12 минут кешіккені үшін ату жазасына кесілген

5705

Бұл ескі фото маған ерекше ыстық. Өйткені ондағы кейіпкерлер менің атам мен әжем. Бірі - қазақтың тұңғыш драматургы, қазақ театрының негізін қалаған Жұмат Шанин, ал қасындағы ару қазақтың алғашқы актрисаларының бірі - Жанбике Шанина. 

12 минут кешіккені үшін ату жазасына кесілген

Иә, бұл кісілер – біртуар, талантты жандар. Екеуінің де ұлтымыздың мәдениетіне қосқан үлесі зор. 

Жұмат Шанин – қазақта ең алғашқы театр өнерін қалыптастырған тұлға. Ол кісінің басшылығымен  Семейде "Есаймақ" алғашқы театр труппасы құрылған. Жұмат Шанин – Қызылорда, Шымкент, Алматы, Оралда – бірнеше театр ашқан мықты басшы. Қазақ театрларының негізін қалап, тіпті Қырғыз елінде театр өнерінің дамуына үлес қосқанын оқып едім.

Ол кісінің талантты алыстан танитын қасиеті болыпты. Әміре Қашаубаев, Иса Байзақов  сынды өнер жұлдыздарын халық арасынан тауып, үлкен өнерге шақырған Жұмат Шанин екен.

Жалпы Жұмат пен Жанбике Шаниндердің есімі еліміздің тарихында ойып тұрып өз орнын алған, оны ел жақсы біледі.

Бірақ өкінішке орай,  Сталиндік саясат тарихты басқаша бұрды. Кеңес үкіметі зиялы қауымды аяусыз қудалады. Ресми дерекке сүйенсек, тек 1937-38 жылдарда Қазақстанда 100 мыңнан астам зиялы қамауға алынған, ал 20 мыңнан астамы ату жазасына кесілген.

Саясаткерлермен қатар, мәдениет саласының да майталмандарына "халық жауы" деген айып тағылған. Зиялылардың туған-туыстары, жары мен балалары да қуғын-сүргіннен құтыла алмады. Өкінішке орай, Жұмат Шанин де, Жанбике Шанина да – саяси қуғын-сүргіннің құрбандары.

1937 жылы Жұмат Шанинге жалған айып тағылып, қамауға алынып, 1938 жылдың ақпан айында Сәкен Сейфуллин, Бейімбет Майлин, Ілияс Жансүгіров, Темірбек Жүргенов сынды арыстармен бір күнде ату жазасына кесілген. Не үшін? Қандай айып тағылды?

Жұмат Шанинге "Сталинге қастандық жасамақ болған" деген айып тағылған. 36-шы жылы Мәскеудегі онкүндікте сахна шымылдығы 12 минутқа кешігіп ашылады. Осы 12 минут оны ату жазасына кесуге жеткілікті факті болған. Қандай әділетсіздік!

Ал Жанбике Шанина, "халық жауының жары" ретінде АЛЖИР-де  8 жыл әділетсіз айыпты арқалап, жастық шағын темір тордың артында өткізді! АЛЖИР-ден денсаулығы сыр беріп шығып, көп ұзамай дүние салды.

Бірақ шындық пен әділдік түбі жеңетіні сөзсіз. 1958 жылы Жұмат Шаниннің  аты ақталды. Ал Жанбике Шанинаның аты тек 1989 жылы ғана әділетсіз жаладан ақталған еді.  

Бұл тек Жұмат пен Жанбике Шаниндердің басынан өткені. Мұндай тағдыр тәлкегін тартқан зиялы қаншама?!   Ал олардың ұрпағы көрген қиындық тіпті бөлек әңгіме!

Мұндай қайғылы оқиғалар еш уақытта, ешқашан қайталанбауы керек! Ешқашан!!!

Бүгін 31 мамыр - саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алу күні! Құрбан болған барша ата-бабаларымызға Құран бағыштап, дұға арнаймыз! Жатқан жерлері жарық болсын!

Автордың пікірі редакцияның көзқарасымен сәйкес келмеуі мүмкін

Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу