Отандық ұшақтарды сарапшы "қауіп" дейді, ал шенеуніктер дәріптейді

976

 Кейінгі 15 жылда елде 28 әуе апаты тіркелген.

Отандық ұшақтарды сарапшы "қауіп" дейді, ал шенеуніктер дәріптейді Фото: inbusiness.kz

Қазақстанда әуе тасымалының қауіпсіздігі жыл сайын жақсарып келе жатқанымен, азаматтардың әуе апатынан қаза болған жағдайлары жалғасып жатыр. Өткен аптада ғана Қарағанды облысында әуе апатынан оқу-жаттығуға арналған ұшақ апатқа ұшырап, екі адам қаза тапты. Өңірде екі адамның өмірін қиып кеткен әуе апатына қоғам тарапы бұрынғыдай өткір реакция білдіріп, қайғылы жайтты қызу талқыға айналдырған жоқ. Алайда әуе қозғалысы қауіпсіздігіне қоғам мен билік тарапынан қашан да жіті назар болуы керек.

Айта кетерлігі, тура төрт жыл бұрын Доскей ауылына жақын жерде орналасқан дәл сол авиациялық оқу-жаттығу орталығында жеңіл моторлы ұшақ қонар кезде апатқа ұшыраған. Соның да салдарынан экипаждың екі мүшесі – пилот-нұсқаушы мен курсант қаза болған.

"Қазақстанның ұшақтарымен ұшуға қорқамын"

Таяуда ҚазТаг агенттігіне сұхбат берген авиация сарапшысы Абыл Кекілбаев Қазақстанның авиация саласындағы жағдайға баға берген. Ол ұшқыштар мен авиадиспетчерлердің даярлығына күмән келтірді.

"Өз басым біздің ұшақтармен ұшудан қорқамын, себебі біздің ұшқыштар қалай даярланып жатқанына, авиадиспетчерлердің жұмысқа қалай жіберілетінін білемін. Біздегі басты проблема – саланы авиаторлардың басқармайтынында. Жаңа министрлік құрды, ал жарты ай өтсе де, құрылымды жасақтап әлі үлгерген жоқ. Адамдар әлі лауазымына тағайындалып бітпеді. Ал керемет кәсіби көлікшілер міне осылар деп тағы ешкімді көрсете алмаймын", – дейді Кекілбаев журналист Әсет Матаевқа берген сұхбатында.

Сарапшының пайымдауынша, Көлік министрлігін басқаратын Марат Қарабаев алдымен жұмысты дұрыстап ұйымдастыруы керек.

"Ал біз басқа біреулерді қашан тағайындалады деп күтіп, олардың арасында өз мамандарымыз бола ма деп елегізіп отырамыз. Олардың бәрі араб елдеріндегі кеңесшілер, техникалық мамандар. Біздегі әуе компанияларының, басқа да ұйымдардың отандық мамандарға деген қарым-қатынасы жайлы ештеңе демей-ақ қояйын. Не себепті біздің ұшқыш басқа елдердің ұшқышынан кем деп ойлайды? Біздің мамандардың кәсіби біліктілігі төмен десек, не себепті басқа мемлекеттер біздің мамандарды өзіне тартқысы келеді", – дейді ол.

Авиасарапшы сонымен қатар Қазақстан билігі мақтанатын ірі әуежайларда сапалы әрі жақсы қызмет көрсетіліп жатпағанын, авиаотын бағасын реттей алмай отырғанын сынайды. Көп әуежайдың ұшу-қону жолағы әлі күнге дейін жөнделмей жатқанын, сонымен қатар совет заманынан бері келе жатқан техникалар әлі қолданыста екенін атап өтеді.

"Бізде, өкінішке қарай, олигополия нарығы өз ережесін таңып қойған. Біздің авиация билігі соларға бейімделіп, орасан зор бенефитін алып отыр. Ал әуе компаниялары қаншалықты бенефит алып отырғанын біз білеміз. Өкінішке қарай, жолаушылар бізде әуе компанияларының пайдаға қатысты шешіміне бола уақыты мен қаржысын шығындауға мәжбүр", – деп сынайды ол салаға жауапты шенеуніктерді.

"Қайырлы күн, құрметті ағайын"

Өткен аптаның соңында жаңадан құрылған Көлік министрлігінің басшылары баспасөз мәслихатын өткізіп, журналистердің басын қосқан. Министр Марат Қарабаевпен бірге жиынға Азаматтық авиация комитетінің басшысы Талғат Ластаев та келді. Салаға жауапты шенеуніктердің алдына авиасарапшылардың сыны журналистер тарапынан кесе-көлденең тартылған. "Неге? Не себепті" деген сұрақтарға алдымен министрдің өзі жауап берді.

"Мен авиация саласында бір мәселені атап өткім келеді. Қазір Air Astana әуе компаниясында бас ұшқышына дейін біздің елдің азаматтары. Күні кеше Қытайдан ұшып келе жатқанда да сондағы бас ұшқыш жолаушыларға арналған сөзін "Қайырлы күн, құрметті, ағайын" деп бастады. Әрине, құлаққа жағымды естіледі. Әуе компаниялардың ұлттық кадрларға көңіл бөліп отырғаны, соның ішінде қазақтың ішінен бас ұшқыштың шығып жатқаны қуанатын жағдай. Бәрі мінсіз деген әңгіме жоқ. Кемшілік барлық салада бар. Оның ішінде біздің салада да. Бәрі орнымен түзеледі", – дейді Марат Қарабаев.

"Ұшудан мүлде қорықпаймын"

Ал Азаматттық авиация комитеті Талғат Ластаев сарапшылардың сынынан бұрын халықаралық ИКАО (Халықаралық азаматтық авиация ұйымы) көрсеткішіне маңыз беру керек деп есептейді. Оның сөзінше, ұйым Қазақстанның әуе қауіпсіздігі деңгейін 82 пайыз деп көрсеткен. Осыны негізген алған ол бұл көрсеткіш – Батыс Еуропа мемлекеттерімен бірдей екенін атап өтеді.

"ИКАО тәуелсіз ұйым екенін білесіздер. Әлбетте, еліміздің әуе қауіпсіздігі жөнінде әртүрлі сарапшы әртүрлі пікір айтылады. Алайда объективті бағалауды бізге халықаралық тәуелсіз ұйым беріп отыр. Сол себепті біздің әуе компаниялары өте қауіпсіз деңгейде халықаралық стандартқа сәйкес жұмыс істейді", – дейді ол.

Ластаевтың айтуынша, отандық кадр қазір дайындалып жатыр.

"Air Astana әуе компаниясында 90-100-ге тарта шетелдік ұшқыштар бар. Бірақ олардың саны жыл сайын азайып бара жатыр. Әуе компанияларымыз Air Astana , Scat, Qazaq Air болса да, ұшқыштарды шетелге жіберіп, осы жақта дайындап даярлап жатыр. Сондықтан отандық компаниялармен ұшудан мүлде қорықпаймын", – дейді.

Кейінгі 15 жылда әуе апаттары 148 адамның өмірін қиған

Жалпы статистикаға сүйенсек, кейінгі 15 жылда елде 28 әуе апаты тіркелген. Осы қайғылы жайттар 148 адамның өмірін қиып кетті. Әуе апаттарының ең ірісі 2012 жылдың 25 желтоқсанында болып, ҚР Ұлттық қауіпсіздік комитетінің Шекара қызметі балансындағы Ан-72 ұшағы құлағанда 27 адам (20 жолаушы мен экипаждың 7 мүшесі) мерт болған еді. Арада бір ай өткеннен кейін, Алматы әуежайының маңында екінші айналым жасаған SCAT ұшағы апатқа ұшырады. Ауа райы қолайсыз жағдайда экипаж жіберген қателіктен 21 адам қайтыс болды.

2019 жылы 27 наурызда Қызылорда облысында қорғаныс министрлігінің тікұшағы құлады. Оның салдарынан Қорғаныс министрлігінің 13 әскери қызметкері опат болды. 2019 жылдың 27 желтоқсандағы әуе апаты 12 адамның өмірін қиды. Шағын авиацияның ұшақтары құлап, биыл 4 адам көз жұмды.

2023 жылдың наурызында Еуропа комиссиясы Қазақстандағы әуе тасымалының қауіпсіздігі жақсарғанын атап өтті. Қазақстан авиация әкімшілігінің есебі мен Азаматтық авиация комитетінің есебін тыңдаған олар Қазақстанның әуе компанияларын Еуропа одағының ұшақ қауіпсіздігі жөніндегі "қара тізіміне" енгізу қисынсыз деп тапқан.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу