Ата-ананы ұл-қызынан қорғайтын заң әлсіз болып тұр

Адамдарда қадір-қасиет кеміген заман келген бе дерсіз. Ата-анасын үйіне сыйғызбай қаңғыртып жібергенді немесе қарттар үйіне апарып тастағанды, ата-ананы балағаттағанды, ұрып-соққанды, тіпті өлтіргенді қай ата-бабамыздан көріп едік?  

Ата-ананы ұл-қызынан қорғайтын заң әлсіз болып тұр

Өкінішке қарай, мұндай сұмдық осы күні қылаң беріп жатыр. Тіпті ай құрғатпай әр өңірден анасын қорлаған тосын хабарды көзіміз шалып қалатын болдық. Ал елеп-ескерілмей, жабулы қазан жабулы күйінде қалған жағдайлар да аз болмаса керек.

Ата-ананы ұл-қызынан қорғайтын заң бар дегенімізбен, оған пысқырып жатқаны көрінбейді. Үй-ішіндегі кикілжіңнің соңы анаға жұдырық ала жүгірумен аяқталатын сәттер кездеседі. Ол ісі үшін болмашы айыппұл төлейді немесе бес-алты күнге қамалады да қайтып шыға келеді. Одан кейін түк болмағандай жүреді, келе-келе топалаңды тағы шығарып, тағы да анасының көз жасын төгетіндер бар.

Ақмола облысында төсек тартып жатқан анасын тепкілеген азаматқа сот үкімі шықты. Ол бұрын сотталған, ал осы күні еш жерде жұмыс істемейтін адам екен. 66 жастағы әйел үйде құлап, жамбас сүйегін сындырып алған, төсекке таңылып жатқан. Оның ұлы үйіне мас күйінде келген. Анасынан тұруды талап еткен, еденге құлатып, кеудесі мен ішінен тепкілеген. Содан кейін анасы ауруханаға жатқызылды. Жамбас сүйегі сынғанына қоса тепкілеудің салдарынан кеуде жарақаты, алты қабырғаның сынуы, кеуде гематомасы, іштің жарақаты, көкбауырдың жарылуы, іш қуысында қанның жиналуы анықталды. Сотта анасы ұлын кешірді, оны бас бостандығынан айырмауды өтініп сұрады. Дегенмен сот оған 4 жылға бас бостандығынан айыру жазасын тағайындады және анасын емдеу шығындары үшін 575 398 теңге сомасында материалдық залалды өтеуге міндеттеді.  

Күні кеше Павлодар облысында мас күйде анасына балағат сөздер айтқан тұрғын қамауға алынды. Өңірдегі Ертіс ауданының полициясына 83 жастағы кейуана өзінің 47 жастағы ұлы мас күйінде дөрекілік көрсетіп, балағат сөздер айтқанын хабарлады. Есепте учаскелік полиция инспекторы дөрекі адамға қатысты әкімшілік материал түзіп, сотқа жолдады делінген. Сөйтіп, соттың шешімімен әлгі ер адамға 5 тәулікке қамау жазасы тағайындалған. Бірақ кейуанаға өз ұлы тарапынан тыныштық берілуі полицияның бақылауында бұрыннан тұрған мәселе болса керек. Өйткені материалда бұрын шығарылған қорғау нұсқамасын бұзғаны үшін тағы бір баппен әкімшілік іс қозғалғаны келтірілген. Мұндағы қорғау нұсқамасы деген әлгі ер адамға бұрынғы ескерту, анасын ұлынан қорғаудың бақылауда болуы деген сипаттаманың заң тіліндегі сөзі болса керек. Сонымен, жиынтығында анасын балағаттаған бұл адамды сот 10 күнге қамапты. Әрине, жұмсақ жаза. Ішіп алып анасын немесе кез-келген жасы үлкен адамды балағаттаған адамды 10 күнге емес, 1000 күнге қамап тастаса да обал жоқ.

Осыған ұқсас сорақы жағдайлар соңғы уақытта әр жерде болып жатыр. Алматыда өз анасын аяусыз соққыға жыққан тұрғынға қатысты сот үкім шыққан. Қарт адамды дәрменсіздігіне қарамастан, соққыға жыққан адамның озбыр қылығы жер үйдегі бейнекамераға түскен. Онда шамамен 50 жастағы ұлты орыс азамат өз анасын алдымен қылқындырғаны, ал жерге құлатқаннан кейін, балдақ сынғанша төмпештегені анық көрінген. Өз анасына күш қолданған адам мұнымен тоқтап қалмай, сұлатып түсіріп, орындықпен ұрған. Сұмдық қой бұл. Кейін мәлім болғанындай, келін мен ене арасындағы жанжал ушыққанда удай мас күйде келген ер адам анасына тап берген. Күдікті бейнежазба арқылы анықталып, ұсталғаннан кейін, уақытша ұстау изоляторына қамалды. 3 ай өткеннен кейін сот отырысы өтті. Анасы байғұс сотта баласын кешіретінін мәлімдеген. Соны ескерген сот оны 1 жыл 6 ай мерзімге бас бостандығынан шектеу түріндегі жаза тағайындады. Яғни қамаған жоқ, еркін жүріп-тұрып, мезгілімен полицияға барып белгіленіп тұратын етіп қоя салды.

Желіде қарт анасын ұрған түркістандықтың видеосы тараған. Ер адам анасына қол көтереді. Бұл оқиғаға қатысты іс қозғалып, өндіріс ашылғаны немесе ашылмағаны белгісіз. Себебі арыз-шағым түспеген деген мәлімет кездеседі.  Ал Атырауда 46 жастағы ер адам анасын ұрған. Ол мас болып барып, топалаң шығарғасын анасы полицияға хабарлаған. Себебі ұлы терезені сындырған және анасына қол көтерген. Соттың шешімімен ол 10 тәулікке қамалды.

Осы күні анасын ұратын әйелдер де бар екен. Ақмола облысында қолы сынған 83 жастағы ана ауруханаға түседі. Полиция қызметкерлері қарт әйелге дене жарақатын 59 жастағы қызы салғанын анықтады. Ал Алматыда бір әйел өзінің анасын ұрып-соққанының бейнежазбасы тараған еді.  Анасын ұрған әйел кейін халықтан кешірім сұрады.

Өкінішке қарай өз анасын өлтірген адамдар да бар. Осы бірер күн бұрын сондай қасіретті оқиғаға байланысты сот үкімі шығарылды. Туған анасын қатыгездікпен өлтірген 15 жастағы жасөспірім 10 жылға сотталды. Шығыс Қазақстан облысында жасөспірім анасын өлтіріп, денесін жасырып тастаған. Әйел 6 айға жуық іздестірілген.

Оқиға былтыр тамызда Өскемен қаласының маңындағы елдімекенде болған. Жасөспірім полиэтилен пакетінен желім иіскеуді әдетке айналдырған екен. Ерінен ажырасқан 3 баланың анасы  ұлдарын асырау үшін Өскеменде жұмыс істеген.

Жұмыстан келген анасы ұлының желім иіскеп отырғанын көреді. Мұның жақсы еместігін, есірткіге еліткендей әсері болатынын ұққан анасы ұлына ұрсып, бірнеше рет ұрады. Сол кезде жасөспірім өзінің анасына жұдырық ала тап береді. Анасы құлап, сүріне-қабынып, қашпақ болады. Бірақ ұлы оны таспен басынан ұрады. Құлап жатқан жерінен таспен басына қайта-қайта ұрады... Ол анасының денесін арбаға салып, бос тұрған көршісінің үйіне апарған. Анасының мәйітін шұңқырға жасырған.

Бірнеше күн өткен соң, әйелдің үлкен және ортаншы ұлы анасы қаладан оралмағанын айтып, іздеу жариялаған. Бірақ әйелді ешкім таба алмаған. Оның денесі тек 5 айдан астам уақыттан кейін ғана табылды.

Тергеу кезінде жасөспірім кінәсін мойындайды. Жасөспірімнің ағасы анасын өлтірген інісін өмір бойына бас бостандығынан айыруды сұрайды. Алайда қылмысты кәмелетке толмаған бала жасағандықтан оны 10 жылға бас бостандығынан айырып, кәмелетке толмағандарға арналған түрмеге қамауға шешім қабылдады.

Автордың пікірі редакцияның көзқарасымен сәйкес келмеуі мүмкін

Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу