Үндістан Батысты "шығысша" саясат жүргізуді мойындауға мәжбүр етті

1831

Азия елдері жаһандық көптің емес, өз жұртының қамын бірінші орынға қоя ма? 

Үндістан Батысты "шығысша" саясат жүргізуді мойындауға мәжбүр етті Фото: yandex.kz

Саясаттануда "ұжымдық Батыс" деген ұғым бар, бірақ "ұжымдық Азия" деген термин жоқ. Бұл бір жағынан Азия құрлығындағы елдер арасында бірліктің жоқтығын да білдірсе керек. Мысалы, континентіміздегі қос лидер – Қытай мен Үндістанның өзі басы қосылмай, былтырғы 9 желтоқсанда Гималай тауларындағы даулы шекараларында соғысып қала жаздады.

Сонымен бірге Азия елдері посткеңестік кеңістіктегі аса ірі соғысқа қатысты да ортақ ұстанымға келе алмады. Бұл ретте әсіресе, Үнді елі көзге түсті. Мысалы, осы ел бүгінде ресейлік мұнайдың жартысына жуығын жалғыз өзі сатып алып отыр. Сөйтіп, ол РФ қара алтынының ең ірі сатып алушысына айналды. Ал содан түскен қаражаттың қайда жұмсалатыны мәлім. Bloomberg хабарлауынша, Үндістан желтоқсан айында орыс мұнайын рекордтық көлемде сатып алды: импортты бір жыл бұрынғыға қарағанда 33 есеге арттырған.

Жалпы, Үндістанды батыстық санкцияларды қолдауға иліктіруге АҚШ Президенті Джо Байденнің өзі күш салды. Бірақ нәтиже шығара алмады. Азиялық елдер негізінен, өз халқының әл-ауқатын бірінші орынға қояды. Батыс жұртына мұны мойындауға тура келді. Ақыр соңында америкалық санкциялардың орындалуына жауапты тұлға – АҚШ қаржы министрі Джанет Йеллен Құрама штаттардың Үндістанды Ресейге қарсы шектеулер мен тыйымдарды сақтауға мәжбүрлемейтінін мәлімдеді.

Ал Үндістан болса, ресейлік мұнайды импорттауын қарқынды арттыруда. Vortexa компаниясының Азия бойынша жетекші аналитигі Серена Хуангтың айтуынша, егер Үндістан бұрын ресейлік Urals маркалы қара алтынын сатып алса, бүгінде Arco, Sakhalin, Varandey сияқты ресейлік мұнай сорттарын да тасуды арттырды.

Сарапшылар үнділердің қулыққа басқанына назар аудартады: олар орыс шикізатын үлкен жеңілдік-дисконтпен сатып алып, оны ары қарай өзге елдерге реэкспорттайды.

"Үндістандық мұнай өңдеу зауыттары жарты бағасына дейін арзандап кеткен ресейлік мұнайды өңдеуді арттырды. Өзге тапсырыс берушілерінен айырылған РФ былтырғы жыл соңында G7 және Еуропалық одақтың қатаң санкцияларына бола, қосымша жеңілдіктер ұсынуға мәжбүр болды. Бұл Үндістанды импортты күрт ұлғайтуға итермелеген", – деп хабарлады Bloomberg.

Жалпы, Нью-Делидің өз жұртының қамын басты орынға қоюдан басқа амалы жоқ. Халықаралық ұйымдардың дерегінше, Үндістан халқының 75% немесе шамамен миллиард адам тақыр кедей саналады. Егер билігі Батысты қолдап, арзан РФ мұнайынан бас тартса, бұл жанар-жағар майдың, азық-түліктің ары қарай қымбаттауына түрткі болып, елдегі қайыршылар санын көбейтіп жіберуі ықтимал. 

Нью-Делидегі Стратегиялық жәны қорғаныс зерттеулері кеңесінің негізін қалаушы, үнді саясаттанушысы, дипломатия профессоры Хэппимон Джейкобтың (Happymon Jacob) байламынша, экономикалық тұрғыдан Мәскеуге әріптес болғанымен, Нью-Дели саясатта Кремльден іргесін аулақ салып, Вашингтонмен тығызырақ жақындасуға ден қойды. Былтырғы қыркүйекте, Самарқанда өткен ШЫҰ саммитінде Үндістан басшысы Нарендра Моди РФ басшысына өз ұстанымын ашық білдірді. "Қазіргі дәуір соғысты жаратпайды" деп өз елінің бұл қақтығысты қолдамайтынын көрсетті. Бұл мәлімдемені АҚШ Мемлекеттік хатшысы Энтони Блинкен "салмақты ескерту" деп бағалады.

Үнді ғалымы өз мемлекетінің Мәскеуден саяси тұрғыда алшақтауына себеп болатын бірнеше факторды атады: біріншіден, Нью-Дели әрдайым халықаралық саясатын әртараптандыруға ұмтылады, сондықтан бір елге тәуелді болып қалғысы келмейді. Екіншіден, Ресейдің өзге елдің егемендігін сыйламай, аумақтық тұтастығын бұзуы да үнділерге аса ұнамайды, себебі Үндістанның көршілермен арада шешілмей келе жатқан шекара дауы жетерлік. Мәскеудің істеп отырғаны бүкіл әлемде мұндай жанжалдарды ушықтырды.

Үшіншіден, Ресей Солтүстік Корея сияқты Қытайға қатты тәуелді болып қалды. Ал Хэппимон Джейкобтың айтуынша, шың елі үнділердің ежелден ата жауы саналады.

Содан болса керек, Үндістан БҰҰ-дағы бірнеше дауыс беру рәсімдерінде Ресейді қолдамады. Бұдан бөлек ресейлік қаруды, соның ішінде МиГ-29 жойғыш ұшақтарын, әскери тікұшақтарды сатып алудан бас тартып, көптеген миллиард долларға бағаланған контрактілерді біржақты бұзды. Бірақ РФ мұнайын алуды арттырды. Өйткені осының бәрі үндістандық мүдделерге сай келеді. Азиялық елдер халықаралық істерде қарадүрсін қимылдамайды, біржақты ұстанымда қатып қалмайды, көпбағдарлы саясатты жақтайды.

Дегенмен, америкалық Foreign Affairs журналының сарапшылары Үндістанның Ресейден еш теріс айналмағанын, тек Батысқа жағу үшін көзбояушы тірлік жасап отырғанын айтады.

"Қыркүйектегі саммитте Моди Путинге қатаң ескерту жасаған жоқ, Модидің мәлімдемесі соғыс салдарынан жаһандық бағалардың өсуіне қатысты алаңдаушылық қана болатын. Үндістан Украина Президентінің БҰҰ Бас ассамблеясының қыркүйектегі сессиясында онлайн баяндама жасауына рұқсат етуде Батыстың жағына шықты. Алайда процедуралық емес, саяси маңызды мәселелерде, мысалы, Украинаның төрт облысын аннексиялауға қарсы қазандағы дауыс беруде қалыс қалды. Ресейлік қарудан бас тартуы да Мәскеуден сырт айналғанының белгісі емес, бұл шешім "Дербес Үндістан" бастамасы аясында үкіметтің отандық қару өндірісін арттыруымен байланысты. Осы себепті Үндістан Boeing P-8I ұшақтарын да Америкадан сатып алудан бас тартқан", – деп жазды Foreign Affairs

Оның үстіне Үндістан С-400 жүйелері, фрегаттар, атомдық сүңгуір қайықтар сияқты аса қымбат әрі салмақты қару мен әскери техника түрлерін Ресейден сатып алу ниетінен қайтқан жоқ.

АҚШ басылымы да Нью-Делидің Мәскеумен серіктестіктен бас тарта алмайтынын мойындады: кеңес кезінен бері Үндістанның қару арсеналының басым бөлігі Ресейден тасылған. Демек, оны күтіп ұстауда, жөндеуде және толықтыруда Мәскеуге тәуелді.

Хэппимон Джейкобтың айтуынша, Үндістан Ресейді де, Батысты да өзінің "көпқырлы ынтымақтастық" стратегиясының аясындағы құнды серіктестер санайды. Тиісінше, Нью-Дели ешбір ірі державамен эксклюзивті одақ құрып, тек сонымен шектеліп қалудан бас тартып келеді. Ол тек өзге елдермен ықпалдастығын шектемейтін ұйымдарға ғана кіреді. Бұл оған өзара сыйыспайтын бірнеше стратегиялық серіктестерімен қатар, өзара тиімді қатынастарды сақтауға мүмкіндік береді. Үнді көшбасшылары байырғы шығыс даналықтарынан тамыр тартып жатқан осы стратегияны ең сарабдал, саналы, пайдалы санайды. Ал шығыс ақыл–ойынан сусындамаған батыстық сарапшылар мұны түсіне алмауы мүмкін.

Бұл ретте бүкіл Орталық Азия елдері де осындай жағдайда екені жасырын емес.  

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу