Үкімет басшысы жылқыға қатысты тосын жайтты жариялады

2943

Жылқы шаруашылығы "дүркіреп" дамуда. 

Үкімет басшысы жылқыға қатысты тосын жайтты жариялады Фото: canva

Қазіргі кезде қазақстандықтар биологиялық белсенді қоспалардан ("БАД") қазақы өнімге көшуде.

"Бір ай болды, таблеткідегі "Саумалды" ішіп жүрмін. Таныстарымның біразы соны пайдаланады. Керемет пайдасы бар дейді. Мен әзірге әсерін сезінген жоқпын. Бірақ құтысында кем дегенде 3 ай бойы ішу керектігі жазылыпты. Отандық өнім сияқты, қорабында қайда өндірілгені айтылмайды, тек "Алматыда қапталған" деп көрсетілген", – дейді Астана тұрғыны Күлпәш апай.

Қазақстан жыл сайын 170 мың тоннадан астам жылқы етін өндіреді. Кем дегенде 33,4 мың тонна сүтін алады. Алайда бұл мол ресурстың дені өңделмейді, шикізат, ет түрінде желінеді, қымыз түрінде ішіледі.

Ішкі нарықтың өзінде жылқы өнімдерін сату жүйесі реттелмеген. Шетелден сапасыз арзан ет импорттауға мәжбүрміз. Бие сүті мен қымыз – жай ғана дәстүрлі сусын емес, денсаулыққа шипасы мол функционалдық тағам. Сондықтан жылқы еті мен сүтін өңдейтін кәсіпорындар ашып, сапалы өнімін шетелге экспорттау – мемлекеттік маңызды міндет.

Қазақстанның шетелдік нарыққа да құрғақ бие сүтімен шыққалы отырғанын депутаттарға Премьер-министр Олжас Бектенов хабарлады.

Оның мәліметінше, Ауыл шаруашылығы министрлігі экспортқа бағытталған өнімдерді, соның ішінде құрғақ бие сүті мен жылқы етін шет мемлекеттердің ветеринариялық талаптарына сәйкестендіру бойынша жұмыстар жүргізуде.

"Жылқы етін және бие сүтін өндіру мен өңдеу бағыттарында оң серпін байқалады. Соңғы бес жылда жылқы етінің өндірісі 30%-ға артып, 170,9 мың тоннаны құрады. Ал, бие сүтінің өндірісі 21%-ға өсіп, 33,4 мың тоннаға жетті", – деді Бектенов.

Ауыл шаруашылығы өнімдерін өңдеуді, соның ішінде жылқы еті мен бие сүтін қайта өңдеуді ынталандыру үшін бұл бағыттар Солтүстік Қазақстан облысының тәжірибесі бойынша, яғни, ауылдықтарға 2,5% ставкасымен 10 жылға дейінгі мерзімге арзан несие беру жолымен Әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациялар арқылы қаржыландырылатын жобалар тізбесіне енгізілді.

Сондай-ақ, "Аграрлық несие корпорациясы" АҚ арқылы өңдеуші кәсіпорындарға айналым қаражатын толықтыру мақсатында 5% ставкасымен жеңілдетілген несие беру тетігі іске асырылуда.

Бұл – кредит қана. Алайда жылқы шаруашылығына қайтарымсыз берілетін субсидия жоқтың қасы. Премьер-министр соңғы 5 жыл ішінде жылқы шаруашылығын дамытуға бюджеттен 9,4 млрд теңгеден астам қаражат бағытталғанын мәлімдеді. Әр жылға орта есеппен 1,8 миллиардтан ғана келеді.

Оның үстіне демеуқаржы енді екі еседей азайтылыпты: 2025 жылға небары 900 млн теңге қарастырылды. Бұл мысалы, Феррари Purosangue маркалы 3 көліктің бағасы. Депутаттар жылқы шаруашылығына молырақ субсидия бөлуді бұрыннан сұрап келеді.

Бірақ сала онсыз да жақсы дамуда және бұл Үкіметті қанағаттандырады. Премьер-министр 2024 жылдың қорытындысы бойынша еліміздегі жылқы саны 4,4 миллион басқа жеткеніне, бұл 1991 жылғы көрсеткіштен 2,5 есе жоғары екеніне назар аудартты. Айтқандай, Қазақстан азаттық алғалы бері төрт түліктің бірде бірі осындай серпінді өсімге қол жеткізе алмады.   

Жалпы, жылқы шаруашылығымен айналысатын бизнес субъектілері егер осы мақсатта техника мен жабдық сатып алса, соған жұмсаған инвестициясының 25%-ға дейінгі көлемі бюджеттен өтеледі екен. Жылқыны, жабдықты сатып алуға жеңілдетілген несиелер мен лизинг алу мүмкіндігі қарастырылған көрінеді.  

Үкіметтің дерегінше, АӨК-ті дамытудың 2021-2030 жылдарға арналған тұжырымдамасы аясында жылқы шаруашылығын дамыту жөніндегі іс-шаралар жоспары әзірленуде. Оның аясында:

  • жылқы басын әрі қарай көбейту,
  • тұқымдық іріктеу-селекция жүйесін жетілдіру,
  • ветеринариялық қауіпсіздікті қамтамасыз ету,
  • кадрлық әлеуетті күшейту,
  • ғылыми зерттеулерді дамыту және өнім экспортын кеңейту жөніндегі шаралар көзделеді.

"Ақтөбе облысында Қазақ жылқы шаруашылығы және мал азығын өндіру ғылыми-зерттеу институты құрылды. Оны дамыту үшін Ұлттық аграрлық ғылыми-білім беру орталығы облыс әкімдігімен бірлесіп, оның орналастырылуы, қаржыландырылуы және кадрмен қамтылуы шараларын қамтитын кешенді жоспарды бекітті. Институт базалық қаржыландыру алушылар тізбесіне енгізіліп, 2024 жылы 53,3 млн теңге бөлінді. 2026 жылғы бағдарламалық-нысаналы қаржыландыру жобаларына енгізу мәселесі пысықталуда", – деді Бектенов. 

Мәжіліс депутаттары отандық мектеп бағдарламаларына жылқының қазақ мәдениеті мен тарихындағы орнын жүйелі қамту үшін жылқының анатомиясы, күтімі, ерекше қасиеттері жайлы арнайы модуль енгізуді ұсынған еді. 

Бүгінде ипподромдардың көбі жаңартуды қажет етеді, кейбір өңірде атшабар атаулы мүлдем жоқ. Осыған байланысты Мәжіліс өңірлерде кемінде 5 заманауи ат спорты кешенін салу бастамасын көтерді. Үкіметтен қолдау таппады.

Депутаттар Алматыдағы кезінде сатылып кеткен үлкен ипподромды қайтадан коммуналдық меншікке қайтаруды сұрады.

Үкімет басшысының мәліметінше, Алматы қаласындағы ипподромда мәдени және спорттық іс-шаралар өткізу үшін оның инфрақұрылымын алдымен жаңғырту, реконструкциялау қажет.

Мәселе тағы бюджет тапшылығына тіреледі. Осыған байланысты Бектенов уәкілетті органдардың түрлі қайнар-көзден қажетті инвестицияларды тарту мәселесін қарастыратынын уәде етті.

"Жылқының қазақ тарихындағы рөлін символикалық тұрғыдан мойындау – уақыт талабы! Көптеген мемлекеттерде жылқыға арналған ұлттық күндер бар. Қазақстанда да "Тұлпар күні" деген арнаулы датаны бекітуді ұсынамын. Жылқы тек тарихи мұра емес, экономиканың, спорттың, білім мен медицина салаларының, ұлттық идиологияның толыққанды бір бөлігіне айналуға тиіс", – деп ұсынды таяуда мәжілісмен Аманжол Алтай.

Бірақ оның бұл ұсынысы да өтпегені енді анықталды.

"Жалпы, "Тұлпар күні" деген арнайы мерекені бекітуге келетін болсақ, маусым айының екінші жексенбісі Қазақстанда "Малшылар күні" кәсіби мерекесі ретінде белгіленгенін хабарлаймыз. Ол Еңбекминінің 2023 жылғы 29 маусымдағы №258 бұйрығымен бекітілген. Аталған мереке жылқы шаруашылығы саласының мамандарын да қамтиды. Биыл осы мереке аясында ауылдың шамамен 200 қызметкері, оның ішінде жылқы шаруашылығының 30 маманы марапатталды", – деді Үкімет басшысы.

Сонымен бірге, ол БҰҰ Бас ассамблеясының шешіміне сәйкес, 11 шілдеде ұйымға мүше мемлекеттерде "Дүниежүзілік жылқы күні" атап өтілетінін қаперге салды.

Қазіргі кезде жылқының қасиеті дегенде ең алдымен заманауи үлгісінің бірі – иппотерапия еске түседі. Өйткені бұл ерекше қажеттіліктері бар балаларды тиімді оңалтудың ғылыми тұрғыда дәлелденген әдісі. АҚШ, Германия, Канада сияқты елдерде бұл тәжірибе ұлттық денсаулық сақтау жүйесіне енгізілген.

Зерттеулер көрсеткендей, атқа міну аутизм, сал (ДЦП) және басқа да неврологиялық диагноздармен өмір сүретін балалардың қозғалыс координациясын, сөйлеу және эмоционалдық дамуын едәуір жақсартады.

Бұл дімкәстікке душар болғандар Қазақстанда жыл санап көбейіп барады. Осыған байланысты иппотерапияны кепілдендірілген тегін медкөмек (ТМККК) және МӘМС пакеттеріне енгізіп, кең өрістетіп, мамандар даярлап, өңірлерде оңалту орталықтары жанынан бөлімшелер ашу қажет, дейді депутаттар. Бұл – инклюзивті қоғам құруға жасалған нақты қадам болар еді.

Кемтар балаларға қызмет көрсететін, сол қызметі үшін мемлекеттен қолдау көрсететін ат клубтары, спорт секциялары жоқтың қасы. 

"Денсауминнің 2020 жылғы 30 қазандағы №ҚР ДСМ-170/2020 бұйрығымен иппотерапия кепілдендірілген тегін медициналық көмектің көлемі және МӘМС жүйесі аясында көрсетілетін қызметтер тізбесіне онсыз да енгізілген. Қазіргі уақытта иппотерапияны балаларға арналған "Неврология және нейрохирургия" бейіні бойынша емдеудің екінші кезеңінде медициналық оңалтудың клиникалық хаттамасына енгізу мәселесі қарастырылуда. Жылқы шаруашылығын дамыту мәселесі Үкіметтің бақылауында", – деп қысқа қайырды Бектенов.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу