banner

Үкімет неге барлық кәсіпорынды қолдамайды?

5642

"Шағын және орта компаниялардың мәселесін шешпей, ірі компанияларға көмек көрсету дұрыс емес".   

Үкімет неге барлық кәсіпорынды қолдамайды?

Осыдан 2 күн бұрын Ұлттық экономика министрлігі нақты әрі ресми шешім қабылданбай тұрып үкімет еліміздің 361 ірі және орта кәсіпорнына мемлекеттік қолдау көрсетілетінін жариялады. Сол-ақ екен кәсіпкерлер ұлардай шулады. Олар неге 361-ақ кәсіпорын, қалғандарының назардан тыс қалуына не себеп, мемлекеттік қолдауға ие болатын ірі және орта кәсіпорындар қалай таңдалады деген сұрақтарға жауап іздеп, дабыл қақты. 

Бүгін ATAMEKEN BUSINESS телеарнасының тікелей эфирінде "Атамекен" ұлттық кәсіпкерлер палатасының басқарма төрағасы Абылай Мырзахметов пен "Талап" қолданбалы зерттеу орталығының директоры Рахым Ошақбаев мәселенің мән-жайын талдауға тырысты.  

"Мен Ұлттық экономика министрлігі шешім қабылданбаған ақпаратты не үшін таратқанын түсінбеймін. Бұл – талқыланып, қаралып жатқан мәселе", – деді Абылай Мырзахметов.

Оның сөзінше, тізімді министрліктің еншілес ұйымы – экономиканы зерттеу институты қарастырған. Осы институттағы сарапшылардың жұмыс материалы әлеуметтік желі арқылы тарап кеткен. 

"Руслан Дәленов (Ұлттық экономика министрі) мәлімдеме жасаған кезде ешқандай компанияның тізімін көрсетіп, атын атаған жоқ. Кәсіпорындарға көмек көрсету қажет екенін жалпы айтты. Жасыратын ештеңесі жоқ, Ресейдің тәжірибесі алынған. Осыған қатысты неге Ресейдің тәжірибесін қолданамыз, өзіміздің бағдарламамыз жоқ па деген наразылық та туып жатыр. Бұл сұраққа министрліктің басшылығы жауап береді деп ойлаймын. Жалпы халыққа айтатыным, бұл мәселеге қатысты түпкілікті шешім шыққан жоқ. Сондықтан дүрбелеңге салынбау керек", – деді "Атамекен" ұлттық кәсіпкерлер палатасының басқарма төрағасы. 

Бұдан кейін ол осы жердегі "Атамекеннің" рөлі қандай екеніне тоқталды.  

"Бізге министрліктің басшылары хабарласып, үлкен компаниялардың жағдайы қалай деген анкета толтыру туралы ұсыныс жасады. Біз қарсы болған жоқпыз. Тек орта және ірі бизнестің жағдайын анықтап беруге ғана келістік. Өйткені "Атамекен" төтенше жағдай енгізілгеннен бері алдымен қарапайым халық пен микро және шағын бизнеске көмек көрсету қажет деген бастаманы қолдап келеді", – деді Абылай Мырзахметов.

Басқарма төрағасының айтуынша, Ұлттық экономика министрлігі мәселенің ақ-қарасын анықтап, нақты жауап беруі керек. 

"Бұл тізімге қатысымыз жоқ деу дұрыс емес. Қандай да бір олқылық кетсе, оны олқылық деп айту керек. Министрлікке абай болған жөн. "Атамекеннің" бұған еш қатысы жоқ. Қайталап айтамын, бізге анкета толтыру туралы ұсыныс түсті, біз түрлі салалар бойынша 1 500-ге жуық компанияның тізімін толтырып бердік. Бізге ол тізім не үшін қажет екені айтылған жоқ. Меніңше, шағын және орта компаниялардың мәселесін шешпей, ірі компанияларға көмек көрсету дұрыс емес", – деді Абылай Мырзахметов.

Басқарма төрағасының баяндауынша, ірі кәсіпорындардың жағдайы микро, шағын және орта бизнес өкілдерімен салыстырғанда көш ілгері.

Абылай Мырзахметов төтенше жағдайға байланысты осыған дейін 4 млн 150 мың адам мемлекеттен әлеуметтік көмек алғанын айтты. 

"Бұл азаматтар тұрақты табысынан айырылып отыр. Ойланарлық, ойлантарлық сан. Саяси-әлеуметтік тұрақтылығымызға қауіп төндіретін сан. Не істеу керек? Карантинді сақтау керек, алайда оны көп созуға болмайды. Каратин тұрғындарға психологиялық тұрғыда қиын. Төрт қабырғада күні бойы отыру оңай емес. Экономикаға да залалы орасан", – деді басқарма төрағасы.

Абылай Мырзахметовтің мәлімдеуінше, азық-түлік қауіпсіздігі басты назарда болуға тиіс. 

"Дағдарыстан кейінгі кезеңде ауыл шаруашылығы саласы мен тамақ өнеркәсібі саласына құйылатын инвестиция көлемі ұлғаяды деп ойлаймыз", – деді ол. 

Басқарма төрағасының пікірінше, мейрамхана бизнесін қалпына келтіру оңай болмайды. 

"Мейрамханаларға онлайн қызмет көрсетуді меңгеру қажет. "Бизнестің жол картасы" мемлекеттік бағдарламасы арқылы мейрамхана бизнесінің өкілдері екінші деңгейлі банктерден жылдық мөлшерлемесі 6 пайыздан аспайтын   жеңілдетілген несие рәсімдей алады", – деді Абылай Мырзахметов.

Рахым Ошақбаев 361 ірі және орта кәсіпорынға мемлекеттік қолдау көрсету туралы ақпаратты әлдекімдер қасақана таратуы ғажап емес деп санайды.  

"Біз "хайп" дәуірінде өмір сүріп жатырмыз. Сондықтан кез келген контекстен алынған мәтінді тарату бәзбіреулерге тиімді болуы мүмкін. Осы арқылы "лайк" жинайтындар, оқырмандарын көбейтетіндер бар", – деді "Талап" қолданбалы зерттеу орталығының директоры.

Бұдан кейін ол Ұлттық экономика министрлігі жүйе құраушы кәсіпорындардың реестірін қалыптастыру бастамасын көтергенін айтты. 

"Бұған қатысты нақты шешім шыққан жоқ. Бүгін осыған қатысты Мемлекет басшысы: "Жұмысшы санын және еңбекақы көлемін азайтпау мақсатында ірі компанияларға тиісті қолдау көрсетіледі. Қазір олардың тізімі жасалуда. Оған ел экономикасы үшін аса маңызды компаниялар ғана енгізіледі", – деп кесімді пікір білдірді", – деді Рахым Ошақбаев.

Оның сөзінше, "Бизнестің жол картасы" және "Қарапайым заттар экономикасы" мемлекеттік бағдарламаларының аясы кеңейгенмен, оның қарарынан жүйе құраушы кәсіпорындар шығып қалған. 

"Құрылыс саласына қолдау қажет емес деп айтуға болмайды. Себебі дәл осы салада мыңдаған адам жұмыс істеп жүр. Сондықтан бұл мәселенің мұқият зерделеу қажет", – деді орталық директоры. 

Рахым Ошақбаевтың ойынша, көктемгі дала жұмыстарын жандандыру және агроөнеркәсіп кешеніне басымдық беру арқылы дағдарыстан кейінгі кезеңде экономикаға серпін беруге болады. Бұл үшін ауыл шаруашылығы тауарларын өндірушілерін тиісті қолдау шараларымен шұғыл қамту қажет. 

"Ауыл шаруашылығы саласын қаржыландыру көлемін ұлғайту керек. Бұл саланы екінші деңгейлі банктер арқылы несиелендіру нақты нәтиже бермейді. Қазір "Агробанк" құрудың маңызы зор. Ауыл шаруашылығы саласын кепілзатпен емес, бизнес-жоспармен қаржыландыруды қолға алған дұрыс. Бұл ретте ауыл шаруашылығы саласын төмен пайыздық мөлшерлемемен несиелендірген Қытай тәжірибесіне жүгінуге болады", – деді "Талап" қолданбалы зерттеу орталығының директоры.

 

Қанат Махамбет

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу