banner

Үкімет майнинг фермаларға мораторий енгізуі мүмкін

2321

Құзырлы құрылымдар жасырын майнинг кәсіпорындарын анықтауға және бүкіл елді қамтитын жаппай ревизия жасауға кіріспек. 

Үкімет майнинг фермаларға мораторий енгізуі мүмкін

Қанша қуат тұтынса күдікке ілігеді?

Энергетика министрлігі еліміздің жаңа бас энергетигі Мағзұм Мырзағалиевтің "Цифрлық майнинг бойынша қызметті жүзеге асыратын тұтынушылардың электр қондырғыларының кейбір мәселелері туралы" деген жаңа бұйрығының жобасын әзірледі.

Құжаттың біраз жаңалығы бар. Ол арқылы Энергетика министрі жүйелік операторға, яғни "KEGOC" Қазақстанның электр желілерін басқару жөніндегі компаниясы" АҚ-ға бірнеше тапсырма жүктейді.

Біріншіден, KEGOC еліміздің барлық өңірінде энергия өндіруші және электр таратушы ұйымдармен тізе қоса отырып, осы бұйрық қолданысқа енгізілген күннен бастап 10 күндік мерзімде тұтынушылардың электр қондырғыларын электр станцияларына, ұлттық және өңірлік электр желілерге қосу жөніндегі техникалық шарттардың бәріне жаппай ревизия жүргізіп шығуға тиіс.

Мұндағы мақсат не? Абоненттер арасында цифрлық майнинг қызметін заңсыз жүзеге асыратындарды табу. Олар 1 мегаватт және одан жоғары қуат тұтынатын нысандар арасынан ізделеді. Мысалы, қарапайым пәтер не гараж осынша электр шығындайтын болса, бұл қалыпты жайт емес, себебі бұл – тұтас зауыт тұтынатын көлем.

Екіншіден, ашық, заңды жұмыс істегісі келетін жаңа майнинг фермаларға да шектеу қойылады. Осы мақсатта екі жылға өзіндік мораторий енгізілетін болады. Қолданысқа енгізіліп қойылған биткоин өндіруші кәсіпорындарға да шектеу қойылмақ.

"Жүргізілген түгендеу-ревизия қорытындысы бойынша Энергетика министрлігінің Атомдық және энергетикалық қадағалау мен бақылау комитетіне ақпарат ұсынылады. Цифрлық майнинг қызметін жүзеге асыратын тұтынушылардың электр қондырғыларын желіге қосуға техникалық шарттар беру кезінде олардың қуаты 2 жыл мерзімге 1 мегаваттқа дейін шектеледі. Бұл ретте цифрлық майнинг қызметін жүзеге асыратын тұтынушылардың қолданыстағы электр қондырғыларына арналған жиынтықты қуат 100 мегаваттан аспауға тиіс", – деп атап өтті Энергетика министрі.

Рас, бұл шектеу нарықтың кейбір ойыншыларына таралмайды: егер майнинг ферма не кәсіпорын төл гидроэлектр станциясын салып алса, не қайта қалпына келетін қуат көздерін пайдаланса, немесе энергияны көрші елдерден импорттаса, онда электр тұтынысын шектемесе болады.

"Осы бұйрықтың күші судың гидродинамикалық энергиясын және жаңартылатын энергия көздерін пайдаланатын энергия өндіруші ұйымдардың электр энергиясын, сондай-ақ импортталатын электр энергиясын тұтынатын цифрлық майнинг қызметін жүзеге асыратын тұтынушылардың электр қондырғыларына қолданылмайды", – делінген бұйрық жобасында.

Мораторий мен шектеу шамамен жыл соңында немесе келесі жылдың басында күшіне енеді деп күтілуде: бұйрық алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік 60 күн өткен соң ғана қолданысқа енгізіледі.

Майнерлер энергетикалық дағдарысқа түрткі бола ма?

Дәл қазір елімізде қанша майнинг ферма не кәсіпорын жұмыс істеп жатқаны туралы нақты статистика жоқ. Энергетика министрлігі соны нақтылау үшін осы қадамға барып отырса керек.

Себебі таяуда Қазақстан криптовалюталар өндірісі жөнінен әлемде екінші орынға шықты. Бұл Кембридж университетінің зерттеуінде айтылған. Оған сәйкес, Қазақстанның жаһандық биткоин өндірісіндегі үлесі 18%-ға жетіпті. Цифрлық даму министрлігінің дерегінше, өткен жылы 6 пайыз ғана болған.

Бұл рейтингте 35,4% үлесімен АҚШ жаһандық көшбасшы атанып отыр. Үштікті әлемдік майнингтегі 11% үлесімен Ресей тұйықтады.

Айта кету керек, жыл басында рейтинг басында Қытай тұрған. Осы жаһандық ең ірі майнинг орталығы 4 ай ішінде көрсеткішін 46%-дық үлестен 0-ге бір-ақ құлатты. Себебі ҚХР биылғы қыркүйектен бастап, криптовалюта өндірісіне өзінде толық тыйым салды. Енді майнинг қаржылық қылмысқа теңестірілді, ол үшін қатаң жаза бар.

Бұл елдің майнерлері биылғы жаздан бастап, барлық жабдықтарын буып-түйіп, көлікке тиеп, шетелге ауа бастады. Bloomberg мәліметінше, қытай майнерлері арасында ең танымал бағыт – Қазақстан. Екінші орында – Американың Техасы. Өйткені екеуінде де электр энергиясы арзан. Қазақстанға бірнеше мың қондырғы көшірілді, бірақ ханзу елі майнерлердің қоныстануы жалғасып жатқан көрінеді. Егер жаңа бас энергетик тегеурінді қимыл, пәрменді іс танытып, бұл алапат ағынға тосқауыл қойса, шығыс көршіден беттеген ұлы көш тоқтайды.

Егер тоқтау сала алмаса, онда Қазақстан АҚШ-ты да басып озып, осы салада әлемдік көшбасшы атануы ықтимал. Онда Қазақстан алапат энергетикалық дағдарысқа ұшырауы мүмкін. Мұның алдында майнерлер Иранда энергокризис тудырып, елдің қуат жүйесін жайратып кете жаздаған. Иран майнингке шектеу қою арқылы ғана әзер еңсе тіктеді.

Салыстыра кетсек, майнинг бойынша көшбасшылар қатарына кіргенше, 2018 жылы Қазақстанда 106,8 млрд кВт/сағат қуат өндірілген. Осының өзі ішкі нарыққа артығымен жеткен. Нәтижесінде, еліміз 4,53 млрд кВт/сағат электр энергиясын шетелге экспорттады.

Майнинг кәсіпорындар қаптағалы ішкі тұтыныс үрей туғызатындай қарқынмен өсуде. 2019 жылы республика 106 млрд кВтч/сағат қуат өндірген, оның 105,1 млрд кВт/сағатын өзі тұтынды. Былтырғы 2020 жылы өндірілген электр энергиясының жалпы көлемі 108,1 млрд кВт/сағатты құраса, ішкі тұтыну 107 миллиардтан асты.

Жуырда энергетика министрі Мағзұм Мырзағалиев KEGOC деректеріне сүйене отырып, қуат тұтыну көлемі елімізде бір жыл ішінде ғана 7%-ға өсіп шыға келгенін хабарлады. Бұрынғы жылдары өсім 2 пайыздың айналасында ғана болатын. Қарқынды өсу Қазақстанда майнингтік дата-орталықтар санының күрт артуымен байланысты.

Жалпы егер шектемесе, бір майнинг ферма мысалға, Екібастұз ГРЭС-2 өндіретін электр қуатын бір өзі тұтына салады. Мәселен, тыйым салынғанға дейін бір Қытайда майнинг кәсіпорындары әлемдегі 84 мемлекет тұтынатын көлемде қуатты шығындаған.

Азғантай алым не үшін қажет?

Әрине, басқа да пікір бар. Төл майнинг фермасының иесі, бағдарламашы Болат Кемелбек қуат бәріне жетеді деген пікірде.

"Энергетика министрлігінің мәліметінше, Қазақстанда қолданыстағы отандық станциялардың саны 204, олар қазіргі қажеттілікті толық өтеп тұр. Егер толық қуаттылығында жұмыс істесе, жабдықтарын жаңғыртса, одан да көп қуат өндіре алады. Бұған қоса, Қазақстан алдағы 5 жылда жалпы көлемі 3 мың мегаватт шығаратын жаңа газ станцияларын іске қоспақ. Сонымен бірге жаңғыратын энергия көздерінің жаңа қуаттылықтары қолданысқа беріледі деп жоспарланған. Осының арқасында ЖЭК-тің жалпы энергетикадағы үлесі 2025 жылы 6%-ға, 2025 жылы 15%-ға жеткізілмек", – дейді ол.

Сондай-ақ Президенттің тапсырмасымен АЭС салынбақ.

"Осы қуаттың бәрін кім тұтынады? Бұл майнинг индустриясының дамуына да жетеді. Тек жасырын, көлеңкелі өндірушілердің өркен жаюына жол бермеу керек", – деді майнинг-кәсіпкер.

Оның үстіне бұл сала бюджетке жақсы салық түсіруі мүмкін.

Салықтық эксперт Айдар Масатбаев биылғы шілдеде майнингке жаңа салық енгізетін заң жобасы қабылданғанын айтады. Салық кодексін өзгерткен заңнамалық түзетулерге 2021 жылғы мамырда бір топ депутат бастамашы болды. Олар криптовалюта өндірісі кезінде тұтынылатын 1 кВт/сағат электр энергиясы үшін 1 теңге көлемінде қосымша ақы енгізді. Бұл жаңалық 2022 жылдың 1 қаңтарынан бастап күшіне енуге тиіс. Сонда майнерлер 1 млрд киловатт шығындаса, электр берушінің тарифі сыртында, ел қазынасына 1 млрд теңге алым аударады.

А. Масатбаевтың байламынша, бұл төлемнің маңызы бар: ол цифрлық майнингпен айналысатын шаруашылық субъектілері үшін қосымша салықтық міндеттеме белгілейді.

Әйтпесе, қытайлық майнерлер өндірген криптовалютаны сатудан түсетін барлық табыс негізінен, Қытайға кетуде. Әзірге 1 теңге деген алым аздау көрінеді, бірақ майнерлерді көлеңкеден шығару үшін осындай символдық мәндегі аз сома бекітіліпті, болашақта алым арттырылуы мүмкін.  

Қалай болғанда, саладағы заңнамалық реттеулер елге баса-көктей кіріп, бақылаусыз таралып жатқан қытайлық майнинг фермаларды тауып, тәртіпке келтіруге биліктің мықтап кіріскенін байқатады.

Жанат Ардақ


Atameken Business Telegram каналына жазылып, маңызды ақпараттардан бірінші болып құлағдар болыңыз! 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу