Рубль күйреуге таяды

9844

Сарапшылардың пікірінше, рубль бағамының құлауы Ресейде басталған алапат қаржылық дағдарыстың индикаторы болуы ықтимал. 

Рубль күйреуге таяды Фото: inbusiness.kz

Солтүстік көршінің "сабан" ақшасы бірнеше айдан бері тоқтаусыз "әлсіреп" келеді. Бірақ оның құрдымға құлдырау қарқыны биылғы маусымда күрт күшейді. Егер маусым айының басында Ресейде 1 АҚШ доллары шамамен 80–81 рубль тұрса, шілде айының басында америкалық валюта 89 рублЬге дейін қымбаттап шыға келді.

Ал енді, РФ ұлттық валютасының долларға шаққандағы бағамы 97 рубльге дейін құлап отыр. 100 межесіне таяп қалды. Сарапшылардың түсіндіруінше, осы сейсенбіде рублдің кезекті рет төмен құлдилауына "РФ бюджетінің тапшылығы туралы соңғы деректер ықпал етті".

Маңыздысы сол, егер бұған дейін биржада РФ валютасы негізінен АҚШ валютасына есе жіберіп келсе, бұл жолы ол доллардан да, еуродан да, қытайлық юаньнан да оңбай таяқ жеді. Кеше Мәскеу биржасындағы сауда қорытындысында Америка, ұжымдық Еуропа және шың елі сияқты алпауыттар валюталарының рубльге шаққандағы бағамдары сенімді түрде өсті.

Фото: inbusiness.kz 

Тіпті теңге де күш алып, РФ валютасына орнын көрсетті. Мысалы, елімізде, қазақстандық KASE биржасында көршінің валютасы 4,62 теңгеге дейін құнсызданды. ҚР Ұлттық банкі РФ рублінің ресми бағамын 4,65 теңге деп бекітті. Жалпы, отандық қаржыгерлер оның 3 межесіне түсетін күні де алыс еместігін болжауда.

Мәскеу биржасы кеше Мәскеу сағатымен 19:00-де доллар бағамын 97,1 рубльмен тәмамдаған. Алайда артынша бағамы 98 межесіне төмендеуін жалғастырды. Ресейлік банктер долларды 103 рублден және одан қымбатқа сата бастады. Еуро құны 110 рубльге бет алды.

Бұл ретте нарық қатысушылары РФ қаржы министрлігінің жаңа статдеректерін және Ресей Банкінің соңғы аптадағы рублдің құнсыздану себептеріне қатысты түсініктемесін басшылыққа алды. Нәтижесінде, олар рубльдің болашағынан түңіліп, қолдарындағы құнсыз қаржыдан тезірек арылуға ұмтылған.

Өйткені РФ федералдық бюджеті биылғы қаңтар-шілдеде 2,817 триллион рубльдей тапшылыққа тап болды. Бұл ретте соңғы айда бюджеттік дефициттің көлемі жоспарланғаннан 222 миллиард рубльге асып кетті. Қаржы министрлігі биылғы жеті айда тапшылық 2,595 трлн рубльден аспайды деп жоспар құрған.  

Мәскеудің пессимистік сценарийі бойынша 2023 жыл қорытындысында бюджет тапшылығы шамамен 2,9 триллион рубльді немесе ЖІӨ-нің 2%-ын құрайды деп бекітілген. Бірақ енді қаржы министрі Антон Силуанов жыл қорытындысында бұл көрсеткіш 2,5%-дан асып кетуі мүмкін деп отыр.

Өз кезегінде РФ Орталық банкі экспорттаушылар ішкі нарықта шетелдік валютаны сату көлемін кеміткенін хабарлады. Қаржылық реттеуші "тапқан, таянғанын шетелге тығуда" деген ауанда оларға айып тақпады, керісінше, ақтады: бұған биылғы маусымда да, шілдеде де Ресейдің сыртқы саудасының құлдырауы себепші болыпты.

Содан РФ нарығында доллар мен еуро күрт азайған, ал оларға сұраныс артты. Нәтижесінде, бір ғана маусым айында РФ рублі бірден 10,4% құнын жоғалтты. Құнсыздануы ары қарай жалғасуда.

РФ Орталық банкі доллардан қор жасаған азаматтар сыртында, банктер шетелдік валюталардың негізгі сатып алушысына (нетто-алушыларына) айналғанын жеткізді. Олар мысалы, жатжұрттық валюталарды биылғы маусымда 400 миллиард рублге сатып алса, шілдеде бұған 524 миллиард рублін шығындапты. Банкирлер Ресейге төніп келе жатқан қаржылық күйзеліске қамданып жатса керек.

Яғни, РФ халқы да, орыс банкирлері де өздеріне жау санайтын Америка Құрама Штаттарын қаржыландыруға құштар болып отыр.

"БКС Мир инвестиций" фирмасының инвестициялық стратегі Александр Бахтин рубльдің өте әлсіз екенін айтты. 

Фото: naiti-foto-chela.ru

"Мемлекет шынында құр қарап отырған жоқ. Тек оның рублді нығайту талаптары еш нәтиже беретін емес. Бір жағынан, ұсыныс пен сұраныс арасындағы дисбаланс салдарынан осылай болып отыр. Яғни елге келетін валюталық түсімдердің ағыны тұрақсыз, төмендеуде. Ал импорттаушылар мен тұрғындар тарапынан валютаға деген сұраныс белсенді өсіп барады. Екінші жағынан, бұл нарықтағы "маусымдық осалдықтың" әсері. Жазда шетелдік валюта бағамы әдетте өседі. Күзде, салық төлеу маусымында рубль нығаятын. Дегенмен, бүгінде рублді бағалап, болашағына сенетін ойыншылар аз. Девальвациялық серпін байқалады. Ол өзінің шырқау шегіне жақындады", – деді А.Бахтин.

РФ ұлттық валютасының жоғары қарқынмен құнсыздануы қаржыгерлерді де тығырыққа тіреді: керісінше, оның нығаюына қолдау көрсететін барлық фактор бар.

Фото: https://www.iphones.ru/

РФ Орталық банкі рубльді демеу үшін монетарлық саясатын барынша қатайтты. Шілде айының соңында әлемдік нарықтарда мұнай бағасы қымбаттады. Мәскеу Үндістан, Қытай сияқты серіктестеріне мұнайды сату кезінде ұсынатын жеңілдік-дисконтты күрт азайтып, Brent пен Urals мұнай сұрыптары арасындағы алшақтық, баға спреді қысқарды. Яғни, орыс мұнайы былтырғыдан қымбатқа сатыла бастады. Санкция астындағы РФ экономикасы шыдамдылығын көрсетіп, шамалы болса да, өсімге ден қойды.

Алайда осының бәріне қарамастан, Ресей рублінің одан әрі құнсыздануы біраз жайттан хабар береді.

Әрине, тамыз соңында рубль шамалы нығаюы мүмкін: оған салық төлеу кезеңінің басталуы қосымша тірек болады. Барлық компания, соның ішінде шетелдік инвесторлар бюджетке салығын төлеу үшін рубльді сатып алуға кіріседі. 

Бірақ содан соң құлдырау жалғасып, 150 межесіне дейін баруы ғажап емес.

Ресейлік "Велес Капитал" инвесткомпаниясының банктерді және ақша нарығын талдау бөлімінің басшысы Юрий Кравченконың байламынша, тіпті билік нарықтың валютаға деген сұранысын толық қанағаттандырса да, рубльдің жаңа минимумдарға дейін құлдырау перспективасы бәрібір сақталады. Көп нәрсе ресейлік экспорттың өсуіне не кемуіне, орыс мұнайы құнының құбылуына байланысты болады.

Украинадағы шапқыншылығы салдарынан Ресейдің жаһандық нарықтарға өткізетін экспорты кему үстінде. Яғни, валюталық түсім де төмендейді.

Сонымен бір мезгілде Ресейдің сырттан таситын импорты қарқынды артты. Себебі, санкциялар кесірінен біраз өнімді шығаратын ресейлік кәсіпорындар дағдарды, оның бәрін, соның ішінде соғысқа қажеттіні РФ өзге елдерден тасымалдап жатыр. Санкциялық қысымға тап болмау үшін оны жеткізетін компаниялар айналма жолдарды, бірнеше жалған, делдал фирма қатысатын күрделі схемаларды қолданады. Оның бәрі тауарды қымбаттатады. Нәтижесінде, РФ импорты өсуде.

Мәселен, 2023 жылғы шілдеде төл тарихында бірінші рет Қытайдан сатып алатын импорты Ресейдің оған өткізетін импортынан асып түсті. Бұл үрдіс юаньның рублге шаққандағы бағамының шарықтауына соқтырды.

Әлемдегі геосаяси ахуал да рублге қысым жасауын жалғастыруда. Ендеше егер Мәскеу Украинамен бітімге келмесе, соғыс тым ұзаса, болашақта Ресейдің рублі тонналап қоқысқа тасталған Кеңес одағының рублінің жолын құшуы да ықтимал.    

Ал Ресейдің "ауыр" тағдырын арқаламау, босқа шығынға отырмау үшін Қазақстан халқы рублді сатып алуын доғарғаны жөн.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу