Уақыт, уайым, үміт

3171

Назарбаев феноменінің сыры немесе ЕҚЫҰ саммиті мен ЕХРО көрмесі арасындағы жеті жыл.

Уақыт, уайым, үміт

Мақаланың тақырыбын тарқатып,мағынасы мен мазмұнын түсіндіру үшін премьер-министрдің жеке фототілшісі Шүкір Шахайдың 2010 жылы, "Егемен Қазақстан" газетінің фототілшісі Ерлан Омардың 2017 жылы түсірген суреттерінің сырын жалпақ жұртқа жария етуге тиіс болдық.

Мұндағы мақсатымыз Ұлт Көшбасшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың адам, азамат, тұлғаретіндегі болмысы мен бітімін айшықтауға шама-шарқымыз жеткенше үлес қосу һәм "Назарбаев феномені" деген түсінікті тарқату еді.

Бәзбіреулер президент болу оңай деп ойлайды. Тіпті, рахат санайды.

Олақ ойдың иелері биліктің биігіндегі адам жалқының емес, жалпының, өзінің емес, халқының сөзін сөйлейтінін, қарақан басы үшін емес, қараша жұрты үшін басын тауға да, тасқа да соғып, өзін отқа да, суға да итермелейтінін түсінбейді. Президенттің де адам, етпен сүйектен жаралған пенде екенін, оның да қуанышы мен қайғысы, арманы мен аңсары, өкініші мен жұбанышы болатынын ескермейді.

Астанада осыдан 7 жыл бұрын өткен ЕҚЫҰ саммиті кезінде Шүкір Шахай қалт жібермеген қас-қағым сәтте Нұрсұлтан Назарбаевтың сағат емес, секунд санап тұрған сәті бейнеленген. Суретте Президенттің уайымы мен үміті қатар көрініс тапқан.

Дәл қазір бір сәт болса да қайдағы уайым, Президентте уайым болушы ма еді? деп ойлаған боларсыз. Ойыңызды тізгіндей тұрыңыз, өйткені уайымның үлкені, күмәннің зоры болса, ол – Президентте болады.

Мемлекет басшысының сәт сайынғы уайымы қайтсем халықты береке мен бірліктің, ынтымақ пен ырыстың аясына топтастырамын, қайтсем тыныштықтың тұтқасынан ұстап, бейбітшілік бесігінің тербелуіне атсалысамын, қайтсем ана мен баланың қуанғанын һәм жас ұрпақтың қолына ту алғанын көремін деген ойлардың жетегінде жүреді.

Қазақстан егеменді ел атанғанда Елбасы бүкілхалықтық сайлауда жеңіске жетіп, тұтас мемлекеттің аманатын арқалады. Көк туымызды сүйіп, елтаңбамызды паш етті. Мемлекетімізді ядролық қарусыз аймақ деп жариялап, "Байқоңыр" ғарыш айлағын сақтап қалды. Шекарамызды  шегендеп, Ата заңымызды қабылдады. Төл теңгемізді таныстырып, Қазақстанды БҰҰ мен ЮНЕСКО-ның мүшесі атандырды.

Президент осының барлығын уақытқа бағынбай, уайымсыз, үмітсіз, тәуекелсіз жүзеге асырды деп айта аламыз ба? Жоқ, себебі ұлы мұрат жолында уайым мен үміт қатар жүреді.

Елбасының ЕҚЫҰ саммитін ашардың алдында ой жинақтауы, сәл қобалжуы, толқуы заңдылық. Себебі Президент те адам. Елдің, халықтың адамы.Сондықтан сөйлетін сөзі де, атқаратын ісі де – халықтың талабы болып табылады.

Бассыз, көзсіз қойып кететіндей ЕҚЫҰ саммиті Астанада күнде, я болмаса күнара өтіп жатқан жоқ. Біле білсеңіз,Нұрсұлтан НазарбаевЕҚЫҰ-ға төрағалық ету бастамасын ең алғаш рет 2003 жылы көтерді. Мақсатқа жету жолында қыруар шаруа атқарылды.

ЕҚЫҰ ұсынысына сәйкес, 2007 жылы елімізде Конституциялық реформа жүргізіліп, "Саяси партиялар туралы", "Сайлау туралы", "Бұқаралық ақпарат құралдары туралы" заңдарға өзгерістер мен толықтырулар енгізілді, Парламенттің және жергілікті мәслихаттардың рөлі арттырылып, Қазақстан Президенттік республикадан президенттік-парламенттік республикаға айналды.

2009-2012 жылдарға арналған Адам құқықтары саласындағы Ұлттық іс-қимыл жоспары және 2010-2020 жылдарға арналған Құқықтық саясат тұжырымдамасы қабылданды.

Қазақстан ЕҚЫҰ-ға Орталық Азия аумағында ғана емес, ТМД елдерінің ішінде, одан қала берді ислам дінін ұстанушы мемлекеттердің арасында бірінші төраға болды. Сөйтіп Еуропаның 56 мемлекетіне төбе би ретінде төрелік айтты және ХХІ ғасырдағы өңірлік һәм жаһандық  қауіпсіздікті қамтамасыз етуге өлшеусіз үлес қосты.

Ең бастысы саммит қорытындысында Астана декларациясы қабылданды. Бұл тәуелсіз Қазақстан және Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаев үшін мерей әрі мәртебе болды.

Байырқалы басқосу Нұрсұлтан Назарбаевтың жаһандық деңгейдегі саясаткер сонымен қатар бастаған ісін соңына дейін жеткізетін азамат екенін көрсетті. Ал ЕҚЫҰ саммитінің қорытындысы Елбасының иығынан салмағы ауыр жүкті түсіріп, жүрек түкпіріндегі күдігі мен күмәнін сейілтті. Ең бастысы уайымнан арылтып, үмітінүкіледі.

Биыл Астанада ЕХРО-2017 көрмесі ұйымдастырылғанда 7 жыл бұрынғы оқиға қаз-қалпында қайталанды. Бұл жолы Президентті суретке Ерлан Омар түсіріп үлгерді. Фототілші Елбасының жалт еткен сәтіндегі алаң көңілін тап басты. Кадрда тағы да уақыт,  уайым, үміт. Ал назарда 7 жыл бұрын Президент ұйытқы болғандай тағы бір айтулы  халықаралық шара.

Қашан да ел бола­шағын ойлайтын, туған халқын әлемдік биіктерден көруді қалайтын Елбасы әлем­дегі ғылым мен техниканың, өнеркә­сіп­тің, жаңалық атаулының ең үздік жетіс­тіктерін насихаттайтын ЕХРО көрмесін 2017 жылы Астанада өткізуге қол жеткізді. Бұл – әлем жұртшылығының Қазақстан­ның бүгінгі әлеуеті мен күш-қуатына ғана емес, оның кемел келешегіне берік се­німінің белгісі болды.

Қазақстан Көшбасшысы жаһан жұртының назарын өзіне аударған халықаралық көрмені Астанада өткізу туралы бастаманы осыдан 9  жыл бұрын Сарагосада көтерді. Ал 2012 жылдың 22 қарашасында Парижде өткен ХКБ EXPO халықаралық бюросы бас ассамблеясының 152-ші сессиясында Қазақстан EXPO көрмесін өткізу құқығын жеңіп алды. Жасырын дауыс беру қорытындысында Астанаға ХКБ-ның 103 мүше-мемлекеті қолдау білдірді.

Елбасының халықаралық көрмені Қазақстанда өткізуі ұлтқа – өнеге, ұрпаққа – үлгі болды.

Жаһан жұртының назарын Қазақстанға, Астанаға аударған осы екі тарихи басқосу Назарбаев феномені аңыз емес, ақиқат екенін көрсетті. Әлем өзі басқарып отырған мемлекеттің деңгейінен асып, жаһандық деңгейде танылатын саяси тұлға қандай болу керек екенін түсінді.

Назарбаев феномені "Қазақ­стандық жол" атты мемлекет дамуының жаңа моделі арқылы қалыптасты. Өйткені Нұрсұлтан Назарбаев өзі салған сара соқпақ арқылы тәуелсіз Қазақстанды әлемге танытып, дамыған мемлекеттердің қатарына қосты. Бұл құбылысты әлем қауымдастығы Назарбаев феномені деп таныды. Осылайша қазақ елінің сұңғыла саясаткері адамзат ардақтайтын саяси тұлғаға айналды.

Президент тәуелсіздіктің елең-алаңында: "Мен шұғыл жеңістер мен баршаға бірдей игілікті уәде етпеймін. Мен әлдебіреулер сияқты нақты белгіленген уақыт мерзімінен кейін қой үстіне бозторғай жұмыртқалайтын жұмақ орнатуға уәде бермеймін. Бірақ бәріміз бірге алған бағыттың бізді қандай да бұлыңғыр әрі ешкімге түсініксіз "жарқын болашаққа" емес, жалпы әлемдік өркениеттің таптауынан даңғыл жолына әкелетініне сенемін. Адамзаттың дені жүріп келе жатқан айқын да қалыпты жолға әкелетініне сенемін", –­­­­­­­­­­деген болатын. Бұл –Елбасы уайым мен үмітті қатар арқалап жүріп, жалған уәдесіз, ертеңге деген сеніммен өмір сүреді деген сөз. 

Ендеше сеніміне селкеу салмайтын, уайымын үміті жеңетін Нұрсұтан Назарбаев сынды Көшбасшымызбарына шүкіршілік етіп, қуанайық, Елбасын бағалайық. Себебі бабаларымыздан: "Қуана білмегенге құт қонбас, бағалай білмегенге бақ қонбас", – деген сөз қалған.

Қанат Махамбет

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу