banner

Техникалық байқау талаптары күшейтілді

160 техникалық байқау орталығы жұмысын уақытша тоқтатты. 

Техникалық байқау талаптары күшейтілді

Бұдан былай көлікті техникалық байқаудан  "бармақ басты, көз қысты" әрекет арқылы өткізу қиындайды. Көлік комитетінде өткен баспасөз мәслихатында ведомство өкілдері осындай мәлімет айтты.

Биыл жазда интернетте техникалық байқауды WhatsApp арқылы рәсімдеуді ұсынған хабарландырулар тарап, Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі елдегі аталмыш қызметтің заңға сәйкес өтетінінен күмән келтірген болатын. Тіпті азаматтардың жеке көлігін техникалық байқаудан босату туралы ұсыныстар да айтылған. Көлік комитеті төрағасының орынбасары Данияр Қоспабаев осы ұсыныстар мен сын-ескертпелерге жауап ретінде  техникалық байқаудан өткізудің бірыңғай талаптарын енгізілгенін айтады.

"Қазақстанда 645 техникалық байқау операторы бар. Олардың құрамына 1000 байқау орталығы кіреді. Жыл сайын техникалық байқауға екі миллионнан астам көлік келсе, оның  1,8 миллионы байқаудан өтеді. Яғни 5%-ы техникалық байқаудан өтпей қалған. 2012 жылы бұл көрсеткіш 13% көлемінде болған", – деген комитет өкілі бұл жағымды тенденция халықтың астындағы көлігіне күтіммен қарап, өз қауіпсіздігін көбірек ойлай бастады дегенді білдірмейтінін айтады. 7 жыл бұрын техникалық байқау қызметін бәсекелі ортаға жіберудің нәтижесінде байқаудан өту процедурасы көлік иелері үшін жеңілдей түскен.

Саладағы бейберекет әрекеттерді жойып, орталықтардың жұмысын тәртіпке келтіру үшін "Ұлттық ақпараттық технологиялар" акционерлік қоғамы бірыңғай жүйе дайындапты. Бұдан былай техникалық байқау шарасы осы жүйе арқылы бақыланбақ.

"ҰАТ" АҚ басқарма төрағасының орынбасары Дәулет Бекманов бірыңғай талапқа сай болмаған 160 орталықтың бірыңғай жүйеден шығарылғанын айтады.

"Техникалық байқау орталықтарының жұмысын қамтамасыз ететін бағдарламаның талаптарын шілде айында бекіткен болатынбыз. Негізі бұл талаптар 2017 жылда бері қолданыста.  Бірақ орталықтар ол талапты елемей келген еді. Көлік байқау орталығына кірген кезде арнайы бағдарлама мемлекеттік тіркеу нөмірін өздігінен анықтауы керек. Яғни қолмен ақпарат енгізу мүмкін болмауға тиіс. Осы талапқа сай келмейтін бағдарламамен жұмыс істейтін 160 орталықтың жүйеге кіретін кілтін қайтарып алдық. Енді олардың өз бағдарламаларын жетілдіріп, қатарға қосылуын күтіп отырмыз", – деді Дәулет Бекманов.

Көлік комитетінің өкілі Данияр Қоспабаев аталмыш орталықтардың қазіргі тағдыры оларға арнайы бағдарлама ұсынған ресейлік кәсіпорындарға байланысты екенін ескертті.

"Қазір техникалық байқау орталықтары  5 түрлі бағдарламамен жұмыс істейді. Соның үшеуі тексеруден сәтті өткен. Ал 2 ресейлік бағдарлама тексеруден өтпей қалды. Бағдарламаны жасаған компания анықталған кемшіліктерді жоюға міндет алды. Қосымша тексеруден кейін, ол бағдарлама да жүйеге енгізілуі мүмкін", – деді ол.

Есімжан Нақтыбайұлы

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу