Ресейде вакцинаға қоғамды сендіру міндеті туындап отыр

8894

Коронавирусқа қарсы екпені тұрғындардың басым бөлігі тіпті тегін де салдырмақ емес. 

Ресейде вакцинаға қоғамды сендіру міндеті туындап отыр

Ресейде Гамалея институты жасаған Sputnik V екпесімен халықты  вакциналау бағдарламасы жүзеге асырылып жатыр. Сондағы мақсат – кейінгі кездері Федерация аумағында тәулігіне кемінде 25 мыңнан астам адамнан табылып жатқан коронавирус инфекциясының жолына тосқауыл қою.

Кремль бұл вакцинаның пайда болуын әлемдік жетістік ретінде жария қылды. Ал, өндірушілер келесі жылы  "Спутниктің" 1,2 млрд дозасын шығаруға тапсырыс алғанын мәлімдеп отыр.

Препарат сынақтың үшінші фазасынан әлі өтпесе де, президент Владимир Путин оны "жеткілікті деңгейде тиімді" деп атап, Sputnik V-ді тамызда қолдануға рұқсат берді.

Гамалея институты мамандарына сенсек, сынақ барысында жиналған аралық мәліметтердің өзі бұл екпенің 92 %-ға тиімді екенін көрсеткен. Яғни, оның қазіргі пайдасы тәжірибенің үшінші кезеңінен өтіп жатқан батыстық бәсекелестері - Moderna, Oxford/AstraZeneca және Pfizer/BioNTech вакциналарынан кем емес. Жұма күні AstraZeneca мәлімдегендей, ол өз екпесінің ресейлік вакцинамен сәйкестігін тексеру үшін Гамалея институтымен ынтымақтастық орнататынын хабарлады.

"Ресейде вакцина жасайтын жақсы ғалымдар көп. Сондықтан  бұл екпені неге салдырмасқа? Егер бір проблемасы болса, мұндай дәріні өндірмес еді ғой", – дейді Мәскеу облысы Бутово ауданындағы клиника қызметкері Financial Times газетіне берген сұхбатында.

Sputnik V вакцинасын өндірушілер пандемияны тоқтату үшін Ресейдің 143 млн халқының 70 %-ына екпе салу қажет деген пікірде. Сол себепті қазір Кремльдің алдында бұл вакцинаның қауіпсіздігі мен тиімділігіне ондаған миллион тұрғынды сендіру міндеті де тұр. 

Қарашада тәуелсіз Левада орталығы жүргізген сауалнама қорытындысына қарағанда, ресейліктердің 61 %-ы биліктің коронавирус туралы ресми ақпаратына сенбейтінін және 59  %-ы бұл вакцинаны тіпті тегін берсе де, салдыруды жоспарлап отырмағанын білдірген.

Салыстырып көрсек, жақында "Ассоушиэйтид пресс" агенттігі жүргізген зерттеу барысында америкалықтардың 26  %-ы ғана вакцинадан бас тартатынын айтқан.

Бірақ  Ресейдің Sputnik V екпесін жасауды қаржыландырған Тікелей Инвестиция Қорының (мемлекет бақылауындағы ұйым) басқарма төрағасы Кирилл Дмитриевтің мәлімдеуінше, соңғы зерттеулер ресейліктердің 42  %-ы "спутникті" ектіруге дайын екенін көрсеткен. 

Гамалея Институтының директоры Александр Гинзбург бейсенбі күні Ресейде 150 000 адамның вакциналанғанын және мұның әлем бойынша ең жоғары көрсеткіш екенін атап өтті.

Ресейде "ковидке" қарсы алғашқы вакцинаны саяси және бизнес элита өкілдері әспеттеп, алғашқылардың бірі болып өз еріктерімен салғызып, қарапайым жұртты да сондай шешім қабылдауға үгіттеп отыр. Дегенмен, Кремль басшысы "спутникті" әлі өзіне салдырған жоқ. 68 жастағы лидердің айтуынша, бұл вакцинаны "белгілі бір жастағы адамдардың пайдалануына ғана кеңес беріліп отыр".

Кейбір батыстық сарапшылар сынақтан толық өтпеген вакцинаны қалай қолдануға рұқсат етті деп таңданып, Гамалея институтын екпенің тәжірибеден өткені туралы толық мәлімет бермеді деп сынап отыр.

Әскер қатарындағы жауынгерлер мене офицерлерді вакциналауға кіріскен Ресей қорғаныс министрлігі болса, жұма күні мәлімдеме жасап, шетелде ресейлік екпені жарамсыз етуге бағытталған "ақпараттық саботаж" басталғанын ескертті. 

Дегенмен, өткен айда ресейлік үш ғалым ашық хат жариялап, онда Гамалея институтын сынақ жайлы ақпаратпен толық бөліспеді, вакциналау науқанын тәжірибе аяқталмай бастауға жол ашты деп кінәлады.  Олардың пікірінше, Батыспен бақастық  Sputnik V вакцинасын геосаясаттың "тұтқынына" айналдырып отыр.

Айта кетсек, Ұлыбритания үкіметі Pfizer және BioNTech компанияларының вакцинасын қолдануға желтоқсанның 2-інде рұқсат етті. Іле-шала Путин Ресейде жаппай егу науқанын бастауға бұйрық берді.

Таяуда РФ вице-премьер Татьяна Голикова мәлімдегендей, Sputnik V вакцинасын салдырардан үш күн бұрын және оны ектірген соң үш күн бойы алкогольдік ішімдік тұтынуға болмайды. Ал, "Ассоушиэтид пресс" агенттігінің мәліметінше, Сібірде бірнеше медицина қызметкері осы вакцинаны қабылдағаннан кейін коронавирус жұқтырды. Алайда  РФ Денсаулық сақтау министрлігінің сөзінше, олар екпеден кейін организмінде анти-дене қалыптасып үлгермегендіктен,  коронавирусқа шалдықты.

Арыс Әділбекұлы

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу