынады.

Екінші лекте 45 жасқа дейінгі қатардағы жауынгерлер және жоғарыда аталған басқалары, 55 жасқа дейінгі кіші офицерлер, 60 жасқа дейінгі майорлар мен подполковниктер, 65 жасқа дейінгі полковниктер және 70 жасқа дейінгі жоғарғы шенді офицерлер әкетіледі.

Ал үшінші соңғы лекте 50 жасқа дейінгі қатардағы солдаттар және офицерлер тегіс соғысқа аттанады.

Әйелдер үшінші лекке ілігеді. Офицер шеніндегілері 50 жасқа дейін, қалғандары 45 жасқа дейін мобилизацияланады.

РФ Қорғаныс министрі Сергей Шойгу Ресейдің мобилизациялық ресурсы бүгінде 25 миллион адамды құрайтынын жариялады. Соған қарағанда қатты азайған. Себебі Уикипедия энциклопедиясында 2009 жылы РФ мобилизациялық ресурсы 31 млн адамды құрады деп жазылған.

Путиннің жарлығында әскерге алынатындардың нақты санын қорғаныс министрлігі анықтайтыны көрсетілген. Тиісінше, қандай мерзімде қанша еркекті майданға тоғытамын десе де соның еркінде. Демек бұл жерде ішінара, яғни шектеулі емес, толыққанды мобилизация жүруі ғажап емес.

Олай болса, соғыс тоқтамай, Мәскеуде демократиялық билік орнамай, Қазақстанға ағылатын ресейлік босқындар легі тек арта бермек.

Украина Қарулы күштерінің Бас қолбасшысы Валерий Залужный Кремльдің мобилизация жариялауына үн қатты. Ол агрессордың ешқандай қадамы украиналықтардың еркіндік үшін күресін тоқтата алмайтынын, "ерікті немесе мобилизация арқылы Украина жеріне қару асынып келген барлық жауды жер жастандыратындарын" мәлімдеді.

Украина жағының бейресми деректері бойынша қазір Украина армиясы қатарында 700 мыңдай Отан қорғаушы дұшпанмен арпалысуда.

Жанат Ардақ

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу