Биыл квотамен Оңтүстіктен Солтүстікке 9 мыңға жуық адам көшпек

1954

Солтүстікке еңбекшіл Оңтүстіктің адамдары керек.  

Биыл квотамен Оңтүстіктен Солтүстікке 9 мыңға жуық адам көшпек

Қазақстанның шаруаға да, өнеркәсіпке де жайлы Солтүстік өңірлерін қазаққа толтыру әрекеті талай жылдан бері жүргізіліп жатыр. Үкіметтің мақсаты Солтүстік өңірлердегі жер-сулардың маңына халқы тығыз орналасқан, жұмыс орны тапшы Оңтүстік аймақтардан ел қоныстандыру. Солтүстік облыстарында жұмыс орны жеткілікті. Мекемелер мен кәсіпорындар жұмысқа қабылдайтын адам таппайды. Квотамен қоныс аударған адам шаруашылық кәсіп ашса, ішіндегі дипломы барларға мамандығына сәйкес  қызмет те табылады. Әрі мемлекет қолдан келгенше әлеуметтік қолдау көрсетіп, тұрақтандыруға тырысады. Үйсіз-күйсіз, жұмыссыз жүрген адамға іздегенге табылған дейтіндей-ақ  нәрсе.

Үйсіз-күйсіз демекші, Оңтүстік жақта жұмыс таппай, арзымайтын ақыға біреудің малын бағып, қорасын тазалап немесе құрылысында істеп жүргендер аз емес. Бала-шағасын асырай алмағасын әке-шешесінің зейнетақысынан күн көретіндер де көп. Жұрттың егінін жинап беріп нәпақа табатындар да жетерлік. Кейбіреулер болса қалада бала-шағасымен пәтер жалдап, базарда алып-сатарлықты кәсіп етеді. Қарап отырсаңыз осының бәрі тепсе  темір үзеді дейтіндей  азаматтар. Табыстары тамағына жетпей, талайы ішіп-жемді айлыққа дейін деп дүкеннен несиеге жаздырып алып күн көреді.

Солар еш тартынбастан Солтүстікке көшсе шырайлары кіріп қалары сөзсіз. Солтүстікте жұмыс, үй, жер-су, ақша береді.  Солтүстіктің ауасы жақсы, қаласаңыз қармақ салып, қоян аулайсыз. Барғандар жаман болып жатқан жоқ.

Биыл мемлекеттің Оңтүстіктен Солтүстікке қоныс аударушыларды қабылдауының өңірлік квотасы 8 652 адамды құрайды екен.  Оның 1,9 мыңы шет елдерден келетін  қандастар үшін болса, ал 6,7 мыңы – қоныс аударушылар үшін көзделген.

Ал 2022 жылы 8 мың адам Оңтүстіктен Солтүстікке көшкен. "Қуатты өңірлер – елді дамытудың драйвері" ұлттық жобасын іске асыру шеңберінде Қазақстанның еңбек тапшылығы бар өңірлерінен 7 923 адам өз еркімен қоныс аударған. Олардың 1 320 қандас және 6 603 қоныс аударушы болған. Солтүстік өңірлердің біріне көшемін, сол жақта көгеремін дейтіндер болса, оларға мемлекеттік қолдаудың бірқатар шаралары ұсынылады.

Біріншіден,  көшуге арналған субсидия – бір мезгілде отағасына және отбасының әрбір мүшесіне 70 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде ақша беріледі. Екіншіден, отбасы мүшелерінің санына және елді мекенге байланысты 12 ай ішінде 15-тен 30 айлық есептік көрсеткішке дейінгі мөлшерде тұрғын үй жалдауға және коммуналдық қызметтерге ақы төлеуге ай сайынғы субсидия төленеді. Үшіншіден, қысқа мерзімді кәсіптік оқытуға жіберді. Төртіншіден, жұмысқа орналасуға немесе кәсіпкерлік бастаманы дамытуға жәрдемдеседі.

Өткен жылы қоныс аударғандардың ішінде 3 652 адам еңбекке жарамды, олардың 2 811-і тұрақты жұмысқа орналастырылған. Бір жолғы субсидиялар 7 622 қатысушыға төленді, ал 5 633 азаматқа тұрғын үй шығыстары субсидияланады

Бұдан басқа, өңіраралық қоныс аударуға жәрдем көрсететін жұмыс берушілерге тұрғын үймен қамтамасыз етілген және кемінде 2 жыл мерзімге тұрақты жұмысқа қабылданған әрбір жұмыскер үшін 400 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде жұмысқа орналасуға біржолғы субсидия беріледі.

 Қазіргі уақытта 2023-2027 жылдарға арналған Көші-қон саясатының тұжырымдамасы қабылданды. Оны іске асыру үшін жұмыс орындары құрылатын және қолданыстағы бизнес-жобалар кеңейтілетін солтүстік және орталық өңірлерге ішкі қоныс аудару тетігін қайта қарайды.

Бұдан басқа, тұрақты жұмысқа орналасқан азаматтарға жаңа тұрғылықты жері бойынша 4 миллион теңгеге дейінгі мөлшерде тұрғын үй сатып алуға қаржылай көмек алуға мүмкіндік беретін ұтқырлық сертификаттарын енгізу мүмкіндігі қарастырылуда. Жоғары жақтың айтуына қарағанда, іске асырылып жатқан шаралар халықты қоныстандырудың өңірішілік диспропорциясы проблемаларын шешуші рөлін атқарады.

Ендеше екі қолға бір жұмыс таппай сандалып жүргендер болса, олар Солтүстік өңірлерімізді толықтырып, ол жақтағы өмірді жандандыруға атсалысса болады деп ойлаймыз.

Автордың пікірі редакцияның көзқарасымен сәйкес келмеуі мүмкін

Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу