Беларусь журналистері қуғынға ұшырап түрмеге қамалуда

1415

Бұл сөз бостандығына орын жоқ екенінің көрінісі болар.   

Беларусь журналистері қуғынға ұшырап түрмеге қамалуда

Беларусь республикасында Дмитрий Лукша деген журналист сотталды. Ол "Беларусь-1" телеарнасының қызметкері болумен қатар Қазақстанның "Хабар 24" телеарнасының да штаттан тыс тілшісі еді. Ол басқа да бірнеше шетелдік телеарналардың Беларусьтағы тілшісі қызметін атқарып келген екен. Ал таратылған ақпараттарға қарағанда, Дмитрий Лукша "Хабар 24" арнасына және басқа шет ел телеарналарына берген материалдары үшін істі болған.

Дмитрий Лукшаның жұбайы Полина Половинко да журналист екен. Телехабарларды бірге дайындап, бірге жүргізген. Жұбайы да қамалып кетті. Олармен бірге Константин Никаноров деген оператор мен Денис Яровский деген монтажшы да сотталды. Денис Яровскийдің Анастасия есімді жұбайы ешқайда кетпеу жөніндегі тілхат алынғанына қарамай шет елге қашып үлгеріпті.

Бұқаралық ақпарат құралдары қызметкерлерінің осыншама адамы қудаланып, сотталуына не себеп болған? Себеп – олардың шет ел телеарналарына Беларусьқа барған босқындардың мүшкіл халі, дүкендерде тауардың жетіспеушілігі сынды көріністерді репортаждарына арқау еткен екен. Заң орындары журналистердің бұл әрекетін елдің абыройын төгетін ақпарат таратты деп айытаған. Айыпталушылардың барлығы 2020 жылы болған қарсылық акциясына қатысқаны да қудалануға тағы қосымша себеп болыпты.

Сөйтіп, өздерінің журналистік міндеттерін шама-шарқынша кәсіби атқарып келген төрт журналист қамауға алынып, ақыры әрқайсысы әр түрлі мерзімге сотталды. Журналист Дмитрий Лушка төрт жылды арқалап кетті және мойнына 6 мың евро айыппұл ілінді. Оның журналист жұбайы Полина Половинко екі жарым жылға бас бостандығынан айырылды және мойнына 1200 евро айыппұл ілінді. Монтажшы Денис Яровский бір жарым жылға қамалды. Оператор Константин Никаноровқа да оңай соқпаған. Енді ол үш жыл үйқамақта отырады және  1200 евро айыппұл төлейді. Бұлардың бәріне қоғамдық тәртіпті өрескел бұзатын әрекеттерді ұйымдастырды және дайындады немесе оларға белсенді түрде қатысты, сондай-ақ Беларусь елінің беделін түсірді деген айып тағылды.

Беларусьтағы бұқаралық ақпарат құралдарының айтуларына қарағанда, сотталған төрт журналист саяси тұтқындардың қатарын толықтырады. Беларусь түрмелерінде 28 журналист жаза өтеп жатқан көрінеді. Енді олардың саны отыздан асты.

Жалпы Беларусь саяси тұтқындары көп елдердің қатарына жатады. Биылғы жылдың 4-желтоқсаны күнгі есеп бойынша бұл елдегі саяси тұтқындардың ұзын саны – 1449 адам. Олар – блогерлер, журналистер, бизнесмендер, президенттікке үміткерлердің штабтарының белсенділері, әр түрлі қарсылық акцияларына қатысқандар. Көпшілігі 2020 жылғы президент сайлауының кезінде және одан кейін болған қарсылық акцияларына қатысып қуғын-сүргінге ұшырағандар деседі. Сайлау өткеннен кейін үш мың адамның үстінен қылмыстық іс қозғалыпты.

Беларусь республикасындағы саяси тұтқындардың қатарында оппозицияның жетекшілерінің бірі Сергей Тихановский деген де бар. Ол 2020 жылы президент сайлауына түсемін дегенде сайлау комиссиясы тіркемей қойған екен. Артынша бүлік ұйымдастырды деген айып тағып 18 жылға соттап жіберген. Осының қарымтасы ретінде әрі оппозицияның қолқалауымен сол жылғы сайлауға түсуге Сергей Тихановскийдің үй шаруасындағы жұбайы Светлана Тихановская құжат өткізеді. Қайда барар дейсің, бәрібір өте алмайды деген болар, үй шаруасындағы әйелдің кандидатурасын тіркеп жіберген екен.

Нәтижесінде сайлаушылардың басым бөлігі Светлана Тихановскаяға дауыс беріп билікті састырды деген әңгіме бар. Бірақ дауыс саны бұрмаланған болса керек. Ал Светлана Тихановскаяның басына қара бұлт үйірілді. Ақыры жас балаларымен астыртын түрде шет елге қашып шығуға мәжбүр болыпты. Оппозициядағы жұбайы Сергей Тихановский Баларусьтың түрмесінде қалды.

Светлана Тихановскаяны Литва мемлекеті паналатып, бар жағдайын жасаған. Үй-жай, қызметтік көлік, дәрігер, аспаз дейсіз бе, ештеңеден мұқтаждық көрмейді. Оны Еуропа елдері Беларусьтың шын президенті деп есептейді, түрлі жиындар мен іс-шараларға шақырады.

Беларусьтың журналистерді қуғын-сүргінге ұшыратып, түрмеге тоғытуы ол жақта сөз бостандығына орын жоқ екенінің көрінісі болар.  

Автордың пікірі редакцияның көзқарасымен сәйкес келмеуі мүмкін