Баланың сөзін бөлмеу де маңызды саналады

114

Қоғамда "суицид туралы айтуға, сұрауға болмайды" деген стереотип бар. 

Баланың сөзін бөлмеу де маңызды саналады

Бірақ осы стигманы бұза отырып, баламен ашық сөйлесу, қорықпай сұрау – өте маңызды.

Көп адам "суицид туралы сұрасам, баланы соған итермелеймін" деп ойлайды. Маман ретінде айтарым, бұл – қате пікір. Керісінше, дер кезінде қойылған ашық сұрақ баланың өмірін сақтап қалуы әбден мүмкін.

Жасөспірімдермен жұмыс тәжірибесінде байқалғандай, балаға ашық сұрақ қойылған кезде, ол ішіндегі ауыр сезімін сыртқа шығарып, көмек алуға мүмкіндік табады.

Енді оны қалай айту керек? "Мен сенің соңғы кезде қатты қиналып жүргеніңді байқап жүрмін", "Сенде өмір сүргің келмейтін сәттер бола ма?", "Өзіңе қол жұмсау туралы ойладың ба?" деген секілді сұрақтарды ашық қою баланың өмірін сақтауға көмектеседі. 

Бұл жердегі негізгі мақсат – баланың ішіндегі ауыр сезімін, мәселесін сыртқа шығару, мәселесін айтуына мүмкіндік беру және сол арқылы көмек алуға алғашқы қадам жасау. 

Баланың сөзін бөлмеу де маңызды саналады. Жалпы, жасөспіріммен сөйлесу барысында осы қағидаға ерекше мән беру керек. Бала өз мәселесін айтқанда оның сезімдерін құнсыздандырмаған жөн. Өкініштісі сол, кейде мынадай сөздер айтылып жатады: "Қоя ғой, бәрі жақсы болады", "Бұл да өтеді", "Сен неге бұған бола уайымдайсың?", "Сенен де қиын жағдайда жүрген адамдар бар", "Осыған бола сондай шешім қабылдайсың ба?", "Ата-анаңды ойламадың ба?". Осындай сөздерді естіген жасөспірімдер, менің тәжірибемде керісінше, одан әрі тұйықталып, ештеңе айтқысы келмей қалады.

Сондықтан, дұрыс сөйлесу керек. Мен мынадай тәсілді қолданамын. "Саған шынымен де қиын екен, егер сенің орныңда мен болсам, не істерімді білмей отырмын?" деп айтамын. Осындай сөздер жасөспірімге шынайы әсер етеді. Өйткені, бұл – оның мәселесін мойындау. Сонымен қатар, "Мен сені толық түсініп отырмын" деп айтпаймын. Оның орнына "Мен сені түсінуге тырысып жатырмын" деп айтамын. Себебі, қазіргі жасөспірімдер өте сезімтал, олар бәрін байқайды. Кейде "Сіз мені қалай түсініп отырсыз?", "Сіз осындай жағдайды бастан өткердіңіз бе?" деп кері сұрақ қояды.

Сондай-ақ, балаға алғыс білдірудің де маңызы бар. Мысалы, "Өзіңнің мәселеңді менімен бөліскенің үшін рақмет!", "Мен саған көмектескім келеді", "Сен сияқты жағдайдағы балаларға көмектескен тәжірибем бар" деу – жасөспірім үшін өте маңызды. Өйткені, ол өзін жалғыз емес екенін түсінеді. Осындай қиындықпен тек өзі ғана бетпе-бет келіп тұрған жоқ екенін сезіну оған үлкен қолдау береді.

Автордың пікірі редакцияның көзқарасымен сәйкес келмеуі мүмкін

Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу