Ақшаны тиімді жұмсаудың 7 жолы

13847

Бұл мақала ақшаны үнемдеп, жинауға бірнеше рет талпынып, бірақ қиындықтарға тап болған, есеп қисапқа бейімі жоқ деп ойлайтындарға арналады. Әсіресе, ай сайын оқумен ипотека, несие мен күнделікті шығындарды реттей алмай, шығын шеңберінен шыға алмай жүргендерге қарапайым жеті ереже ұсынамын.

Ақшаны тиімді жұмсаудың 7 жолы

1. Кірісіңіз бен шығыныңызды анықтаңыз. Ақшаңызды басқару үшін, сізге қолмен ұстап, көруге болатын дүние керек. Бұл деректер, яғни, сандар. "Ақша қалай келеді, солай кетеді" дегенді өзгерту өз қолыңызда. Ең оңайы оны қайда жұмсағаныңызды, қанша төлеп, қайдан келгенін жазып отыру қажет. Қазірден бастап, телефоныңызға кіріс пен шығындарды бақылау бағдарламасын орнатып, оны қолдануды бастаңыз.

Мен қолданып көрген, ыңғайлы бағдарламалар – CoinKeeper, Дзен-мани, БюждетОК, Monefy және MoneyPro. Өзіңізге қолдануға ыңғайлысын таңдап алыңыз. Кейін дүкенде бір нәрсе сатып алған сайын, қосымшаға тіркеп отырыңыз. 

Бір қызығы көптеген адамдар табысының 30%-ы қайда кеткенін білмейді. Сіз білесізбе? Өзіңізді тексеріп көріңіз.

2. Ең маңызды ереже – шығындар кірістен аз болуы шарт. Шығындарыңды қадағалап отыру маңызды.

Бірінші қадамды орындаған кезде, көптеген адамдар өз шығындарының кірістерінен көбірек екенін байқап, "бұл қалай болғаны?" деп таң қалады.

Мәселен, кірісіңіз 300 000 теңге, бірақ шығын сомасы 350 000 теңге. Бұл банкроттық формуласы. Дәл қазір жеке қаржыңызды басқаруға назар аударып, қаржылық сауаттылығыңызға мән бермесеңіз, болашақта қарызға батуыңыз бек мүмкін.

Қашанда шығындар кірістен көп болуы мүмкін. Бұл қақпанға түсіп қалмас үшін, әсіресе, қолыңызға қомақты қаржы түсіп, қызметте өсіп, бизнесіңіз жақсы табыс әкеліп бастаған кезде де кіріс пен шығын есебін жүргізуді әдетке айналдырыңыз. 

3. Ақшаңыз барлығына жетсін десеңіз, отбасылық бюджет жасаңыз. Мен сізге Алекс вон Тобель ойлап тапқан оңай әрі қарапайым жүйені ұсынамын. Бұл "50-30- 20" әдісі.

Оған сәйкес кірістің 50%-ы негізгі мақсаттарға, атап айтсақ, ипотека немесе жалдау ақысын төлеуге, тұрғын үй-коммуналдық қызметтерге, жол ақысы, тамақтануға бағыттау керек. Бұл сомаға  кафелер, мейрамханалар мен асханаларда тамақтану ақысы кірмейді.

Қаржының 20%-ын болашаққа салу керек. Оның ішінде несиелерді төлеу, қаржылық қауіпсіздік жастығы, қарттық шақтың қамын ойлап, инвестициялық салымдар жинақтау бар.

Ал қалған 30%-ын демалысқа жұмсауға болады. Яғни, өмір салтын қалыптастыратын  қызығушылықтарды айтуға болады. Бұған мейрамханалар мен киноға бару, демалыс сапарлары, қосымша білім алу, шоппинг және тағы басқасын жатқызуға болады. Есіңізде болсын, пайыздық бөлініс сіздің қаржылық жағдайыңызға байланысты 60-20-20, 70-20-10 болып өзгеруі де мүмкін. Қайткендеде, табысыңыздың белгілі бір бөлігін жинауды әдетке айналдырыңыз.

 4. Алдымен өзіңізге төлеңіз. Тапқан табысыңыздан ең кем дегенде 1,5,10,20% болашағыңызға жинаңыз. Бұл да сіз жоғарыда жоспарлаған бюджеттің ішіне енуі қажает. Сіз жалақыңызды алған бойда банкке, қарыз болған адамдарыңызға, түрлі дүкендер мен балабақша, мектеп  сынды ұйымдарға ақша төлейсіз. Соңында өз келешегіңізге салым салмайсыз. Келесі айда жинаймын деп ниеттенгенмен, бұл әр ай сайын қайталанатуы мүмкін. Сондықтан ақша қолыңызға тигенде ең алдымен өзіңізге төлейтін соманы арнайы ұзақ мерзімді басқа бір банктің депозитіне салып қойыңыз. 

Кей кезде, "өзіне төлеу" деген ұғымды жинап өзіме сыйлық алу деп шатастырып жатады. Бұл жинаған ақшаңызға ештеңе алмайсыз. Бұл ақшаны сіз қаржылық қауіпсіздік жастығына не болашақ инвестиция сынды жинайсыз.

5. Қауіпсіздік жастығы. Қаржылық қауіпсіздік жастығы дегеніміз - аты айтып тұрғандай, ойда жоқта карантин болып, жұмыстан айырылып не денсаулық сыр берген жағдайда, "жұмысыңызды ауыстырып, бизнеске кетсем не болады екен" деп уайымдамай, отбасыңыздың алты айлық шығынын жабатын соманы жинап, оның бар екенін мүлдем ұмытып кету. Отбасыңыздың бір айлық шығыны 300 000 теңге болса, 1 800 000 теңге сіздің отбасыңыздың қаржылық қауіпсіздік жастығыңыздың сомасы. Қауіпсіздік жастығын қалыптастырған кезде, әлемге басқа көзқараспен қарайтын боласыз. Батыл шешімдер қабылдап, бұрын тәуекелге бел буа бермейтін істерді жасайсыз. Әрқашан "менің ақшам бар" деген психологиялық күймен өмір сүресіз. Бизнеске ауыссам қалай, жұмыстан шығарып жіберсе не істеймін деген қорқыныштардан біржола арыласыз.

6. "Енді бұның бәріне қаржы керек, ал оны жинауға ақша жетпейді" деп налитын жандар үшін кеңес – қосымша табыс көздерін іздеңіз. Жинамаудың мың сылтауын айтқанша, қосымша тағы бір табыс көзін табуға тырысыңыз. Мүлдем басқа салаға бет бұрудың қажеті жоқ. Мұғалім болсаңыз қосымша ақылы сабақтар жүргізіңіз, аударма, мақала жазу, кеңес беру сынды қызметтер, не қосымша сауда саттық болсын. Тіпті, ниет болса ғаламтор дамыған заманда ебін табасыз. Айына табысыңызды кем дегенде 10%-ға өсіріп отырсаңыз, жылына 120% қосымша ақша табасыз. Осылайша үнемдеп қана қоймай, кіріс мөлшерін де арттыруға болады.

7. Қаржылық мақсат қойыңыз. Үй алу, көлік тізгіндеу болсын, саяхаттың да өзіндік құны бар. Өзіңіздің мақсаттарыңыздың тізімін жасаңыз. Кейін жанына әр мақсатқа жұмсалатын қаржы сомасын жазып, бүгінгі бюджеттіңізге салып есептеп көріңіз. Қанша айда, қанша теңгеден жинаған кезде өз мақсатыңызға жете аласыз? Бұл қарапайым есептеулерді exel кестесі арқылы жасасаңыз ыңғайлы. Балаңыздың оқуын, зейнетақыны да есептеп көріңіз. Қаржылық қауіпсіздік жастығын да ұмытпаңыз.

Осы жеті қадамды біртіндеп қолданысқа енгізіп көріңіз. Бір жылдан кейін сіздің өміріңізде күрделі өзгерістер болмасына кім кепіл? Күн сайын қаржылық сауаттылық бағытында дамыңыз. Ол мейлі, кіріс пен шығынды есептеп, қосымша кітап оқу болуы мүмкін. Күнделікті күш салғанда, ең үлкен мақсаттың өзін бағындыруға болады.

 

Автордың пікірі редакцияның көзқарасымен сәйкес келмеуі мүмкін

Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу