Ресейлік арзан мұнай қазақтың қара алтынын дәстүрлі нарықтарынан ығыстыруда

3727

Соған қарамастан, ел Үкіметі РФ мұнайының еліміз арқылы тоқтаусыз транзитін қамтамасыз ететін келісімді он жылдық кезеңге ұзартқалы тұр, деп жазады inbusiness.kz

Ресейлік арзан мұнай қазақтың қара алтынын дәстүрлі нарықтарынан ығыстыруда Фото: inbusiness.kz

Таяу Шығыста қарулы қақтығыс өрті өршігенде, қазақ мұнайына қатысты Brent маркасының 1 баррелінің құны 6 қазандағы 84,74 доллардан күрт өсіп, 89 межесіне таяған. Алайда баға бір серпіліп, кері қайтты. Бүгінде біздің мұнайдың бір бөшкесі шамамен 88 доллардан бағалануда. Тіпті одан да түсті.

Сонымен қатар ресейлік Urals керісінше, ары қарай қымбаттауда: кеше бағасы тағы 4,63% өсіп, бір баррелі үшін 77 доллар ұсынылды.

Ресейдің газы ғана емес, мұнайы да дамыған елдердің "майшелпек" нарығынан айрылды. Енді ернеуінен шыққан орыс мұнайы біздің аймаққа тасып төгіле жөнелді.

Мысалы, РФ қара алтыны Өзбекстан нарығынан Қазақстанды ысырып шығаруда. Сарапшылар Қазақстан арқылы құбырлармен өтетін ресейлік мұнайдың Өзбекстанға жеткізілімінің көлемі күрт артқанын тіркеді. Оның үстіне бұл үрдіс алда тек үдей беретін түрі бар.

Таяуда, 6 қазанда Мәскеу мен Ташкент мұнай жеткізілімі саласында ынтымақтастықты кеңейту туралы келісім бекітті. Бұған қоса, қос көршіміз ресейлік мұнай өнімдерін қазақ жері арқылы теміржолмен тасымалдау көлемін арттыруға мәмілелесті.  

Бұл ретте Мәскеу де, Ташкент те мұнай мен мұнай өнімдерін қанша көлемде сататынын-сатып алатынын, алда экспорт-импорт қанша миллион тоннаға артатынын жарияламай, жасырып қалды. Қазақстан оны өз территориясымен тасу кезінде бір-ақ біледі.

Дәл осы кезде, 2023 жылдың бірінші жартыжылдығының қорытындысында Қазақстанның Өзбекстанға теміржолмен жөнелткен мұнайының көлемі рекордтық минимумға құлдырағаны мәлім болды.

"Ведомости" жазуынша, Өзбекстан қазақтың қара алтынынан гөрі әр бөшкесі он доллардай арзан тұратын орыс шикізатын тұтынғанды тиімдірек көріп отыр.

"Жеке басқа еш қатысы жоқ, бұл тек бизнес" деген қағида іске қосылса керек. Өзбек ағайындар арзандау орыс мұнайын өңдеп, бензин, дизелді отын және басқа өнімдер түрінде алыс шетелге және іргедегі Ауғанстан мен Тәжікстанға қымбатқа өткізеді.  

"Биылғы жылы Ресейден Өзбекстанға мұнай экспортының өсуіне "Газпром нефть" жеткізілімдері ықпал етті. 2023 жылдың I тоқсанымен салыстырғанда, II тоқсанында Қазақстан территориясы арқылы құбырлармен Өзбекстан бағытына, Ферғана мұнай өңдеу зауытына өткен ресейлік мұнай транзиті бірден 4 есеге ұлғайып шыға келді. Нәтижесінде, алғаш рет 37 мың 900 тонна межесін бағындырды", – деп хабарлады ресейлік ақпарат құралдары.

Сарапшылар бұған дейін өзбектер қазақтың мұнайын арзанға алып келгенін мәлім етті. Мысалы, құбырлар арқылы қазақтың да, орыстың да қара алтыны Urals брендімен ортақ саудаланған.

Мәскеу былтыр соғысын бастаған соң Батыс оған қарсы түрлі санкциялар салуға белсене кірісті. Оған ілігіп қалмау үшін, әрі РФ мұнайының әр баррелінің құны Brent-ке қарағанда 30–35 долларға күрт түсіп кеткендіктен, Қазақстан ресейлік инфрақұрылым арқылы тасымалданатын өз мұнайына жеке марка теліп, оны Kebco (Kazakh Export Blend Crude Oil) атады.

Нәтижесінде жаһандық нарықта орыстыкімен салыстырғанда, қазақ мұнайы қымбатырақ бағаланады. Осыдан кейін Өзбекстан одан бас тартып, Ресейге бет бұрды.

Бұл бағытта Мәскеу қазақ мұнайын Қытай нарығынан да ығыстырып жатыр. Ресейлік арзанқол мұнайға мелдектей тойған шың елі қазақ мұнайынан бас тартудың түрлі сылтауын қарастырып жатқанға ұқсайды. Мысалы, энергетика министрі Алмасадам Сәтқалиевтың айтуынша, ҚХР Қазақстаннан мұнай жеткізілімдеріне әлдебір кепілдік беруді талап етіпті.

Журналистер одан сөзбұйдаға салынып, соңы сиырқұйымшақтанып кеткен "Қазақстан–Қытай" мұнай құбырын кеңейту жобасы қашан жүзеге асырылатынын сұрастырды.

"Онда тар қылтаға айналып, экспорт көлемін шектеген екі учаскені кеңейту туралы әңгіме болып отыр. Бұлар "Кеңқияқ–Атырау" және "Кеңқияқ–Құмкөл" учаскелері. Алдын ала техникалық-экономикалық негіздемесі, зерттеуі жасалған. Алайда қытай тарапы Қазақстаннан жеткізілетін мұнай көлемін кепілдендіру жоспарын сұратып отыр. Олар қытайлық инвестор иелігіндегі Шымкент мұнай өңдеу зауытына берілетін мұнайдың да, сондай-ақ Қытайдың өзіне экспорттық жеткізілімдердің де көлемін кепілдендіруді талап етті. Біз ресми деңгейде ондай гарантияны ұсынуға дайын екенімізді білдірдік", – деді министр А.Сәтқалиев.

Оның айтуынша, үкіметтік гарантия ұсынылған соң ғана "ҚазТрансОйл" мен қытайлық CNPC аталған жобаны жүзеге асырудың "инвестиция салу фазасына кірісуге" әзір болады. Еліміздің бас энергетигі бұл оқиғаның қашан болатынын дөп басып айта алмады. Себебі, ол Бейжіңнің тілегіне байланысты болса керек.

"Біздің ойымызша, бұл алдағы жылда болуы мүмкін", – деді Алмасадам Сәтқалиев.

Ал "Қазақстан–Қытай" мұнай құбырын кеңейту жобасы аяқталмай, Қазақстан шығыс көршісіне мұнай жеткізу көлемін арттыра алмайды. Теміржол цистерналары да қалпымен РФ мұнайына толып, соның экспортынан артылмайтын көрінеді. 

Негізі, Қазақстан Қытайдан сатып алатын мұнай көлемін азайтпайтынын, тек көбейтетінін кепілдендіретін ресми хат сұратса, артық болмас еді. Бұл бюджет түсімдерін бірнеше жыл алға оза нақтырақ болжауға, мемлекеттік жоспарлау сапасын жақсартуға септесер еді.

Еуразия халықаралық зерттеулер қауымдастығының азиялық зерттеулер бағдарламасының басшысы Антон Бугаенко бір жайтқа назар аудартты: Қытай Қазақстан аумағында қара алтынды көп көлемде өндіреді, алайда соны өзі сатып алмайды.

"Қазақстандағы өндірілетін мұнайдың бүкіл көлеміндегі қытай компанияларының үлесі 20–25%-ға жетті. Яғни, "ҚазМұнайГаз" ұлттық компаниясының еншісіне жетуге шақ қалды. Қазақстанда Қытайдың мұнай компанияларының белсенділігіне қарамастан, ҚХР сырттан импорттайтын мұнайдағы қазақстандық үлес мардымсыз: шамамен 0,55%-дай ғана. Мұны олар елдің Қазақстанмен шектесетін аймақтары мұнай импортына сонша мұқтаж еместігімен түсіндіреді. Ал елдің шығысында, яғни мұнай теңізбен тасылатын аумақтарында негізгі тұтынушы өндірістер, зауыттар шоғырланған көрінеді", – деді сарапшы.

Дегенмен, онда неге шың елінің Қазақстан арқылы РФ мұнайын көптеп тасып жатқаны түсініксіз.

Осының бәріне қарамастан, Қазақстан Үкіметі 2002 жылғы 7 маусымдағы Қазақстан және Ресей арасындағы "Мұнай транзиті туралы келісімге" өзгерістер енгізетін жаңа хаттамаға қол қоюдың қамын жасауда. Оған таяуда Қазақстан Үкіметі атынан қол қою өкілеттігі Энергетика министрі Алмасадам Майданұлына берілмек.

А.Сәтқалиевтің түсіндіруінше, бас келісімді өзгертетін хаттама транзит көлемін, мұнай транзиті үшін тарифтер мен есеп айырысу түрлерін өзектілендіреді. Сондай-ақ келісімді тағы 10 жылдық кезеңге ұзарту көзделеді.

Құжат жобасында Қытайға айдалатын ресейлік мұнайдың көлемін  жылына 7 миллионнан 10 миллион тоннаға дейін арттыру ұсынылған.

Келісім жобасының ашық бөлігінде "Ресейлік мұнайды Қазақстан Республикасының аумағы арқылы Қытай Халық Республикасына тасымалдау бойынша көрсетілетін қызметтерге тарифтер", яғни Қазақстанның өз құбырын көршілерінің иелігіне табыстағаннан қанша пайда табатыны ашып айтылмаған.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу