Жамбыл облысында пияз қоймалары көбейеді

2165

Қант зауытының қызылша қабылдау уақыты қолайсыз. 

Жамбыл облысында пияз қоймалары көбейеді

Жамбыл облысының Байзақ ауданында пияз қоймалары мен шағын қант зауыты салынады. Облыс әкімінің баспасөз қызметі осындай ақпарат таратып отыр. Жалпы бұл ауданда пияз алқаптары баршылық. Шығым да жаман емес. Бірақ сол мол өнімді сақтау жағы дұрыс ұйымдастырылмаған. Соның салдарынан жаз бойы төккен тер жиі желге ұшып жатады. Облыс басшысы Бердібек Сапарбаев ауданға жасаған сапарында осы мәселеге назар аударып, қоймалардың санын көбейту туралы тапсырмалар берді.

Байзақ ауданының әкімі Нұржан Нұржігітовтің айтуынша, ауданда әрқайсысының сыйымдылығы 20 мың тонна болатын екі қойма бар. Қазір бұл қоймаларға 15 мың тонна пияз кіргізілген. Ал жоспар бойынша биыл аудан диқандары 100 мың тонна пияз жинамақшы.

Жергілікті қоймалар осынша мол өнімнің 40 %-ын ғана сақтай алатындықтан, шағын қожалықтар мен пияз егетін отбасылар өнімін қыс түспей сатып құтылуға асығады.

Сондай отбасының бірі – Қырықбаевтар жанұясы. Олар биыл 18 гектар жерге пияз егіпті. Егістік басынан пияздың келісін 35 теңгеден сатып жатыр. Жергілікті тұрғындардан құралған жұмысшыларға жинаған әр қабы үшін 80 теңге төленеді.  Тынбай еңбектенгендер бір күнде 8 мың теңгеге дейін табыс табатын көрінеді.

"Қазір ең бастысы – бұл өнімді көктемге дейін сақтау. Сонда оның құны едәуір артып, фермерлер лайықты ақша табатын болады. Бізге осы бағытта жұмыс істеп, көкөніс қоймаларын көбейту керек. Бұл көкөніс біздің еліміздің барлық аймақтарында өсе бермейді. Сондықтан пияз Жамбыл облысының брендіне айналуы қажет",  деді Бердібек Сапарбаев.

Пияз өсірушілер өнімін сақтайтын орын таппай жүрсе, қант қызылшасын өсіретін шаруалар монополиске кіріптар күй кешіп жүр. Бердібек Сапарбаев олардың мәселесімен де жете танысты. 

"Яшар" шаруа қожалығы 25 гектар жерде қант қызылшасын салыпты. Биыл пестицидтер қымбаттағанымен, жергілікті қант зауыты қызылша қабылдау бағасын бұрынғы деңгейде қалдырған.

"Мерке қант зауыты" ЖШС оның бір келісін 20 теңгеден қабылдауда. Оның 12 теңгесін мемлекет субсидия ретінде төлейтінін ескерсек, монополист өз қалтасынан қызылшаның әр келісіне 8 теңге ғана шығарып отыр. Бердібек Сапарбаев монополиске кіріптар болмау үшін шаруалардың басы бірігуі керек деген пікір айтты.

"Нарықта монополист болса, солардың ережесі заң болады, жеңілдік жасалмайды. Сөйтіп шаруалар монополиске тәуелді болады. Шаруа қожалықтары қауымдастыққа бірігіп, өздерінің шағын  қант зауытын салуы керек. Сонда шаруалар өздеріне ыңғайлы жағдайда жұмыс істеп, егістік көлемін қорықпай ұлғайта алады",  деді облыс әкімі.

Шаруалардың айтуынша, мәселе қызылшаның бағасында ғана емес. Жинаған өнімді монополист бекіткен бағамен өткізудің де өз машақаты бар көрінеді.  Қант зауыты шикізатты тек кешкі сағат 18.00-ге дейін ғана қабылдайды. Көптеген диқандар артынып-тартынып зауытқа жеткенше, қараңғы түсіп, жұмысы ертеңге қалып жүр.

Зауыт қызылшаны тек 1 желтоқсанға дейін ғана қабылдайды екен. Одан кешіксе, ала жаздай төккен тер текке кетті деген сөз. Аймақ басшысы шаруаларға бұл жағдайды өз бақылауына алуға сөз берді.

Есжан Ботақара

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу