Осы аптаның соңына қарай Астананың жаңа "Нұра" ауданының жұртшылығымен кездескен елорда әкімі Жеңіс Қасымбек LRT-ның жаңа тармақтары салынатынын растады.
Оның мәліметінше, тұрғындарының саны 100 мыңнан асқан іргедегі Қосшы қаласына және Астананың ескі теміржол вокзалына дейін жаңа тармақтар тартылады.
"LRT жобасы жалғасады. Келесі кезеңі Қосшы қаласы жаққа бағытталады. Күн сайын Қосшыдан елордаға 15-20 мың машина кіреді. Бұл – өте ауқымды ағын. Қасымыздағы қала кеңейіп, өсіп келеді. Болашақта 150 мыңдай тұрғыны бар үлкен шаһар болғалы тұр. Бірақ ол әлеуметтік инфрақұрылым, тұрғын үй және басқа бағыттарда жүкті өзіне аударып, Астанаға қатты көмектесіп келеді. Бұл – біздің нағыз спутник-қаламыз!", – деді Жеңіс Қасымбек.
Әйтпесе, сол 100 мыңнан астам адам Астанада қалғанда, олардың бәріне баспана, мектеп, балабақша, аурухана-емхана және басқасын тауып беруге тура келетін еді. Қазіргі кезде олар тек астаналық жол-көлік инфрақұрылымына ғана ауыртпалық түсіреді.
Егер Астана мен Қосшы арасында тоқтаусыз ЛРТ жүйткіп тұрса, тасымал мәселесі біршама шешіледі. Оның үстіне жол ақысына қалтасынан қаржы шығындаған қосшылықтар тіпті елордалық осы көліктің өзін-өзі өтеуіне үлес қосады. Яғни, бас қалаға тағы бір көмегі тиеді.
Астана әкімінің дерегінше, Қосшыға бағдарланатын ЛРТ-ның жаңа жобасы келесі 2026 жылдың басында басталады және жеделдетіліп, 1,5 жыл ішінде аяқталады.
Бүгінде құрылысы тәмамдалған Астана ішіндегі жеңіл рельсті көліктің жолы биік эстакадада салынған. Оған ұзынсонар баспалдақпен немесе мүгедектерге, қариялар мен балаларға арналған тар лифтпен көтерілуге тура келеді.
Бұл еріншек, асыққан немесе қатты шаршаған адамдарды үркітуі мүмкін. Сондықтан ЛРТ-ның жаңа тармақтарының рельсі эстакадада емес, жерде төселеді. Тиісінше, қала ішімен қозғалатын теміржол пойызына ұқсайды.
"LRT-ның екінші тармағы Тұран даңғылына дейін және әрі қарай ескі теміржол вокзалына дейін жеткізіледі. Оны салу үшін қажетті ақшаны консорциуммен бірге іздейтін шығармыз деп отырмыз. Бәлкім, қарыз қаржы тартамыз", – деді әкім Қасымбек.
Қазіргі кезде елордада LRT-ны сынақтан өткізу жалғасуда. Эстакада бойындағы тұрғын үйлердің тұрғындары оның жылжымалы құрамының тарсыл-гүрсілін жиірек ести бастапты.
Қазан айының ортасында Астанаға тағы 2 жылжымалы құрам жеткізіліп, рельске қойылды. Бұған дейін CTS компаниясы LRT-ның негізгі желісінде рельс төсеу жұмыстары толық аяқталғанын баяндаған болатын.
Жеңіл рельсті көлік желісінің ағымдағы ұзындығы 22,4 шақырымды ғана құрайды. Бұл Астананың ескі вокзалы мен әуежайы арасындағы қашықтыққа тең.
Өз кезегінде Астананың әкімдігіне қарасты "Астана Бас жоспары" ҒЗИ-дің Урбанистика (қалатану) орталығы басшысының орынбасары Бақтияр Бекенов болашақта қаланың ескі және жаңа орталықтарының әртүрлі ауданына ЛРТ заулауы мүмкін екенін жеткізді.
"LRT-ны кеңейту бойынша жоспарлар расталды. Меніңше, 10 жылдан кейін қазіргі алғашқы тармақтарының қаншалықты тиімді жұмыс істеп жатқанын, қанша жолаушы оны пайдаланатынын, бұл көлік түрінің табысты әлде шығынды екенін терең талдап қарау қажет болады. Дегенмен, егер әлемдік тәжірибеге жүгінсек, бұл өте оңды, жетістікті кейске айналады. ЛРТ қоғамдық көліктің дамуына тың серпін береді, қаладағы кептелістерді азайтады. Сондықтан оның жаңа тармақтарының пайда болуы – өте өзекті", – деді урбанист "NewTimes.kz" ақпарат агенттігіне сұхбатында.
Ол бүгінде вокзалдан әуежайға дейінгі ең танымал маршрут әзірленіп жатқанын мәлімдеді.
"Өйткені бұл бірінші кезектегі қажеттілік. Бірақ болашақта тіпті ірі тұрғын үй алаптарына дейін жететін тармақтар қажет болады. Тек Тұран даңғылымен шектелмей, ары созылып, "Хан Шатыр" сауда ойын-сауық орталығының арғы жағындағы ауданға, Астананың оңтүстік-шығыс бөлігіндегі "Еуразия" сауда орталығы ауданына, үнемі көлік кептелісінен арылмайтын, базарларға апаратын Шоқан Уәлиханов көшесіне дейін жеткені жөн. Сауда-саттық жасау үшін ол жаққа халық көп қатынайды. Яғни, ЛРТ үшін маршруттар әртүрлі болуы мүмкін", – деді "Astanagenplan" Урбанистика орталығы басшысының орынбасары.
Әйтсе де, Астана тіпті Қосшы мен ескі вокзалға бағытталатын тармақтарына да қаржы тапқан жоқ, іздеу үстінде.
"Бұлардан басқа жаңа тармақтарға қатысты нақты жоспарлар әзірге жоқ. Бірақ олардың да қажет болатыны даусыз! Себебі, елорда тез өсуде. Көлік тығындарымен күрес тек қоғамдық көлікті дамыту арқылы жүргізілсе ғана табысты болады. Жолдарды қанша кеңейтсең де кептеліс мәселесін шешуше көмектесе алмайды. Оның үстіне мемлекет жеңілдікті автокредиттеу бағдарламалары арқылы халықтың жеке көлік алуын ынталандыруда. Салдарынан, жолдағы жеке автомобиль легі тоқтаусыз артуда. Қала қоғамдық көлікті дамытуға екпін салуға тиіс", – деді Бақтияр Бекенов.
Қазіргі кезде Астанада автобустан басқа қоғамдық көлік жоқ. Не трамвай, не троллейбус, не метро қарастырылмаған. Тарифтерін үздіксіз көтерген такси бұқараға қолжетімсіз болып қалды.
Жеке машиналардың қаптауы кесірінен, мысалы, Министрлер үйінен "Хан Шатыр" жақтағы ауданға тура жолмен, Қонаев даңғылымен жетуге кейде 50 минутқа дейін уақыт кетеді. Бұл ретте бас қалаға жыл сайын тұтас бір қаланың тұрғынына бара-бар халық – 70 мыңдай адам көшіп келеді.
"Егер қала тұрғындарының саны осындай қарқынмен өсе берсе, автомобильдер саны да тек ұлғая береді. Мұндай жағдайда елордада нағыз көлік коллапсы туындайды. Жүздеген мың көліктің бәріне бізде автотұрақтар да, жол да жетпейді. Сондықтан қазірден қала әкімдігі қоғамдық көлік жүйесін жақсарту үшін жан сала жұмыс істеуде. Бүгінде астаналықтардың 40%-ы ғана қозғалыстың негізгі құралы ретінде қоғамдық көлікті пайдаланады. Бұл аз. Қала басшылығының осы көрсеткішті 70%-ға дейін жоғарылату жоспары бар. Осы мақсат-міндет ЛРТ-ның жаңа бағыттарын дамытуды да қарастырады. Автобустардың жаңа маршруттері ашылуда. Жыл сайын жүздеген жаңа автобус сатып алынады", – деді урбанист Бекенов.
Қалай болғанда, қала басшылығы қалыптасқан және қордаланған мәселені қалай шешу керектігін біледі, тиісті жоба-жоспарлары да бар. Қолбайлау, кедергі болып тұрғаны – қаржы тапшылығы.
Астананың өзі жақсы табыс табады, алайда ол республикалық бюджеттің айналдырған 3 донорының бірі болғандықтан, табысының үлкен бөлігін ел қазынасын толтыруға тапсырады.
Бірақ қоғамдық көлікті дамытудан басқа амалы жоқ. Мысалы, 15 миллиондай тұрғын мекен еткен түркиялық Ыстанбұлда халықтың жетпіс-сексен пайызға дейінгісі қоғамдық көлікпен қозғалады. Оларға метро, автобус, трамвай, паром, тіпті фуникулер-арқан жолы, яғни, жерүсті, жерасты, өзен және әуе көліктері қатар қызмет етеді.