Жамбылға жылыжай салу ісі жат па?

Маржан Кәрімжанқызы Маржан Кәрімжанқызы
3950

Жамбыл облысы көкөніске деген сұранысты негізінен Қырғызстан және Өзбекстан өнімімен өтеп отыр.

Жамбылға жылыжай салу ісі жат па?

Тұрғындарды қыс мезгілінде де көкөніспен қамту мақсатында жылыжай құрылысын жүргізу ісі Жамбыл облысында тоқсаныншы жылдардың соңында қолға алына бастаған. Сол кезде қордайлық Х.Дауров арнайы жылыжай кешенін салып, жаңа істі бастағандардың бірі болды. Ол кезде мемлекеттік сұрыптар тізбесінде отандық сұрыптың бар-жоғы 6 дақыл түрінен 12 сұрып қана болған екен. Қырыққабат, сәбіз, қызылша, аскөк, қияр, тәтті бұрыш, баялды секілді дақылдардың отандық сұрыптары әлі дүниеге де келмеген. Көкөніс тұқымдары көбінесе шетелден тасымалданған. Ал бүгінде отандық жаңа сұрыптардың түр-түрі ұсынылуда. Нақты айтқанда, бастапқыдағы 25 түрлі дақылдан бүгінге 170 сұрыпқа жетіп отыр. Мамандардың айтуынша, бүгінде шетелдік тұқымдарға тәуелділік азайып, керісінше отандық сұрыптарға сұраныс артқан.
Десек те сұрыптың сан түрі ұсынылып, қаншама диқан бұл іске бет бұрғанымен, шаруасының шалқып кеткені шамалы. Өйткені, өңір көкөніспен өзін-өзі әлі толық қамтыған емес. Одан бері ондаған жылдар өтсе де жамбылдықтардың көрші өзбек пен қырғыз ағайынның қолына қарап отырған жайы бар. Жылыжайшылар облыс тұрғындары сұранысының бар-жоғы 7-8 пайызын ғана өтеп отыр. Қиярға деген жыл бойғы қажеттілік 11 мың тоннаны құрайды. Алайда оны әзірге сырттан тасымалдап жеткізуден басқа амалы жоқ. Жылыжай шаруашылығы үшін бөлінген 26, 41 гектар алқаптың бар-жоғы 16,3 гектары ғана нақты өнім беріп отыр екен.  

Жылыжай шаруашылығын қалыптастырып, дамыту ісі бүгінде 1 мың доллардан бастап 120-300 миллион теңге аралығындағы қомақты қаржыны қажетсінеді. Оны өсірудің де сан түрлі технологиясы бар.

Бүгінде елімізде Қостанай, Павлодар облыстары мен бар-жоғы төрт-бес көкөніс-бақша тұқым шаруашылығы ғана Қазақ картоп және көкөніс шаруашылығы ғылыми-зерттеу институтымен бірлесе жұмыс істейді екен. Осы ретте тұқым шаруашылығымен шұғылдануға айрықша қолайлы өңірлер қатарында Жамбыл облысы да аталады. Бірақ ілгері басқан іс жоқ.

Шаруалардың айтуынша, жылыжай салудың машақаты өз алдына, оның өнімін одан әрі өткеру мен өңдеу ісі жүйелі жолға қойылмаған. Мысалы, елімізде бүгінде көкөністерді қайта өңдеумен айналысатын небәрі 10-15 қана кәсіпорын бар екен.

Бүгінгі таңда Жамбыл облысында аумағы 26,41 гектарды құрайтын 299 жылыжай бар. Солардың есебінен өңірде жылына екі кезеңде 2216 тоннадай өнім жиналып алынады. Сонда орташа өнімділік гектарына 68 тоннадан айналады.

Ал көршілес Оңтүстік Қазақстан облысында жылыжай көлемі соңғы бес жыл ішінде 126 гектардан 900 гектарға жетіп, алдыңғы көрсеткішпен салыстырғанда көлемі жеті есеге дейін ұлғайған. Осылайша, бірдей климаттық жағдайда орналасқан ОҚО-ның еліміз бойынша үлесі 87 пайызды құрап, елімізде жылыжай шаруашылығын дамытуда алда келеді. Ал неге екені белгісіз, Жамбылда бұл жұмыс алға баспай-ақ қойды.

Облыста жылыжай шаруашылығымен негізінен Жамбыл, Қордай, Байзақ және Тұрар Рысқұлов аудандары кәсіпкерлері айналысады. Оларға қойылатын талап бойынша шаруашылық барысында жаңа технологиялар енгізілуге тиіс. Мысалы, техникалық кешен құрамына автономды жылу энергиясы көзі (қажет болған жағдайда), термоаккумулятор, жылыту және климаттық бақылау, ауаны қажетті шекке дейін ылғалдандыру, жарықтандыру жүйелері, көмірқышқыл газын өндіру, торлау, көкөністі топырақсыз, жасанды қоректендіру, тамшылатып суару технологиялары кіреді. Сондай-ақ, егіс аумағы бір гектардан кем болмауға тиіс. Егер осы талаптар сақталған жағдайда шаруалар үшін көкөніс пленка немесе шыны жабын астында өсірілетіндігіне қарай гектарына тиісінше 67 немесе 96 миллион теңге көлемінде субсидия алу мүмкіндігі қарастырылған. Яғни, мемлекет тарапынан тиісті қаржылай көмек көрсету тетігі бар.

Осы тұста жаңа технологиямен жұмыс істеп жатқан Байзақ ауданындағы  "Манат", "Талап" шаруа қожалықтарын мысалға етуге болады. Олардағы ерекшелік сол, көкөніс кокос жоңқаларында өсіріледі. Бұл әдіс өнімнің дәмдік қасиеттерін жақсартуға және сақтау мерзімін арттыруға көмектеседі екен. Жобалардың жалпы құны жоғарыда аталған агроқұрылымдардың бірінде – 120 миллион, екіншісінде 255 миллион теңгеге түскен. Сондай-ақ, Қордай ауданында барлық жұмысы компьютермен басқарылатын жылыжай іске қосылып, алғашқы өнімін беріп те үлгерді. Әрқайсысының аумағы 1 гектар болатын кешенде қызанақ топыраққа емес, кокос жоңқасына егіледі. Технологиясы да түгелдей – Оңтүстік Кореянікі.

Облыстық ауыл шаруашылығы басқармасы басшысының орынбасары Ерлан Құлкеевтен жалпы, Жамбылда жылыжай ісін одан әрі дамыту үшін қандай да бір іс қолға алынған ба, бұл мақсатта нендей шаруалар тындырылып жатқандығын сұраған болатынбыз.

"Өңірде осы мәселеге байланысты қалыптасқан жағдайды саралап, талдаудың қажеттігі туындауда. Қазірдің өзінде Қазақ картоп және көкөніс шаруашылығы ғылыми-зерттеу институтымен бірлескен жұмысты бастадық. Атап айтқанда, аталған институттың арнайы өкілі өңірімізге келіп, жылыжай шаруашылықтарының жағдайымен жіті танысып, тиісінше зерттеу жұмысын жүргізбек. Қажет болған жағдайда шаруаларға кеңес беріп, басқармамен бірлесе көмек көрсету мәселесін де шешетін болады", – деді басқарма өкілі.

Маржан Кәрімжанқызы

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу