Степногорлықтар биліктің улы заттар полигонына қатысты әрекетін тойтарды

1928

Бірнеше елдімекеннің белсенділері улы заттар өңделетін өнеркәсіптік кешеннің ашылуына қарсы көтерілген, деп жазады Inbusiness.kz

Степногорлықтар биліктің улы заттар полигонына қатысты әрекетін тойтарды

Қауіпті заттарды полигоннан қалаға көшіргені несі?

Бұл жанжал біраздан бері ашыған қамырдай күмпиіп келе жатқан. Өткен жылы үрейлі жаңалық қоқыстарды утилизациялаумен айналысатын "Оператор РОП" ЖШС  сайтында жарияланды. Онда кеңес заманынан қалған атышулы "Дарьял-У" полигонынан ПХД-қалдықтардың Степногорға жеткізілгені хабарланды.

Экология министрлігінің мәліметінше, "Оператор РОП" аталған полигондағы залалды конденсаторларды жою процесін тең қаржыландырмақ. Ведомствоның бағалауынша, Кеңес Одағының "Дарьял-У" полигоны объектілерінің полихлордифенилі (ПХД) бар конденсаторларын Балқаш көлі жағалауында орналастыруы – "Қазақстанның ең елеулі экологиялық проблемаларының бірі" еді. Былтыр бұл аса зиянды заттардың Степногордағы алаңға уақытша сақтауға жеткізілгені хабарланды.

"ПХД-сы бар конденсаторларды қайта қаптауға, әкетуге және уақытша сақтауға қатысты тендерді "Эколюкс-АС" ЖШС жеңіп алды. Компания Ақмола облысының Степногор қаласында тіркелген. Импорттаушылардан утилизациялық алым жинайтын "Оператор РОП" ЖШС бұған 110 миллион теңге бөлді. Бұған қоса, "Эколюкс-АС" қалдықты утилизациялайтын демонстрациялық зауытты жеткізу бойынша БҰҰ-ның UNIDO ұйымының грантына ие болды. Конденсаторларды компания өз қоймасында 2 жылдан артық емес уақыт бойы сақтауға тиіс. Содан кейін арнайы құрылғы көмегімен утилизациялауы шарт", – делінген "Оператор РОП" сайтындағы хабарламада.

Онда "Дарьял-У" полигонынан 300 тоннадан астам қауіпті жүк жөнелтілгені" айтылған.

"Оператор РОП" ЖШС басқарма төрағасы Медет Құмарғалиев кеңестік полигоннан бұған дейін 10 мың жабдық әкетілгенін, тағы 6 мыңы сол жерде қалып қойғанын айтады.

Масқарасы сол, бұл улы жүкті қоймада ұзақ сақтауға болмайды екен: осының алдында ұзақ сақтау салдарынан конденсаторлардың сыртқы металын тат басып, коррозияға ұшыраған, соның кесірінен қоршаған орта ластанған. Контейнерлер сақталып келген екі қоймадан алынған сынама ПХД-ның рұқсат етілген мөлшерден 95 мың есе асып түскенін әшкереледі. Қарағанды облысының Табиғи ресурстар және табиғатты пайдалануды реттеу басқармасы дерегінше, Балқаш жағалауында алынған барлық су сынамаларынан да улы заттар табылды.

Ендеше ертең осы улы заттар енді Степногор түбінде нормадан 95 мың есе асып жатпай ма? Жауап жоқ.

Биліктің үнсіздігі бұқараға ұнамайды

Жалпы, кеңес кезінен бері қордаланған бұл проблеманың шешілуін барша қазақстандықтар жақтаса керек. Оның үстіне Балқаш – бүкіл халықтың игілігі болып табылады.

Алайда жоюды жүзеге асыру бойынша тендерді степногорлық кәсіпорынның жеңіп алуы степногорлықтардың төбе шашын тік тұрғызды. Содан тұрғындар мен экобелсенділер бірігіп, бұл жобаға қарсы көтерілді. Наразылық білдіруде әсіресе, полигонның конденсаторларын утилизациялайтын кешен салынады деп жоспарланған алаңға жақын орналасқан Степногор қаласының және оған іргелес Заводской, Ақсу, Кварцитка елді мекендерінің жұртшылығы белсенділік танытты.

Заводская кентінің тұрғыны, микробиолог, экобелсенді Нина Оразбаеваның айтуынша, халықтың толқуын басу үшін билік өкілдері Степногорда полихлордифенил және басқа да ластаушы заттарды кәдеге жаратын кешеннің құрылысына тыйым салынғанын айтыпты.

"Бірақ біз биліктің осыны ресми растағанын қалаймыз. Шынымен оған тыйым салу туралы түпкілікті шешім шықты ма? Әйтпесе, "Эколюкс-АС" компаниясы қалдықтарды полигоннан Степногор жаққа алып кетті деген. Осыған жауапты Экология министрлігі әлі күнге ресми, нақты позициясын жариялаған жоқ. Ол осы объектінің Степногорда немесе оған іргелес елді мекендерде пайда болмайтынын үзілді-кесілді айтуы керек. Біз өзіміз бен балаларымызды алда не күтіп тұрғанын білуге тиіспіз!", – дейді Нина Оразбаева.

Биылғы маусымда Степногор әкімдігі ресми сайтында: "Аталған жобаны қала аумағында орналастырудан бас тартылатын болады" деп қысқа ғана ақпарат беріпті. Содан бері тым-тырыс.

"Мұндай егжей-тегжейі жоқ, қысқа қайырған мәлімдемеге халық сенбейді. Әкімдер мен Үкіметтегілер жобаға қатысты кесімді шешімін білдіруге тиісті. Тіпті Степногор аумағында орналастырылмаса, онда жоба басқа бір елді мекенде, не өзге өңірде тып-тыныш қана жүзеге асырылуы мүмкін. Сондықтан билік бұл жобаның мүлдем тоқтатылғанын немесе доғарылмаса, ол кешен еліміздің қандай аймағында, қандай қала не ауылына жақын жерде, қашан салынатынын нақты айтулары қажет", – дейді қоғам белсендісі.

Билік не ұйғарды?

Халықты алаңдатқан сауалға Ақмола облысының әкiмi Ермек Маржықпаев жауап берді.

Оның мәліметінше, "Озон қабатын бұзатын заттарды және тұрақты органикалық ластаушы қалдықтарды термикалық жою және мұздатушы-климаттық жабдықтарды өңдеу бойынша өнеркәсіптік кешен құрылысының" жұмыс жобасы болған. Осы орайда Ақмола облысының Табиғи ресурстар және табиғатты пайдалануды реттеу басқармасы жұмыс жобасының қоршаған ортаға келтіретін зиянын бағалау жобасы қаралған қоғамдық тыңдаулар өткізіпті. Рас, пандемияға байланысты ескі дәстүрмен залға халықты жинамаған, онысы жай ғана бейнеконференциялық байланыс түрінде, онлайн өткен. Тыңдау "Эколюкс-АС" ЖШС үшін ұйымдастырылған. Жобаны шетелдік ұйымдар емес, жергілікті "ҚазЭкоИнвест-А" ЖШС әзірлепті.

Қоғамдық тыңдаудың өтетіні туралы хабарландыру 2021 жылғы 13 мамырда "Акмолинская правда" газетінде мемлекеттік және орыс тілінде жарияланған көрінеді. Нәтижесінде, биылғы 14 маусымда қоғамдық тыңдау өтті.

"Тыңдауға мүдделестік білдірген қоғам белсенділері мен тұрғындар, Степногор әкімдігінің және қоршаған ортаны қорғау саласындағы уәкілетті органның өкілдері қатысты. Қорытындысында қатысушылардың 76%-ы Степногор ауданы аумағында кешенді орналастыруға қарсы пікір білдірді. Экологиялық заңнамаға сәйкес, мемлекеттік экологиялық сараптаманың оң қорытындысынсыз объект құрылысын жүргізуге тыйым салынған. Ондай сараптаманы Ақмола облысы бойынша Экология департаменті жүргізеді. Қазіргі уақытта бұл жоба сараптамаға сол бойы келіп түспеді", – деді облыс әкімі.

Қалай болғанда, Степногор ауданының белсенділері өз аумағын бұл жолы қорғап қалғанға ұқсайды. Егер улы заттарға қатысты жоба өзге елді мекенге не басқа өңірге көшірілсе, ондағы жұртшылық дәл осылай белсенділік таныта алар ма екен? Оны уақыт көрсетеді.

Жанат Ардақ


Atameken Business Telegram каналына жазылып, маңызды ақпараттардан бірінші болып құлағдар болыңыз ! 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу