"Лепсі-2" СЭС пайдалануға берілді

5017

Қазір мұнда 17 адам жұмыспен қамтылған. Айлық табыстары отбасын асырауға толығымен жетеді.

"Лепсі-2" СЭС пайдалануға берілді Фото: vee.kz

Әлемде гидроэнергетика ресурстарына деген сұраныс күн санап артып келеді. Су энергиясының потенциалы жағынан Қазақстан Орта Азияда алдыңғы орында тұрады. Дей тұрғанмен, әлемдік деңгеймен салыстырғанда, елімізде су көздері тапшы. Осы тапшылықты дер кезінде шешуіміз тиіс.

Мамандардың пікірінше, Жетісу өңіріндегі өзендерге 1800 МГв-тық 158 нысан салуға мүмкіндіктің бар екендігі айтылып жүр. Ал облысымызда 700 МВт энергия тапшы. Осы кемшілікті шешудің бірден-бір жолы – өңірдегі жаңартылған энергия көздерін дамыту. Алматы облысында СЭС салуға болатын 60-қа жуық орын анықталған.

Алматы облыстық энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасының мамандары берген ақпаратқа сүйенсек, аймақтағы энергия көздерін ашу, қайта қалпына келтіру, дамыту бағытында бірқатар жұмыс атқарылған. Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2013 жылдың 25 қаңтарындағы №43 Қаулысымен бекітілген, Қазақстанда баламалы және жаңартылған энергетиканы дамыту жөніндегі 2013-2020 жылдарға арналған іс-шаралар жоспарына сәйкес, Алматы облысында инвесторлар тарапынан жаңартылған 12 энергетика жобасын жүзеге асыру жоспарланған, оның ішінде 2 күн, 8 су және 2 жел электрстансысы бар. Жоспарланған мерзімде соның бірқатары іске қосылды. Сол қатарда Сарқан ауданындағы "Жоғарғы-Басқан" СЭС-і пайдалануға берілсе, күні кеше Тәуелсіздіктің 25 жылдығына орай "Лепсі-2" СЭС-інің ашылу салтанаты өтіп, ел игілігіне табысталды.

Жаңа нысанның ашылу салтанатына қатысқан Алматы облысының әкімі Амандық Баталов нысанның мүмкіндігін жоғары бағалай келіп:

"Бәріңізге аян, Тәуелсіздіктің 25 жылдығы аясында көптеген игілікті іс қолға алынып жатыр. Сол қатарда Сарқан ауданындағы су электр стансысы көптің қуанышын арттырды. Былайша айтқанда, су электр стансысы – жаңа энергия көзі. Бұл келесі жылы өтетін "ЭКСПО-2017" халықаралық көрмесінің басты тақырыбына да сай келеді. Демек, осы арқылы біз елімізде атқарылатын маңызды істерге үлес қосып келеміз.

Өңірімізде бой көтерген "Мойнақ" су электр стансысын айтпағанның өзінде, осыған дейін Талдықорған қаласының маңындағы, яғни, Текелі қаласын басып өтетін Қора өзенінің бойынан бірнеше су электр стансысы салынып, жаңа энергияға сұранысты қанағаттандырды. Бүгінгі шара соның жалғасы деп білген жөн. Мұндай игілікті іс алдағы уақытта да жалғаса береді", – деді.

Сарқан ауданында басын таудан алатын, ағысы қатты бірнеше өзен бар. Оның суы, негізінен, егістік жерлерді суаруға жұмсалып келді. Соңғы кездері бұл өзендерде су электрстансыларын салу қолға алынып, екі нысан бой көтеріп үлгерді. Осы екі су электрстансысы алдағы уақытта 21 МВт ток өндіреді. Мұның өзі – біріншіден, инвестиция, екіншіден, жаңа жұмыс орны, үшіншіден, арзан қуат көзі. Расында, Балқаш көліне құятын өзендердің ішінде Лепсінің ағысы қатты.

Бастауын Жетісу Алатауының құз-шатқалдарынан алатындықтан, қуаты одан жоғары электр энергиясын алудың мүмкіндігі мол екендігі бұрыннан белгілі болса да, бұл жұмыс тек 2013 жылы ғана жеке инвесторлардың қаржысымен қолға алынды. Қойлық ауылының іргесінен орын алған нысан облысымыздағы "Мойнақ" СЭС-інен кейінгі қуаттылығы жоғары су электрстансысы. Таудың жартасты беткейінде жасалған су қоймасы жер бетінен 10 метр биіктікте орналасқан. Ал жер астына 7 метр тереңдікте орналастырылған стансы құрылысының сапалы салынғаны бірден байқалады.

Стансы басшысы Андрей Шаповаловтың айтуынша, мұндағы техникалар тұтастай компьютермен басқарылады. Жалпы, төрт генератордан құралған. Оның үшеуі 4850 КВт, ал біреуі 2500 КВт ток өндіреді. Оның жұмыс барысы өте күрделі. Яғни, су қоймадан қақпа арқылы өтіп турбинаға келеді, су ағыны турбинаны айналдыра бастайды, турбина электр энергиясын өндіретін генераторды іске қосады, генератордан энергия электр желісімен тұтынушыларға жөнелтіледі.

Төменгі қабаттарға өрттен сақтану құрылғылары, генератордың майын ауыстыратын ТП20 май ауыстырғыш, генераторды сумен қозғалтатын биіктігі 2,5 метр труба, генераторды май және ауамен тоқтататын тежегіш құрылғысы, суды сыртқы каналға ығыстыратын сорғыштар орналастырылған.

Қысқасы, стансы құрылысы бүгінгі заманауи құрылғылармен толықтай жабдықталғаны көрініп тұр. Айта кетерлігі, стансыда белгілі бір ақау пайда болса, стансы жұмысы автоматты түрде тоқтайды. Ақаулар толық қалпына келтірілгенше құрылғылар жұмыс істемейді.

Жаңа электр стансысы "СЭС Лепсі-2" ЖШС-нің тапсырысымен жаңа нысанды "ACПMK-519" ЖШС-нің құрышқолды жұмысшылары салып шыққан. Ауқымды жұмысты жүйелі атқаруға өңірлік "Темірбетон", "Ақсу", "Аманат-А", "АТП Энергострой", "Гидроспесстрой" және "Инфраэнерго" серіктестіктері қолдады. Жалпы, құрылыс және жабдықтау жұмысына 4 млрд. теңге қаржы жұмсалды. Нысанның қуаты 17 МГв. Бұл өңірдің энергия көзіне деген сұранысын айтарлықтай азайтады. Нысанда қуат өндіретін 4 генератор орнатылған. Ондағы жұмыстың денін компьютер атқарады.

Бүгінде осы нысанда жұмыспен қамтылған 30-ға жуық адам компьютердің көмегімен судың деңгейін, қуат беру көлемін қадағалап отырады. Мұндағы өндірілген электр қуаты "КЕGOС" АҚ және "TATЭK" АҚ-ның орталық желілеріне жиналып, одан әрі электр қуатын қажет ететін орындарға жіберіледі. Демек, осындай заманауи нысан енді тәуелсіз елдің ертеңгі болашағына жұмыс атқарады.

Қазір мұнда 17 адам жұмыспен қамтылған. Айлық табыстары отбасын асырауға толығымен жетеді. Стансының құрылғыларын қытайлық мамандар құрастырғанымен, жергілікті жігіттер қолданудың барлық тетігін меңгеріп алған. Мұндай қуаныш алдағы уақытта да көбейе түспек.

Алматы облысында тағы 23 шағын су, 6 жел және 2 күн электр стансысын салу жоспарда бар. Яғни, осы жобалар арқылы баламалы қуат көздерін тұтыну қарқыны артып, электр қуатын өндіру ісі де қалыпты жүйеге түспек.

Қажет Андас, Алматы 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу