Париждегі шудан кейін Қытай постсоветтік елдердің егемендігін растады

3061

Дегенмен Бейжің Франциядағы елшісінің бұрынғы кеңестік республикалардың елдігіне қатысты сөзін теріске шығарған жоқ. 

Париждегі шудан кейін Қытай постсоветтік елдердің егемендігін растады Фото: google.com

Дүйсенбіде Қытай үкіметі бұрынғы Кеңес Одағы республикаларының егемендігін құрметтейтінін мәлімдеді. Бейжің мұны өзінің Франциядағы елшісі постсоветтік елдердің суверенитетін жоққа шығарып, Еуропада шу шығарғаннан кейін айтып отыр.

Экс-кеңестік республикалардың үкіметтері мен Франция президенті Эммануэль Макрон қытайлық елші Лу Шайеге француз телеарнасына түсініктеме бергеннен кейін наразылық білдірді. Лу 2014 жылы Ресей Украинадан тартып алған Қырымның мәртебесі туралы сұраққа жауап бере отырып, "олардың егеменді ел ретіндегі мәртебесін бекіту" туралы келісім жасалмағанын атап өтті.

Эстония, Латвия, Литва үкіметтері – елші Лу Шайенің бұл пікірін қабылдамағандар қатарында. Макрон болса, Бельгияның Остенінде өткен саммитте TFI Info-ға сұхбат беріп: "Мен дипломат мұндай тілді қолданбауы керек деп ойлаймын" ,– деді.

Елисей сарайының қожайыны "тарихтары мен шекаралары шабуылға ұшыраған елдермен толық ынтымақтастықта" екенін мәлімдеді.

Мұның алдында Қытай сыртқы істер министрлігі "Қытайдың бұрынғы кеңестің елдердің КСРО құлағаннан кейінгі егемендігін мойындайтынын" хабарлады.

Сонымен қатар осы министрлік өкілі Мао Нин Бейжіңнің бұл мәселеге қатысты позициясының "анық әрі дәйекті" екенін жеткізді. Дегенмен, Мао Лудың ұстанымын теріске шығаратындай сыңай танытпады.

"Халықаралық құқыққа келсек, тіпті бұрынғы КСРО елдерінде, қалай айтсам екен, олардың егеменді мемлекет ретіндегі мәртебесін бекітетін халықаралық келісім жоқ", - деді Лу LCI жаңалықтар арнасының тілшісімен арадағы әңгімеде.

Қытайдың Франциядағы елшілігінің мәлімдеуінше, елші мұндай сөз айта отырып, "теледебатта саяси декларация жасаған жоқ, өзінің жеке көзқарасын ғана білдірді".

Сонымен қатар, осы дипмиссиясының сөзінше, "Қытайдың позициясы өзгерген жоқ. Ал елшінің мәлімдемесі шектен тыс талдана бермеуі керек".

"Кеңес Одағы ыдырағаннан кейін, Қытай бұл елдермен дипломатиялық қатынас орнатқан алғашқы мемлекеттердің бірі болды. ...Қытай тарапы КСРО құлаған соң дүниеге келген елдердің егемендік мәртебесін құрметтейді", – деп жазылған ҚХР-дың Париждегі елшілігі таратқан хабарламады.

Еуропа одағының сыртқы саясат комиссары Жозеп Боррель осы одақ елдерінің сыртқы істер министрлерінің отырысына төрағалық етіп сөз сөйлеп, Қытайдың бұл түсіндірмесіне қошемет білдірді.

"Бейжің Париждегі елшісінің сөзінен бойын аулақ ұстап отыр. Бұл – жақсы жаңалық. Ойымша, мәселе енді дұрыс түсіндірілді", – дейді ЕО-ның бас дипломаты.

Франция мен Эстония болса, Луға ойланып сөйлеуге кеңес берді.

Дүйсенбіде Франция Сыртқы істер министрлігі қытайлық елшімен кездесіп,  оған "барлық мемлекеттердің егемендігіне, тәуелсіздігіне және аумақтық тұтастығына" күмән келтіру "қабылданбайтынын" ескерткен.

Сонымен қатар, Франция сыртқы саясат ведомоствосының мәлімдемесінде "халықаралық қауымдастықтың, соның ішінде Қытайдың да, Кеңес Одағы ыдырағаннан кейін тәуелсіздік алған 15 мемлекетті, соның ішінде Украина мен оның Қырым кіретін шекарасын мойындағаны" жазылған.

Бұл министрлік қытайлық елшіні "көпшілік алдында сөйлегенде өз елінің ресми ұстанымын да естен шығармауға" шақырды.

Эстония сыртқы істер министрлігінің жоғары лауазымды қызметкері Кристи Карелсон болса, Қытайдың уақытша сенімді өкіліне Лудың сөздері жеке ұстанымды білдірсе де, ол Қытайдың ресми өкілі екенін ескертті.

"Қытай өкілдері болашақта мұндай пікір білдірмейді деп үміттенеміз", – деді Карелсон.

Ресей президенті Владимир Путин Украинаның егемендігін мойындамайтынын мәлімдегені белгілі. Кремль, сондай-ақ, Балтық жағалауы елдерінің тәуелсіздігі мен олардың НАТО мен ЕО-дағы рөлі Ресейге қауіп төндіреді деп санайды.

Тағы бір айта кететін жайт, Қытай төрағасы Си Цзиньпин үкіметі Мәскеуді АҚШ-тың жаһандық істердегі үстемдігіне қарсы тұратын серіктес ретінде қарастырып отыр.

Бейжің Ресей армиясы 2022 жылы Украинаға басып кірерде Мәскеумен "шексіз достық қарым-қатынаста" екенін жариялады. Бірақ Қытай Украина мәселесінде бейтарап көрінуге тырысып, екі жақты атысты тоқтатуға және бейбіт келіссөздерге шақырғаны мәлім.

Дегенмен, бірқатар елдер, соның ішінде Америка Құрама Штаттары Украинада атысты тоқтату Путиннің жер жаулауын заңдастырады есептейді.

"Балтық елдері Қытайдың Украинада бейбітшілік орнату ниетіне неге сенбейді? Себебі Қытай елшісі Қырымды Ресейдікі санаса, біздің елдердің шекараларында ешқандай заңды негіз жоқ деген пікірде", – дейді Twitter-дегі жазбасында Литва Сыртқы істер министрі Габриэлиус Ландсбергис.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу