Ресей еңбек мигранттары Қазақстанға ағыла бастады

Көпшілігі ІТ мамандарынан тұратын еңбек күші Қазақстанға пайдалы ма?  

Ресей еңбек мигранттары Қазақстанға ағыла бастады

Ақпанда басталған Украинадағы жағдайдан кейін, Ресей енгізілген санкциялар саны бойынша Ираннан асып түсті. 22 наурыздағы мәліметке сүйенсек, санкция салынған ресейлік жеке және заңды тұлғалардың саны 7116-ға жетті, деп хабарлайды inbusiness.kz

Аталған ел нарығынан әлемдік алпауыт компаниялар кетті, халықаралық төлем жүйелері жұмысын тоқтатты. Тіпті кеше  америкалық Monotype компаниясы өзіне тиеселі Times New Roman, Arial, Verdana, Tahoma, Helvetica шрифтерін ресейліктердің қолдануына тыйым салды. 

Мұндай қатаң шаралар Ресей билігін қолдап отырған Беларусьті де айналып өтпеді. Бұл бірінші кезекте кәсіпкерлердің жұмысын шектеп, қызметтерін тоқтатуға мәжбүрлеп отыр. 

Нәтижесінде, Ресей мен Беларусь компаниялары Қазақстанға жаппай келе бастады. Еліміз олардың жаңа жағдайда қызметін жалғастыруға мүмкіндік беретін бағытына айналды. Мамандардың басым бөлігі Мәскеу мен Петербордан келген. 

Бірінші кредиттік бюроның мәліметтеріне сүйенсек, 2022 жылдың 1 сәуіріндегі жағдай бойынша Қазақстанда шетелдік меншік нысанындағы 32 671 компания тіркелген. Наурызда бұл көрсеткіш 571 бірлікке өсті. Олардың басым бөлігі, яғни, 320-сы ресейлік компания. Бүгінде Қазақстанда аталған елдің 11 711 кәсіпкерлік субъектісі қызмет етеді. Олардың дені IT саласына маманданған. Неге дәл IT мамандар? Себебі Ресей төлем жүйелері мен озық цифрлық технологиялардан ажыратылды. Акциялар сатып алу былай тұрсын, әлемдік сауда алаңдарынан кетуге мәжбүр болды. 

2022 жылдың наурызында республикадағы шетел капиталы бар компаниялар мен олардың филиалдарының саны 95-ке артып, 113-ке жетті. Ақпарат және коммуникация саласында жұмыс істейтін ресейлік кәсіпорындардың саны 494-ке жетті. Ал Беларусьпен байланысты ұйымдар саны артып, 26-ны құрады. 

Astana Hub-тың бас директоры Мағжан Мәдиевтің БАҚ-қа берген сұхбатында наурыз айында 600 шетелдік компания хаб мамандарынан көшіп келу бойынша кеңес алғанын айтады. Нәтижесінде, 16 жаңа компания құрылған, тағы 30-ы жоспарлауда. Хабтағы 674 ІТ компанияның 74-нің шетелге қатысы бар. Цифрларға сүйенсек, Ресейден ІТ мигранттар әлі де ағылатындай. 

Бұл пайдалы ма, зиян ба? 

Бұған дейін Серік Шәпкенов Ресейден еңбек мигранттары қаптап келуі мүмкін деген мәселеге қатысты пікір білдірген болатын. Оның айтуынша, Қазақстандағы шетелдік жұмыс күшін тарту квотасы Ресей мен ЕАЭО-ның басқа елдері азаматтарына қолданылмайды. Сонымен қатар министр IT саласында шетел мамандары көбейіп бара жатқанына уайымдаудың қажеті жоқ деп есептейді. 

"Нарық қай кезде дамиды? Бәсеке болғанда дамиды. Біздің мамандар бәсекеге қабілетті болуы керек. Сырттан келгендер жаңа технология, жаңа өнім алып келетін шығар. Ондай мықты мамандарды неге кіргізбеске? Неге өзіміз сондай маманды даярламаймыз? Спортшылар шетел көрмесек қалай дамимыз дегенді айтады ғой. Бұл да сол секілді", – дейді министр.

Қазақстанға келіп жатқан компаниялар арасында Indriver сияқты танымалдары да бар. Бұдан бөлек MNG Partners, Тинькофф Алматыдан өкілдігін ашпақ. 

Жақында Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Бағдат Мусин аталған сервистің СЕО – бас атқарушы директоры Арсен Томскиймен кездескенін, Indriver командасының бір бөлігін Алматы мен Нұр-Сұлтанға орналастырып жатқаны туралы жазды. 

"Жаһандық нарықта ақша табатын ірі технологиялық компаниялардың келуі жергілікті экономикаға қаржы құю, салық төлемдерін ұлғайту, жұмыс орындарын қамтамасыз етумен қатар ІТ саласын жаңа әрі жоғары деңгейлі сараптама және біліммен жаңғыртады", – деп жазды Мусин. 

Министрдің пікірін түрлі сарапшылар да қолдайды. Көрші елдерден ІТ мамандарының келуі біздің нарық үшін пайдалы деп есептейді. Себебі жергілікті ІТ мамандар үшін жұмыс орны ашылады, бәсеке пайда болады, ІТ индустрияны жылдам дамытуға мүмкіндік береді, салық төлейді.  

Сонымен қатар бұл үрдістің жағымсыз тұсы бар. Ол көрші елден кадрлардың келуі біздің мамандарды жұмыссыз қалдырып, бағаны көтереді. 

Әлеуметтік-еңбек қатынастары бойынша сарапшы Ербол Исмаилов Atameken Business телеарнасына берген сұхбатында мұның салдарынан біздің елдегі ІТ мамандарының жалақысының төмендеуіне алып келуі мүмкін екенін айтады.

"Соңғы 3 жылда біздің елде ІТ мамандарына сұраныс жоғары болғандықтан оларға көп жалақы ұсынылады. Ресей мен Беларусь, Украинадан мамандар келсе бізде әділ бәсекелестік болады. Бұл біздің жалақымыздың төмендеуіне әкелуі мүмкін", – дейді спикер. 

Алайда кейбір сарапшылар көрші елдердің ІТ мамандары жаппай келмеуі де мүмкін деп отыр. Өйткені Армения, Грузия, Түркияны қолайлы көретіндер көп. Оған қоса Өзбекстанда қолайлы жағдай ұсынуға тырысуда. Әзірше Astana hub, АХҚО мен жекелеген адамдар оларды Қазақстанға тартуға күш салып жатыр. Көшіп келгісі келетін ІТ-шылар үшін Телеграмда кеңес беретін "Welcome to Kazakhstan" және "Welcome to Almaty" топтары ашылған. 

Соңғы кезде ІТ мамандар мен компанияларды Ресей де жібермеуге күш салып жатыр. Наурызда РФ Премьер-Министрі Мишустин ІТ компаниялардың қызметкерлері жеңілдетілген ипотека алып, әскериге шақырылудан босатылатыны туралы хабарлады. ІТ компаниялардың өздері 3 жыл салықтан босатылып, 3%-дық несие ала-алады. 

Құралай Құдайберген 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу