Отбасы мүшелерін қоқыс компаниясынан жасырудың тосын схемасы әшкере болды

2503

Үкімет мүлік иелерінің бірлестіктерін (МИБ), пәтер иелері кооперативтерін (ПИК) әр пәтерде қанша адам тұратыны туралы нақты деректерді ұдайы ақпараттық жүйеге енгізіп отыруға міндеттемек. 

Отбасы мүшелерін қоқыс компаниясынан жасырудың тосын схемасы әшкере болды

Мұның не үшін керектігі де ашық айтылды. Коммуналдық қызметтерді жеткізушілер үшін ақпараттық жүйеге ақпараттарды орталықтардырылған түрде жинау.

Осы мақсатта "ҚР кейбір заңнамалық актілеріне тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" жаңа заң жобасы әзірленіп отыр.

Құжат осы күйде қабылданса, Қазақстандағы көпқабатты үйлердегі әр пәтерге қатысты ақпараттардың ғаламат ағыны тасқындайтын болады. Әңгіме "Big Data"-мен (үлкен деректермен) жұмыс жөнінде болып отыр.

"Ақпараттық жүйеге ақпаратты ұсыну бойынша міндеттемені енгізу үлкен деректердің дұрыс аналитикасын қамтамасыз ету үшін қажет. Үлкен деректердің аналитикасы инженерлік желілердегі ысыраптарды анықтап, қысқартуға мүмкіндік береді. Осының арқасында кондоминиум объектісін басқару шығындары, сондай-ақ ортақ мүлікті күтіп ұстаудың операциялық және күрделі шығындары төмендеуге тиіс. Сондықтан ақпаратты ұсыну деректердің толықтығына және оны кейінгі талдаудың сапасына тікелей әсер етеді", – деп хабарлады Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігінің Құрылыс және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық істері комитеті. 

Бұл МИБ/ПИК-терді шығынға отырғызады. Олардан өз ресурстарын ақпараттық жүйеге интеграциялау талап етілмек.

"Көп пәтерлі тұрғын үй басқарушылары, басқарушы компаниялар, сервистік қызмет субъектілері де деректерді беру сервистерін әзірлеп, оларды интеграциялауға тиіс болады. Сонымен қатар деректерді ақпараттық жүйеге ұсынуы керек. Бұларға деректерді беру сервистерін әзірлеп, интеграциялауы үшін 1 айға дейінгі мерзім қажет болады. Осыған байланысты депутаттарға заң жобасында 60 күндік өтпелі кезең белгілеу, яғни осы мерзім өткеннен кейін ғана қолданысқа енгізу бөлігінде түзетулер қабылдау ұсынылады", – деп түсіндірді комитет.

Ведомствоның дерегінше, МИБ/ПИК-тердің өз қызметін жаңа талапқа сәйкес келтіруге, деректерді беру сервистерін құрып, дамытуға арналған шығындары әрбір субъекті үшін 1,05 миллион теңгені құрайды. Бұл шығындарды көп қабатты үйлерді басқару ұйымдары өзі көтермесі сөзсіз. Ауыртпалық тағы тұрғындарға түседі.

Мұның қызығын "ТКШ ҚазОрталығы" деп аталатын ұйым көрмек. Оның құзыры күшейтіледі, активі күрт артады.

"Қазақстандағы барлық тұрғын үй қоры және оларда тұрып жатқан бүкіл тұрғындар туралы ақпарат, олардың энергия ресурстарын тұтынуына, ТКШ объектілерінің ағымдағы жай-күйіне, инженерлік коммуникацияларға қатысты мәліметтер тегіс цифрландырылады. Бұл ақпарат сала субъектілерінің электрондық ресурстары мен ақпараттық жүйелер арқылы пайдаланушыларға қолжетімді болады. Одан әрі үлкен деректер "Е-Шаңырақ" платформасына беріледі. Бұл тұғырнама "Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығын жаңғырту мен дамытудың қазақстандық орталығының" (КазЦентр ЖКХ) сенімгерлік басқаруына беріледі", – деп мәлім етті Құрылыс және ТКШ комитеті.

Комитет мамандарының мойындауынша, "мемлекетте Қазақстандағы тұрғын үй қорының ағымдағы жай-күйі туралы толық көрініс жоқ", бұл "ахуалдың өзгеруіне жедел ден қоюға мүмкіндік бермейді".

Жасыратыны жоқ, аталған өзгерістерді бұрыннан қоқыс тасушы компаниялар ілгерілетіп келеді. Себебі елімізде электр қуатын да, ыстық және суық суды да арнайы есептеуіштер нақты есептеп отырады. Жылу берудің ақысын, ОСИ/МИБ төлемдерін есептеуде пәтерлердің шаршы метрі басшылыққа алынады. Тек тұрмыстық қатты қалдықтар ғана әр пәтерде тұратын тұрғындар санына қарай есептеледі.

Маңғыстау облысында, Ақтау қаласында қалдықтарды жинаумен және шығарумен айналысатын "Caspiy Operating" ЖШС директоры Әділет Пірімқұлов қоқыс шығарушы ұйымдар көптеген қиындыққа тап болғанын жеткізді. Оларды тек мемлекет қана шешіп бере алады.  

Салыстырсақ, қоғамдық көліктерде кондукторларды алып тастап, орнына электронды билеттеу жүйесі енгізілгелі бері жолаушылардың үлкен бөлігі жол ақысын төлеуді доғарған. Артқы есіктің ашылуын күтіп, сол арқылы тегін кіріп, ұялмай еркін шығады. Мұндай "қояндармен" күресудің жолы табылды: кез келген аялдамадан бақылаушылар еніп, жолаушылардың билетінің бар-жоқтығын тексереді. Жол ақысын төлеуден арсыз түрде жалтарғандарға 2 АЕК (6 126 теңге) айыппұл салынуы мүмкін.

Ал қоқыс тасушы ұйымдарда бақылаушы-контролерлар жоқ, оның қызметкерлері әр үйді аралап, онда қанша адам тұратынын біліп, ай сайын халық санағын жүргізе алмайды.  

Сол себепті мемлекет осы қадамға барып отырғанға ұқсайды. Яғни тұрғындардың санағын, дерегін енді МИБ/ПИК жүргізеді.

Қазіргі қымбатшылық заманында қаржы үнемдеу үшін бірқатар пәтер иелері қулыққа басады екен.

"Экологиялық кодекске сәйкес, қатты тұрмыстық қалдықтарды (ҚТТ) шығару тарифін есептеу әдістемесінде тек қана жан басы, адамдар саны негізге алынады. Ендеше әр баспанада қанша тұрғын тұратынын нақтырақ білу маңызды. ҚТТ шығару келісімін бекіту кезінде туындайтын басты бір проблема – баспана қожайындары онда тұрып жатқандардың нақты санын жасырады. Адам санын азайту мақсатында тіпті кейбірін тіркеу-пропискадан уақытша шығарып тастайды. Сондай-ақ eGov.kz порталынан Excel форматында алған файлға фоторедактор арқылы өзгеріс енгізіп, тұрып жатқан адамдарды тізімнен өшіріп тастайды. Екіншіден, отбасылар балаларының санын жасырады: заң бойынша 14 жасқа толмағандарды пропискаға тұрғызу міндетті емес, осыны пайдаланып, тұрғындар оларды тізімде көрсетпейді", – деп айла-шарғы схемаларын айтып берді Әділет Пірімқұлов.

Шынында, ел Үкіметінің 2011 жылғы 1 желтоқсандағы "Ішкі көшіп-қонушыларды тіркеу қағидаларын бекіту және ҚР Үкіметінің кейбір шешімдеріне өзгерістер енгізу туралы" №1427 қаулысына 2020 жылғы 4 ақпанда өзгерістер енгізілді. Ол бойынша 14 жасқа толмағандарды тұрғылықты жерінде тіркеу талабы жойылды.

"Он төрт жасқа толмаған жас балалардың немесе қорғаншылықтағы азаматтардың тұрғылықты жерi болып, олардың заңды өкілдерінің тұрғылықты жерi танылады", – деп жазылған жаңа қаулыда.

Жалпы мемлекет МИБ/ПИК-терді қанша жерден міндеттесе де, әр баспанаға қатысты толыққанды ақпарат ала алмауы мүмкін. Тұрғындардың қаһарына ұшырап, келесі сайлауда орнынан ұшып кетуден қорыққан кондоминум объектісін басқарушылар басым көпшілігінде басыартық батылдық танытпай, тұрғындардың айтқанын орындай салуы ықтимал.   

Сондықтан "Caspiy Operating" ЖШС директоры Әділет Пірімқұлов басқа шешімді ұсынады. Ол әрбір қазақстандыққа қатысты дербес деректер жинақталған "Жеке тұлғалар" мемлекеттік деректер базасы сияқты ақпараттық жүйелерге коммуналдық кәсіпорындар кіре алмайтынын айтады. Содан олар пәтер қожайындары ұсынған мәліметтерге сенуге мәжбүр болады екен.   

"Жеке тұлғалар базасынан әр пәтерде тіркелген тұлғалар туралы мәліметтерді өз бетімізше ала алмаймыз. ХҚКО-лар да бізге ондай мәліметтерді бермейді. Қазіргі кезде көрші елдің Петербор қаласы коммуналдық қызмет үшін ақыны тұрғын үйдің шаршы метрлеріне сай есептеуге көшіп жатыр. Қазақстан қатты тұрмыстық қалдықтардың тарифін баспананың тұрғын ауданына сәйкес есептеу әдістемесіне көшкені жөн. Сонда бұл қалалар мен аудандардың тазалығы проблемасын шешер еді", – деді Ә.Пірімқұлов.

Әрине, тұтынушылар да түрлі айла-тәсілге ауқаттан ықылық атқаннан, қызық көріп еріккеннен барып отырған жоқ. Ұзақ жылға созылған экономикалық дағдарыс, елдің аста-төк байлығына жұртты жарытпаған жемқорлық, ұлттық валютаның тоқтаусыз құнсыздануы, барлық саланы қымбатшылықтың жайлауы, тұрмыстың тоқырауы ақыр соңында халықты әр жерден бір үнем қылуға итермеледі. Биліктің сол "тесіктерді" бітеуі бұқараның ашу-ызасын туғызады. Олай болса, Үкімет қысымды арттырмас бұрын халықтың әл-ауқатын арттыруға күш салса, жөн. Әйтпесе, коммуналдық қызметтердің қымбаттауы бай еуропалықтардың да ашынысына сеп болып отыр.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу