Түрме реформасының сәтсіз жобасы

Абылай Бейбарыс Абылай Бейбарыс
2418

Электронды білезік сотталушылардың сағын сындырды. 

Түрме реформасының сәтсіз жобасы

Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында Қазақстан бас бостандығынан айрылған адам санымен әлем бойынша АҚШ пен Ресейден кейінгі орында тұрды. Антирейтингтен шығу үшін үкіметке сотталғандардың санын қысқарту қажет болды. Бұл үшін қылмыстық заңнаманы жетілдіру мен ізгілендіруге бағытталған 70-ке жуық заң қабыл­данып, қолданысқа бас бостандығынан айырудың балама жазасы енгізілді. Нәтижесінде Қазақстан халықаралық түрме индексінің көрсеткішінде әлем бойынша 3 - орыннан 68 -орынға жылжып, рейтингтегі позициясын жақсартты. Алайда заңнаманы одан әрі ізгілендірудің әлеуеті таусылды. Өйткені түрмеде жазасын өтеп жатқандардың 95%-ын – ауыр, аса ауыр және бірнеше рет қылмыс жасаған қылмыскерлер құрады. Мұндай адамдарға рақымшылық жасалмайды. Ал олардың әрқайсысын киіммен, тамақпен және жатар орынмен қамтамасыз етуге мемлекет орта есеппен жылына 1 млн теңге жұмсайды. Көрсетілген шығынды қысқарту және сотталғандардың санын азайту мақсатында үкімет 2012 жылы пробация қызметі туралы заң қабылдап, қылмыстық инспекция құрамында пробация бөлімшелерін құрды. Осы заң аясында 2013 жылы қолданысқа электронды білезік енгізу бастамасы көтерілді. Бұл құрылғы жеңіл және алғаш рет қылмыс жасағандарды бірден тар қапасқа қамамай, жазасын белгіленген шектеулер арқылы бостандықта өтеуге мүмкіндік беруді көздеді. Сол кездегі Ішкі істер министрі Қалмұханбет Қасымов электронды білезік 2015 жылдан бастап қолданылатынын мәлімдеді. Жобаға республикалық бюджеттен 2,5 млрд теңге бөлінетін болды. Тіпті алматылық инженер Таир Балбаев электронды білезіктің отандық нұсқасын әзірлеп үлгерді. Бұл туралы ол: "Электронды білезік ауыр қылмыс жасамаған адамдарға жазасын түрмеден тыс жерде өтеуге мүмкіндік береді. Құрылғы

сотталушының аяғына немесе қолына тағылады. Электронды білезік адамның денесін қажамайды. Оны шешіп тастау мүмкін емес. Электронды білезік сотталушыға қатысты мәліметті ішкі істер министрлігіне үздіксіз жеткізіп тұрады. Құрылғының батареясы 3-5 жыл үздіксіз жұмыс істейді. Электронды білезік соққыға төзімді, онымен суға да түсе беруге болады", – деді.

Жарнамасы жер жарған электронды білезік 2015 жылы қолданысқа енгізілген жоқ. Себебі бюджеттен қаржы қарастырылмай қалды. Кейін Қалмұханбет Қасымов Қазақстан электронды білезікке 2018 жылы көшетінін мәлімдеді. Бұл да бос сөз, құр уәде болды.

Айта кетейік, бас бостандығынан айырылған азаматтарды бақылауға арналған электронды білезік 1950 жылы ойлап табылып, алғаш рет 1983 жылы қолданылды. Бүгінгі таңда оны әлемнің 60 елі пайдаланады.

Депутат Тұрғын Сыздықовтың сөзінше, сотталғандарды "білезіктендіру" бағдарламасының "сіркіреуінен күркіреуі" көп болған. Салдарынан "түрме тұрғындарының" санын азайту жобасы орта жолда қалған.

"Кезінде үкімет пен бас прокуратура электронды білезік мемлекеттің бір сотталушыға жұмсайтын қаржысын 3 есе үнемдейтінін мәлімдеді. Мақсатқа жету үшін қылмыстық-атқару жүйесі комитеті "Түрме-пробацияның орнына электронды білезік" деген атпен түрмелерді реформалау бағдарламасын жариялады. Бұдан кейін "Түрмелердің санын азайту жөніндегі он шара" жобасын іске қосты. Бұл іске "Қазғарыш" ұлттық агенттігі белсенді қатысты. Одан кейін мәжілісте үкімет сағаты өтті. Онда жоғары деңгейде, пайдалануға дайын жабдықтардың көрмесі ұйымдастырылды. Электронды білезік инвестициялар және даму министрлігінде сынақтан, салалық сараптамадан өтті. Жоба 2018 жылы іске асырылуға тиіс болды. Бірақ аяқсыз қалды. Экономикалық тиімділігі дәлелденген жоба үкімет деңгейінде қайта қаралып, түрме реформасының тыңына түрен салуы керек. Бұл үшін электронды білезікті қолданысқа енгізу қажет", – деді депутат.

Абылай Бейбарыс

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу