Өзбек боксшылары "Астана Арландарынан" есе қайтарды

Маруан Түсіп Маруан Түсіп
2549

Ташкентте "Uzbek Tigers" және "Astana Arlans" клубтары кездесіп, Өзбекстан боксшылары 4:1 есебімен жеңіске жетті.

Өзбек боксшылары "Астана Арландарынан" есе қайтарды

Бұл "Астана Арландарының" WSB жобасы аясындағы бесінші кездесуі болатын. Бұған дейінгі төрт кездесуде жеңіске жеткен жігіттеріміз Ташкент төрінде Өзбекстан боксшыларынан ұтылып қалды. Ұтылсақ та, екі жекпе-жекте есе жіберген жоқ сияқты едік, бірақ төрешілер шешімі осылай болды...

64 келі: Елнұр Абдураимов – Ділмұрат Мижитов – 3:0 (50:45, 49:46, 48:47)

Ташкенттегі бокс кеші осы салмақ дәрежесіндегі жекпе-жекпен басталды. Ұйымдастырушылар бұл кездесуді өз бокшыларының жеңісімен бастағанды жоспарлағаны сезіледі. Елнұр – 2015 жылғы әлем чемпионатының қола жүлдегері. Тәжірибелі жігіт. AIBA-ның дәл осы жобасында сегізінші жекпе-жегін өткізді. Ділмұрат болса, бұған дейін WSB шаршы алаңында екі жекпе-жек өткізіп, біреуінде ұтып, екіншісінде ұтылып қалған.

Оған Ташкент төріндегі айқаста тәжірибе жетіспеді. Елнұрдай қайсар жігітті түзде жеңу үшін айқын басымдық таныту керек. Мижитов тырысты, ұтылған жоқ еді. Бірақ төрешілер жеңісті қарсыласына берді. Рас, өзі де бірақ соққы жіберіп алды. Десек те, Ділмұраттың соққылары нық, дәл тигендей еді...

56 келі: Абдулхай Шарахматов – Ілияс Сүлейменов – 3:0 (48:47, 48:47, 50:45)

Ілияс өте тәжірибелі жігіттеріміздің бірі еді. Бапкерлер оған үлкен үміт артты. Жанкүйерлер де сенді, жеңеді деп ойлады. Алайда төрешілер жеңісті 20 жастағы өзбек боксшысына берді... Негізі, Ілияс та жеңілмеген сияқты. Жеңілді деуге аузымыз бармайды.

Бірақ өзбек боксшысын Ташкенте жеңу үшін бас көтертпей төпелеп, көзіне “көк” шыбын үймелету керек. Ал Шарахматов алға ентелеумен болды. Соққылары тимесе де, екі қолын сілтеуден тынған жоқ. Төртінші раундта қабағы жарылды. Сонда да айылын жимады. Төрешілер жеңісті сол жанкештілігі үшін бергені ме?

75 келі: Исраил Мадримов – Сапарбай Айдаров – 3:0 (50:44, 50:44, 49:45)

Сапарбай бойы қарсыласынан биік болса да, қолының ұзындығын пайдалана алмады. Өзінен аласа Исраилдың атылып-секіріп, үстіне шығып кетуіне де мүмкіндік беріп қойды. Үшінші раундта тіпті төрешілердің бәрі де жеңсті 10:8 есебімен өзбек боксшысына берді. Бұл – WSB жобасында сирек кездесетін нәтиже... Өзекті өртеп, өзбек боксшысына есе жіберіп алды.

91 келі: Зухриддин Махкамов – Антон Пинчук – 0:3 (45:50, 45:50, 46:49)

Бастапқы үш жекпе-жекте жерлестеріміз жеңіліп қалып, жігеріміз құм болғанда шаршы алаңға Антон Пинчук шығып, еңсемізді бір көтеріп тастады. Махкамов та 75 келідегі жерлесі Мадраимовтың айласын қолданбақ болды. Өзін демеп-жебеп отырған зал толы көрермендердің арқасында біздің боксшының сағын сындыруды көздеді. Бірақ Антон оны пәрменді соққыларымен райынан қайтарды.

49 келі: Хасанбой Дусматов – Теміртас Жүсіпов – 3:0 (50:45, 49:46, 50:45)

Бокс кешін ұйымдастырушылар өздерінің мақтанышын шаршы алаңға ең соңынан шығарды. Бұл – оның жеңіске жететініне күмән келтірмегендері, әрине. Иә, 23 жастағы Хасанбой Дусматов – мақтауға тұрарлық боксшы. Ол Рио Олимпиадасының чемпионы. Тіпті Баркер кубогының иегері атанды. Бұған дейін WSB шаршы алаңында 12 жекпе-жек өткізген. Әрі бәрінде де жеңіске жетті. Әлі жеңіліп көрген жоқ.

Теміртас Жүсіповпен де осы жоба аясында былтыр кездесіп, басым түскен. Бұл жолы да жеңіске жетті. Рас, Жүсіпов намысты қолдан бермеуге тырысты. Қолының ұзындығын пайдаланып, ара қашықтықты ұстауға талпынды. Өзі де кейде шабуылдап, кейде шегіне жұдырық жұмсап, әр түрлі тактика қолданып көрді. Бірақ төрешілер жеңісті қимылы ширақ, аяқ-қолы жылпың қарсыласына берді. Дусматовтың деңгейі шынымен жоғарылау сияқты...

Сонымен "Астана Арландары" биылғы маусымда бірінші рет ұтылды. Бірақ сонда да "С" тобында 12 ұпаймен бірінші орында тұр. "Uzbek Tigers" 9 ұпаймен екінші орында да, Ресейдің "Patriot Boxing Team" клубы 7 ұпаймен үшінші орында тұр. Олар бүгін Қытай "айдаһарларын" Қазанда 5:0 есебімен ойсырата жеңді.

Соңғы тур – 22 сәуірде. Қазақстан боксшылары Қытайға барады. Ал "Patriot Boxing Team" клубы мен "Uzbek Tigers" командасы Ресейде “шайқасады”. Өзбектер түзде жеңіске жете алар ма екен?! Әй қайдам... Десек те, біздің жігіттерге тек өздеріне сену керек. Сыртта "China Dragons" клубын жеңу керек. Тым болмаса, бір ұпай еншілеп (2:3 есебімен ұтылып), қара үзіп кету керек. Оған "Астана Арландарының" қабілеті жетеді. 

Маруан Түсіп

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу