Адамдарды солтүстікке көшіру мәселесінде аудиторияны ауыстыру керек

Мен 2021 жылдары Солтүстік Қазақстан жеріне келгенімде көшіп келген азаматтардың жоғын жоқтайтын, мұңын айтатын адамның аз екенін түсіндім.    

Адамдарды солтүстікке көшіру мәселесінде аудиторияны ауыстыру керек

Көш мәселесімен айналысатын ұйым жоқ екен, көпшілікті осы жаққа қоныс аударуға үгіттейтіндер де көп емес екенін байқадым. Осы жаққа көшіп келген адамдарды "мақсаттастар", "үзеңгілестер" деп атағанды жақсы көремін. Олардың да арқа сүйейтін бірдеңесі болуы керек қой. Сондықтан, "Tauekel" ұйымын құрған жайым бар. Біздің басты мақсат – Солтүстік Қазақстанға келген азаматтарды жайғастыруға атсалысу.

Үкімет тарапындағы азаматтар, әкімшіліктегілер көшіп келу туралы "Бір отбасыны көшіріп, үй-жайын берсек, аздаған субсидиясын берсек, бәрі жақсы болып кетеді" деп ойлайды. Жоқ, мүлде олай емес. Мұның рухани жағы да бар. "Tauekel" ұйымы осы адаптация, интеграция, социализация секілді, жергілікті халықтармен араластыру сияқты дүниелермен айналысқысы келеді. Дәл қазір шамамыз үгіт-насихатқа ғана жетіп жатыр. Болашақта Үкімет қолдаса, кәсіпкерлер көмектессе, біз жақсы жетістікке жетеміз.

Жалпы, Солтүстікке көш мәселесінде аудиторияны ауыстыру керек деп ойлаймын. Солтүстік Қазақстан ауыл, жер шаруашылығына бейім болғандықтан, осы жақтың табиғи ресурстарын тиімді пайдалану керек. Демек, қолынан іс келетін, бизнес жасай алатын аудитория Ауыл шаруашылығы министрлігінде бар. Оңтүстік өңірлерде, әсіресе Қызылорда мен Маңғыстауда қуаңшылықтар болып жатыр. Биыл шықпаған шөптің келесі жылы да шығуы екіталай ғой. Бізде ондай мәселе мүлдем жоқ. Сол себепті, ауыл шаруашылығы мамандарын, фермерлерді көшіріп, оларға белгілі бір деңгейде көмек көрсетсек, жеңілдік жасасақ, мүмкіндік берсек, сол аудитория неғұрлым сапалы аудитория болар еді деп ойлаймын.

Автордың пікірі редакцияның көзқарасымен сәйкес келмеуі мүмкін

Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу