Оқ-пойыздар келешекте ұшақтардан да озуы мүмкін

4575

Қытайда зымыран-пойыздар үшін теңіз түбінде ондаған шақырым теміржол салынып, тіпті "ұшатын пойыз" жасау жоспарланып отыр.

Оқ-пойыздар келешекте ұшақтардан да озуы мүмкін

Қытайдың оқ пойыздар саласы онсызда қарқынды дамып келеді. Енді сол теміржол көлігі үшін су астынан рельс тартылайын деп жатыр. Ол Шанхайдың оңтүстігіндегі Нинбо порты мен шығыс жағалаудағы Жоушон қаласын жалғастырмақ. Ұзындығы – 77 шақырым. Соның 16,2 шақырымы  теңіз түбінен өтеді. Мұны Дүниежүзілік экономикалық форумның порталы желтоқсанның алтысында хабарлады. Оның мәліметінше, бұрын аталған екі қала ортасындағы жолға автобуспен 4 жарым сағат, жеңіл машинамен 2 сағаттай уақыт кететін. Ал зымыран-пойыздар бұл қашықтықты сағатына 250 шақырым жылдамдықпен 80 минутта жүріп өтпек.

Айта кету керек, қытайлық оқ-пойыздар тездігі жағынан қазір шетелдік бәсекелестеріне есе жіберіп тұр. Мысалы Францияның TGV-сы мен Жапонияның "Шинкансені" сағатына 350 шақырым жолды артқа тастайды.

Сонымен қатар жапонның ұзындығы 54-шақырымдық Сейкан туннелінің 23 километрі теңіз табанымен өтеді. Ал Франция мен Ұлыбритания арасындағы 50-шақырымдық "Ла-Манш" туннелінің 38 шақырымы су астында салынған.

Қарқынды даму
Дегенмен Қытай жүрдек пойыздарға рельс салудан әлем бойынша көш басында тұр. Мұнда осындай жолдың 12,500 шақырымы (кейбір мәліметтерге қарағанда – 25 мың шақырым) тартылған. Үкімет оның ұзындығын 2025 жылы 38 мың шақырымға жеткізуді жоспарлап отыр.

Бейжің зымыран пойыздарға арналған жол құрылысын экономиканың қарқынынан қалдырмай күшейтуге бекінген. Ал Бохай бұғазында әлемнің ең ұзын туннелі салынады. Онда су астынан өтетін теміржолдың ұзындығы Франция мен Ұлыбритания арасындағы канал түбіндегі рельстен екі жарым есеге ұзын болмақ.

Сағатына 4 мың шақырым ба?
Қытай өз пойыздарының жылдамдығын арттыруды көздеп отыр. Осы аптаның басында China Railway Corp мемлекеттік компаниясының технология және ақпарат департаменті басшысының орынбасары Ки Яньху мәлімдегендей, жүрдек пойыздардың жылдамдығын күшейту жолдары қарастырылып жатыр. Ал өткен жылы мұнда локомотивтердің жаңа толқыны таныстырылды. Олардың жылдамдығы - сағатына 350 шақырым. Бұл пойыздар алыс қашықтыққа зымыраудан әлемде көш бастап тұр.

Автомобиль миллиардері Ли Шуфудың Geely Holding Group компаниясы Қытай аэроғарыштық ғылым және индустрия корпорациясымен (CASIC) бірігіп, қараша айында "ультрадыбыстық пойыздар" концепциясын зерттеуге кірісті. Бұл технология бойынша, магниттік жастықтар пойыз табанының рельске үйкелмей жүруін қамтамасыз етеді. Дегенмен тараптар Чжухай қаласында өткен аэроғарыштық конференцияда қол қойған келісімде бұл  пойыздың қашан дайын болатыны және оның бағасы қанша тұратыны айтылған жоқ.

Екі жақ "ультрадыбыстық пойыздың" жылдамдығын алғашқы кезде сағатына 1 мың шақырым, кейін технологиялық мүмкіндік болса, 4 мың шақырымға жеткізуді көздеп отыр. Ал CASIC жаңа жолаушылар көлігін "жер бетімен ұшатын" деп атады.

"Негізгі технология сатып алынбауы керек. Иә, өзгенің технологиясын неғұрлым көп қолдансақ, соғұрлым сенімді болатын шығармыз. Алайда біз өз инновациямызды өзіміз енгізуіміз керек. Бұл сапар қиындау болар, бірақ одан көп үміт күтеміз", – дейді Ли Шуфу Қытайда өткен халықаралық  авиация және аэроғарыш көрмесінде.

Транспорттың мұндай түрін жасау идеясы Американың Tesla және SpaceX компанияларының негізін қалаушы Илон Масктен келді. Ол 2012 жылы технологиялық конференцияға бара жатып, кептелісте тұрып қалған.  Сол оқиғадан кейін магнат Маск Hyperloop деп аталатын мегажылдам транспорт технологиясын жасауды ұсынды. Бұл капсула құбырдың ішімен сағатына 1200 шақырым жүріп, мәселен, Астанадан Алматыға ұшақтан да тез жетіп барады. Қазір әлемде осындай көлік үшін құбырлар салынып, сынақ жүргізіліп жатыр.

Арыстан Рысбек

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу