Бақытты елдер тізімінде Өзбекстан 54-ші, Қырғызстан 62-ші орында тұр

1060

 Ал Қазақстан 44-ші орында екен.  

Бақытты елдер тізімінде Өзбекстан 54-ші, Қырғызстан 62-ші орында тұр

Бақытты болғанға не жетсін?! Әлемдегі ең бақытты елдердің дәстүрлі тізімі биыл да ұсынылыпты. Бақытты елдердің тізімін Біріккен Ұлттар Ұйымының жанындағы World Happiness Report деген есеп дайындау тобы 2011 жылдан бері жасап келеді. Міне, осы есепте биыл Финляндия қатарынан алтыншы рет көш бастап тұр.

Ресейдің Украинаға қарсы соғысына және Еуропадағы қауіпсіздік жағдайының айтарлықтай нашарлауына қарамастан Финляндия елі алтыншы жыл қатарынан бақыт рейтингінің тізімін бастап тұруы ондағы тұрақтылықтың көрінісі болар. Әрі бұл елдің НАТО құрамына кіріп жатқан жағдайы да бар.

Тізімнің үздік бестігінде Финляндиядан бөлек, Дания, Исландия, Израиль және Нидерланды, ал одан кейін Швеция, Норвегия, Швейцария, Люксембург және Жаңа Зеландия бар. Германия бір жыл ішінде рейтингте екі саты төмендеп, 16-шы орынға жайғасқан. Балтық жағалауы елдері де осал емес.  Литва 20-шы, Эстония 31-ші және Латвия 41-ші орынды иеленді. Баяндамада көрсетілген 137 елдің ішінде Сьерра-Леоне, Ливан және Ауғанстан ең бақытсыз елдер болып тізімнің соңында тұр.

Бақытты елдер тізімінде Қазақстан 44-ші орында екен. Көршілерімізге келсек,  Өзбекстан 54-ші, Қырғызстан 62-ші, Ресей 70-ші орында тұр. Сарапшылардың айтуынша, бақыт пен әл-ауқат халық арасында мүмкіндігінше біркелкі бөлінген елдерде адамдар өзін бақыттырақ сезінетін көрінеді.

Жыл сайынғы жаһандық бақыт есебін "Gallup International социологиялық ұйымдар қауымдастығы" деген АҚШ ғалымдар кеңсесінің кейінгі үш жылда жүргізген сауалнамалары негізінде дайындайды екен. Бақыт индексі алты негізгі критерий бойынша есептеледі. Олар – әлеуметтік қолдау, табыс, денсаулық, еркіндік, жомарттық, сыбайлас жемқорлықтың болмауы.

Қазақстан мұндай тізімнің бас жағында болса қанеки деп қиялдаймыз. Ондай игілікке жету өз еліміздің, өз халқымыздың қолында екені рас. Сырттан біреу келіп бақыт сыйламасы анық.

Ал енді қатарынан алтыншы рет көш бастап келе жатқан Финляндия несімен бақытты деген ой келетіні заңды. Шынында, ол елдің қандай артықшылықтары бар? Жақсыны көрмек үшін демекші, ол елдің жақсы тұстарының кейбірін сөз етудің жөні келіп те тұр.

Финляндияда жұмыс берушілер сырттан барған адамдарға жақсы жұмыстарды ұсынады, жалақыны жақсы төлейді. Жалпы, жалақының көптігі жөнінен Финляндияға жететін ел жоқ. Ол жақтағы орташа айлық жалақы 3500 евро. Лас жұмыс жоқ деуге де болады. Жұмыс түрлерінің бәріне таза орта мен озық инфрақұрылым жасалған. Ол жақта кәсіподақтың жұмысы жақсы жолға қойылған. Жалақының мөлшері міндетті түрде жұмыс берушілер мен кәсіподақтар арасында жасалған келісімшартпен белгіленеді. 65 жастан асқандарға жалақы едәуір артық төленеді. Ал мекемеге жай ғана бір мезгіл барып, желдетіп, еденді сүртіп кететін адамның өзіне айына 2000 евро төленеді. Шет елдің адамдары Финляндияға ақша табу үшін барады.

Финляндияда шет елден баратын кейбір мамандық иелеріне ықтиярхатсыз жүріп, қалағанынша өмір сүруіне және жұмыс істеуіне рұқсат берілетін. Олар – аудармашылар мен оқытушылар, матростар, зерттеушілер, туристік қызмет көрсету  саласының жұмысшылары.

Финляндиядағы өмір сүру деңгейі көптеген жылдар бойы әлемдегі ең жоғары ондықтың қатарында болды. Мемлекет зейнетақылар мен жәрдемақыларды төлеу кезіндегі тұрақтылыққа кепілдік береді, білім ақысыз және сапалы медициналық көмек көрсетеді. Осыған қарамастан  Финляндиядағы қарапайым адамдардың көпшілігі жалақыларына наразы. Олар жалақы көп болып, барлық нәрсеге еркін жетіп артылуы тиіс деп қарайды.  Бір жағынан ол елде салық төлемі жоғары, азық-түліктің бағасы қымбат.

Ол жақта қоқыс көрмейсіз. Тұрмыстық қалдықтарды сұрыптап, содан кейін арнайы фабрикаларға қайта өңдеуге жібереді. Бұл елдегі білім әлемдегі ең жақсы деп саналады.

Сабақтың көбі ойындарға құрастырылған. Финляндиядағы орта мектеп оқушылары Ұлыбритания мен АҚШ университеттерінің түлектеріне қарағанда жақсы білімдерін көрсетеді. Оқудың барлық түрі тегін. Медицина ең жоғары деңгейде. Мұнда ел тұрғындарының орташа өмір сүру ұзақтығы 81 жаста.

Айта берсек, Финляндияның осы сынды артықшылықтары көп. Болмасаң да ұқсап бақ демекші, ол елдің үлгі аларлық өнегесі баршылық.

Автордың пікірі редакцияның көзқарасымен сәйкес келмеуі мүмкін

Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу