Қазақстанда бала күтіміне байланысты жәрдемақылар туралы пікірталастар қайта қызу талқылануда. Бұл жолы назарда – 1,5 жасқа дейінгі бала күтімі бойынша төлемдер.
Жақында жүктілік пен босану жәрдемақысына қатысты өзгерістер енгізіліп, қоғамда "ал басқа төлемдер қалай есептеледі, егер ана декрет аяқталмай жұмысқа шықса не болады?" деген сұрақтар туындады.
2023 жылдан бастап күшіне енген жаңа нормаға сәйкес, ата-ана жұмысқа шыққан жағдайда бала күтімі үшін берілетін әлеуметтік төлем тоқтатылады. Бұл талап тек толық емес жұмыс күніне немесе ең төменгі жалақыдан аз табыс табатындарға да қатысты.
Жәрдемақы не үшін тоқтатылады?
Қазақстанда 1,5 жасқа дейінгі бала күтіміне байланысты екі түрлі төлем қарастырылған:
- Мемлекеттік жәрдемақы (ресми жұмыс істемейтіндерге);
- Әлеуметтік төлем (ресми түрде жұмыс істейтіндерге).
Мемлекеттік жәрдемақы көлемі – 22 648 теңгеден 34 994 теңгеге дейін (балалар санына қарай). Ал әлеуметтік төлем көлемі – соңғы 2 жылда әлеуметтік аударым жасалған табыстың 40%-ын құрайды, бірақ ең жоғары шегі – шамамен 238 мың теңге.
Бұл төлемдер бала 1,5 жасқа толғанға дейін ай сайын төленеді. Алайда, ата-ана жұмысқа шықса, төлем тоқтатылады. Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорда (МӘСҚ) түсіндіргендей, бұл төлем табыстан айырылу жағдайында ғана беріледі – яғни, баланы күту үшін еңбек қызметін тоқтатқанда.
Жұмысқа шыққаны туралы кім хабарлауы керек?
Ата-ана өзі жұмысқа шыққаны туралы 10 жұмыс күні ішінде "Азаматтарға арналған үкімет" корпорациясына хабарлауы тиіс. Жәрдемақы келесі айдың басынан бастап тоқтатылады.
Жүйе автоматты түрде жұмысқа орналасуды анықтай алмайды. Егер азамат жұмысқа орналасқаны туралы хабарламаса – бұл заңбұзушылық болып есептеледі.
Егер жұмысқа шыққаны жасырылса не болады?
Ата-ана жұмысқа орналасып, бірақ бұл туралы хабар бермей, бала күтімі төлемін алуды жалғастырса – бұл заңсыз әлеуметтік төлем алған болып саналады. Мұндай жағдайда МӘСҚ алынған соманы толық көлемде қайтаруды талап ете алады.
Мысалы, егер анасы бала 1 жасқа толғанда жұмысқа шықса, бірақ жарты жыл бойы жәрдемақыны алуды жалғастырса – осы жарты жылда алған барлық төлемді мемлекетке қайтаруға міндеттеледі.
Цифрландыру жағдайында бұл фактілерді жасыру қиын – ресми немесе жартылай жұмыс, фриланс, БЖЗК аударымдары арқылы еңбек қызметі оңай анықталады.
Қанша адам жәрдемақыдан айырылды?
2025 жылдың қаңтар-сәуір аралығында жұмысқа шыққанына байланысты 5 ата-анаға жәрдемақы төлеу тоқтатылған. Олардың барлығы бұл туралы өз еркімен хабарлаған. Аймақтық бөліністегі статистика жүргізілмейді, ал бюджеттің қанша көлемде үнемделгенін бағалау мүмкін емес.
Іс жүзінде бұл норма ата-аналарға таңдау қалдырмайды: егер жәрдемақыны сақтап қалғыңыз келсе – жұмыс істемеңіз. Бірнеше сағаттық жұмыс немесе аздаған табысы бар фриланс болса да, төлемнен айырады.
Қазіргі инфляция мен шығындардың артуы жағдайында ата-аналар үшін табыс пен мемлекеттік қолдау арасында таңдау жасау – үлкен мәселе. Әсіресе, баламен үйде отырса да, жартылай жұмыс істегісі келетін немесе шағын кәсіп бастамақ болған аналар үшін бұл қиындық тудырып отыр.