АҚШ Орта Азия елдерінің жағдайын түсініп, қолдайтынын аңғартып отыр

1314

АҚШ Мемлекеттік хатшысы Энтони Блинкен Астанаға келіп кетті. Мұнда ол Қазақстан президентімен, Қазақстан Сыртқы істер министрімен, АҚШ-тың Қазақстандағы елшілігінің ұжымымен және Орта Азия мемлекеттерінің Сыртқы істер министрлерімен кездесті.  

АҚШ Орта Азия елдерінің жағдайын түсініп, қолдайтынын аңғартып отыр

Энтони Блинкенмен кездесуге Өзбекстан, Қырғызстан, Тәжікстан және Түркіменстан елдерінің Сыртқы істер министрлері келді. Одан кейін мейманның жұмыс сапары Ташкентке және Үндістанға жалғасты.

Үндістанда дамыған 20 елдің "G-20" клубының осы жолғы Сыртқы істер министрлерінің жиынына барған. Блинкеннің Қазақстан мен бізбен көршілес елдердің билік өкілдерімен "G5+1" форматында, яғни біздің бес мемлекетіміз бен АҚШ аясындағы  кездесуі әлемнің назарында болды.

Ресми мәліметте біздің еліміз бен АҚШ арасындағы экономика, энергетика, экология салаларындағы жұмысты нығайту және қауіпсіздік, терроризмге қарсы күрес мәселелеріндегі қызметтестік жайы сөз болды делінген.

Алайда бейресми ақпараттарда АҚШ Ресей мен Қытайдың Қазақстан мен Орта Азия елдеріне ықпалын әлсіретуді мақсат ететіні айтылып жатыр. АҚШ бізді және көршілерімізді өзіне қарай тартқысы келетін көрінеді. Оның сыртында Астанадағы кездесулерде Украинадағы соғысқа қатысты мәселелер де көтерілген.

Таратылған ақпаратта жиыннан кейін Энтони Блинкен Ресейдің Украинаға соғысы және Мәскеуге салынған санкциялардың әсері туралы айтқан. Ол Украинаны қорғау – басқа елдердің де тәуелсіздігін қорғау екенін ескерткен. Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Блинкеннің сапарын екі ел арасындағы стратегиялық ынтымақтастыққа қосымша серпін беретін маңызды кездесу деп атады.

Жалпы, "G5+1" саммитін АҚШ мемлекеттік департаменті ортақ мәселелерді шешетін, тәуелсіз, гүлденген және қауіпсіз Орталық Азия құру мақсатын көздейтін жиын деген болатын.

"АҚШ Қазақстанның егемендігін, тәуелсіздігін және жер тұтастығын толық қолдайды. Кейде бұл сөздерді жай айтамыз, бірақ олардың шынайы мағынасы бар, әсіресе дәл қазіргі уақытта оның салмағы анағұрлым ауыр. Елдердің Ресей агрессиясына қарсы тұруының ең маңызды жері – Украинаны қорғауға көмектесу емес, осы принциптерді қорғауға жәрдемдесу. Себебі біз оларды бұзып, ол үшін жазасыз қалуға мүмкіндік берсек, бұл Ресейдің басқа елдерге де агрессияны жалғастыру туралы ойлануына жол ашады",– Энтони Блинкен АҚШ Мемлекеттік хатшысы.

Қазақстан Сыртқы істер министрі Мұхтар Тілеуберді Ресеймен тығыз экономикалық қарым-қатынас орнатқан Астанаға санкциялар оңай тиіп жатпағанын айтты.

"Қазақстан – Еуразия экономикалық одағының мүшесі, біздің Ресеймен және осы одақтың басқа елдерімен арамызда кеден жоқ. Сондықтан шекаралар арасындағы қызмет пен тауардың еркін саудасын қамтамасыз ету барысында Ресейдің және өзге шетел компанияларының санкцияларды бұзуына жол бермеуді қадағалау қиын", –  деді Сыртқы істер министрі.

АҚШ мемлекеттік хатшысының айтуынша, Вашингтон экономикалық тұрақтылық бастамасы аясында аймақ елдеріне 25 миллион доллар бөлмек. Бұл бастама Орталық Азия аймағының  сауда жолдарын дамытуына және жеке сектордан инвестиция тартуына мүмкіндік береді.

Блинкен Қасым-Жомарт Тоқаев жариялаған реформаларды АҚШ қолдайтынын айтты.

"Біз Қазақстан қабылдайтын шаралар мен атқаратын жұмыстарды бақылап отырамыз. Әсіресе, адам құқығын қорғау, жемқорлықты жою мен президенттік мерзімге қатысты жүргізіліп жатқан реформаларын атап өткім келеді. Бұл бағыттағы өзгерістер Қазақстанды инвестиция құюға қолайлы ел ретінде көрсетеді. Сонымен бірге Қазақстан әлемдік мәселелерді шешуде өзіндік ерекше орны бар серіктес ел екенін айта кеткен жөн. Мәселен, ядролық қарудың таралуын тоқтату, бітімгерлік операцияларға қатысу, сондай-ақ ғарыш кеңістігін зерттеудегі үлесі айрықша",– деді АҚШ мемлекеттік хатшысы.

Энтони Блинкен Қазақстанның жаһандық мәселелер бойынша құнды серіктес болып қала беретінін атап өтті. Ол Қазақстанға Орталық Азиядағы көшбасшылығы және "C5+1" форматындағы министрлердің кездесуін өткізгені үшін алғыс білдірді. Блинкен Қазақстанға сапары ұнағанын Twitter-де қазақша жазыпты.  

"Қайырлы күн, Қазақ елі! Маған сапарым мен осы елде өткізген нәтижелі кездесулер ұнады. Қазақстанда жылы қарсы алғаныңыз үшін және #C5plusUS өткізгеніңіз үшін Президент @TokayevKZ және @MFA_KZ алғыс айтамын" деп жазған.

Астанада Блинкен Украина әскері мен азаматтық қоғамының мықты екенін айтты. Оның пікірінше, Украинаның Ресейге төтеп беруіне Украина әскерінің ерекше батылдығы және ондағы мықты азаматтық қоғам ерекше үлес қосқан. Блинкен Украинадағы сөз бостандығын айрықша атап өтті.

АҚШ Мемлекеттік хатшысы Өзбекстанға барғанда да көп мәселені көтерді. Сөз еткендерінің бірі – Қарақалпақстандағы қайғылы оқиға. Блинкен былтыр шілдеде Қарақалпақстанда болған қанды оқиғада адам құқықтарының бұзылуына қатысты мәліметтерді жіті тексеру керектігін атап өтті. Халық наразылығы күшпен басылып, қан төгілген. Өзбекстан билігі 21 адам қаза тапқанын, 243 адам жарақат алғанын хабарлаған. 500-ден астам адам қамауға алынған.

Ал Үндістанда өткен "Үлкен жиырмалық" елдері Сыртқы істер министрлерінің кездесуі аясында Блинкен мен Ресей сыртқы істер министрі Сергей Лавров қысқа әңгімелескен.

Таратылған ақпаратқа қарағанда, Блинкен АҚШ Украинаны қолдай беретінін айтып, Ресейді стратегиялық шабуылдаушы қаруларды шектеу келісімін сақтауға шақырған және Ресей колониясында жатқан америкалық Пол Уиланды босату жайлы айтқан. Пол Николас Уилан — АҚШ азаматы, Ресейде шпиондық әрекет жасады деп 2020 жылы сотталған.

Үндістандағы саммитте Ресей мен Қытай Украинадағы соғысқа қатысты бір келісімге тоқтамаға келмеген. Сол себепті "G20" кездесуіне қатысушылар бірлескен мәлімдеме қабылдамаған. Тек төраға – Үндістан атынан қорытынды мәлімдеме жариялады. Мәлімдемеде экономикалық мәселелер, соның ішінде Украинадан астық экспорттау келісімінің маңызы туралы айтылады. Үндістан тарапы экономикасы ең ірі мемлекеттердің басын қосатын "G20" мүшелерінің басым бөлігі соғысты айыптағанын атап өткен.

Автордың пікірі редакцияның көзқарасымен сәйкес келмеуі мүмкін

Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу