Сенатордың жаңсақ сөзі COVID-19 күресін жарға жыға жаздады

2262

Аңдамай сөйлегеннің арты не болатыны қазақ мақалынан белгілі. 

Сенатордың жаңсақ сөзі COVID-19 күресін жарға жыға жаздады

Әрине, арзан ұпай жинау үшін кейбір блогерлер әдейі аңдамай сөйлейді, жорта жалған айтады. Бұл олардың өз жазылушыларының назарын жалт қаратып, ақша табудың бір жолы. Ал жауапты адам, әсіресе, билік өкілі әрбір сөзін салмақтап, жеті рет өлшеп, бір рет кессе жөн.

19 қарашада Парламент Сенатында алдағы үш жылдың басты қаржылық құжаты – "2021–2023 жылдарға арналған республикалық бюджет туралы" заң жобасы қаралды. Қалыптасқан дәстүр бойынша бұл – әрбір белсенді депутаттың "жұлдызды" шағы. Кез келген жанкүйердің футболды қалай ойнау керектігін жақсы білетіні сияқты, әрбір депутат бюджеттің қалай қалыптастырылуы қажеттігін біледі. Әрі негізінен жергілікті мәслихаттар сайлайтын сенаторлар өз өңірінің жағдайын ойлайтынын, ұмытпайтынын осындайда көрсетіп қалуға тырысады.  

Пікірталас кезінде сенатор Нұрлан Қылышбаев сөз алып, Үкіметтің коронавирус инфекциясымен күресіне қатысты мәлімдеме жасады. Оның сөзін Сенаттың баспасөз қызметі ерекше бөліп таратты.

"Биыл бюджет қаражатының тиімсіз жұмсалған жайттары анықталды. Үкімет резервіндегі қаржы есебінен отандық өндірушілерден 1500 өкпені жасанды желдету (ӨЖЖ) аппараты сатып алынды. Алайда 17 өңірдегі денсаулық сақтау мекемелері соның 831-ін ғана қабылдап алған. Ал қалғандары толық жабдықталмаған болып шықты. Мысалы, Жамбыл облысында осындай олқылыққа байланысты 53 аппараттың бірде біреуі жұмыс істемей тұр. Қазіргідей күрделі кезеңде мұндай жағдайларға жол беруге болмайды", – деді Нұрлан Қылышбаев.

"Олқылығына байланысты бірде біреуі жұмыс істемей тұр". Мұндай баға сол аппаратты дайындаған кәсіпорын үшін де, оны сатып алған министрлік үшін де тас төбеден суық су төгіп жібергенмен бірдей еді.

Билік бұдан неге үрейленді?

Осының алдында көрші Ресейдің бүкіл әлем алдында абыройы төгілді. Өйткені оның ӨЖЖ аппараттары бірнеше ауруханада өрт тудырды. Мысалы, олар Мәскеудегі Спасокукоцкий атындағы клиникалық ауруханада және Петербордың Святой Георгий ауруханасында коронавируспен ауырғандардың өкпесін желдетуге пайдаланылған. 9 және 12 мамырда олар отқа оранды. Салдарынан 8 адам қаза тапты: Санкт-Петербургте екі сырқат, ал Мәскеуде – алты адам. Осылайша, ес-түссіз жатқан адамды құтқаруға тиіс ресейлік аппараттың қайта оны өлтіретіні әшкереленді.

Осыдан кейін АҚШ өзіне В.Путин гуманитарлық көмек ретінде жіберген 45 бірлік "Авента-М" ӨЖЖ аппаратының бірде біреуін пайдаланбай, жойып жіберді. BuzzFeed басылымының жазуынша, бұған біріншіден, Америка мен Ресейдің электр желілеріндегі кернеудің әртүрлі болуы және америкалық ауруханаларда арнайы адаптердің болмауы, екіншіден, ресейлік ӨЖЖ аппараттарында ақаулардың табылуы және олардың өрт тудыру қаупі себеп болыпты.

"Росздравнадзор" мамыр айында Ресейде оны пайдалануға тыйым салды. Қазақстанның ДСМ-і "Авента-М"-ді қолданбау туралы бұйрыққа тек 12 маусымда ғана қол қойды. Себебі елімізде ресейлік емес, батыстық маркадағы қондырғылар ғана пайдаланылатыны анықталды. Бұл шешім Ресейден сатып әкелінбеу үшін қабылданыпты.

Қараша айының басында Екатеринбургтегі төрелік сотта белгілі болғанындай, РФ "Орал аспап жасау зауыты" заңды бұза отырып, "Авента-М" ӨЖЖ аппаратының конструкциясына өз бетінше 900 өзгеріс енгізіпті. Ол жайында тіпті "Росздравнадзорды" хабардар етпеген. Сот шешімінде айтылғанындай, "бұл өзгерістер азаматтардың өмірі мен денсаулығына зиян әкелуге соқтырды". Нәтижесінде, бұл өнімнің өндірісіне және саудасына тосқауыл қойылды, зауытқа сапасыз тауар жеткізгені үшін айыппұл салынды. Бұл аппараттарды барлық ресейлік ауруханадан кері тасып әкету үшін ғана бюджеттен 250 миллион рубль жұмсалған.

Қазақстанда сенатор мәлімдемесінің үрей тудыруы да осыдан еді. Пікір білдірушілер, қоғам өкілдері енді біздің ауруханаларда да өрт шыға бастай ма деп қауіп білдірді. Бұл қазақстандық осы қондырғы өндірісінің тоқтауына, бизнестің шығын шегуіне соқтыратын еді.

Адал еңбекке қиянат болмасын

Мұндай жаңсақ мәлімдемені естіген индустрия және инфрақұрылымдық даму вице-министр Талғат Жанжүменов отандық аппараттардың сапасын дәлелдеу үшін өз басын бәске тікті: ең құрығанда отандық бір ӨЖЖ аппараты ақаулы болып шықса, отставкаға кететінін жариялады.

Мәселенің бағасы арзан емес: 1 аппарат – 8,9 млн теңге тұрады.

ИИДМ вице-министрі сенаторларға алдымен осы қондырғы жеткізілген ауруханаларға қоңырау соғып шығуды және аппараттардың қандай жағдайда екенін сұрастыруды ұсынды. Ал министрлікте нақты ақпарат бар көрінеді: ведомство әр техникаға төл мониторингін жүргізіп, сапасын және ақауының жоқтығын тексеріп отыр. Ол төл ӨЖЖ аппараты өндірісін жолға қою оңай шаруа еместігін, Үкіметтің тапсырмасымен бұл жұмыс Нұр-Сұлтандағы қорғаныс-өнеркәсіптік зауытта жүргізілгенін еске салды.

Демек, оған қатысты әрбір мәлімдеме байыпты болғаны абзал. Әйтпесе ол күндіз-түні еңбек еткен жұмысшылардың еңбегіне қиянат.

"Зауытта 250 жұмысшы маңызды тапсырманы орындау үшін 3 ауысыммен жұмыс істеді. Олардың барлығы ӨЖЖ аппаратын құрастыру және оның жекелеген элементтерін жасау бойынша арнайы оқудан өтті. Себебі "Биовен" аппаратының тілінің өзі ағылшынша болатын. Біздің мамандар оны орыс тіліне көшірді, ДСМ талабы бойынша әрбір аппаратқа жеке компрессор мен дымқылдатқыштарды қосымша жасалды", – деді Талғат Жанжүменов.

Бұл аппараттардың коронавируспен күресте қолданылып жатқанына біраз уақыт болған. Оның көбі Нұр-Сұлтанда қолданылуда және медицина қызметкерлері тарапынан еш шағым түспепті. Тек Семейде 1 компрессор істен шыққан, оны тәулік ішінде жаңасымен ауыстырыпты. Мемлекетке қарасты "Асселсан Инжиниринг" ЖШС шығарған отандық 1500 ӨЖЖ аппаратын индустрия министрлігі ел Үкіметінің резерв қаражатына сатып алды.

Денсаулық сақтау министрлігі де жоққа шығарды

"Денсаулық сақтау министрлігі күн сайын 297 медициналық ұйымға құрылғылардың жеткізілуін бақылап отыр. Қазіргі уақытта медициналық ұйымдардың барлығы 1500 құрылғыны қабылдау актілеріне қол қойды. Осылайша, олар пайдалануға дайын", – деді денсаулық сақтау вице-министрі Әсем Нүсіпова.

Оның түсіндіруінше, келісімшарттың негізгі талабы бойынша әр аппарат техникалық ерекшелікке сәйкестігін қайта тексергеннен кейін, ғана қабылданады. Содан соң құрылғыларды орнату, реттеу, іске қосу, сипаттамаларын тексеру, бағдарламалық қамтылымға қол жеткізу үшін сервистік кодтар бойынша білікті мамандарды оқыту жүргізіледі.

"Барлық құрылғы осы сынақтан өтті, олар дымқылдатқыштармен, компрессорлармен және басқа да қажетті компоненттермен жабдықталған", – деген Әсем Нүсіпова сенатор ескі ақпаратты, атап айтқанда "қараша басында өңірлерге жеткізілген аппараттар кезең-кезеңімен пайдалануға беріліп, қажетті инсталляциялау, ретке келтіру рәсімдері өтіп жатқанда жасалған мониторинг деректерін" алға тартқанын атап өтті. Бірақ сол кездің өзінде барлық 1500 аппарат еліміздің өңірлеріне жеткізілген. Яғни, жетпеді дегені жалған.

"Шығыс Қазақстан облысына келетін болсақ, облыстың денсаулық сақтау басқармасының мәліметінше, барлық 100 аппарат өңірдің 34 ауруханасына жеткізілген, пайдалануға дайын. 1500 ӨЖЖ аппаратын жеткізу аяқталды, барлық аппараттар жұмыс жағдайында. Барлық аппаратқа 37 ай кепілдік беріледі", – деді вице-министр.

Жанат Ардақ


Atameken Business Telegram каналына жазылып, маңызды ақпараттардан бірінші болып құлағдар болыңыз!

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу