Біздің қоғамда, бизнес өкілдерінде экологиялық мәдениет жетіспей тұр

1145

Келешек ұрпақ үшін таза қоршаған орта, ауа, су қалдыруды қазірден ойластырған жөн. 

Біздің қоғамда, бизнес өкілдерінде экологиялық мәдениет жетіспей тұр

Қазіргі уақытта адамзат баласының болашағы қоршаған ортаның тазалығымен, жұтатын таза ауамен, ішетін таза сумен тікелей байланысты. Қоршаған орта ластана берсе, күндердің-күнінде адам ағзасы уланып, тыныс тарылып, өмір сүру сапасы төмендейді. Ондай жағдайға жеткенде дені сау ұрпақ қалдырудың өзі мұң болып қалса керек. Өркениеті алға кеткен елдердің ішінде қоршаған ортаны барынша таза ұстауды бірінші кезектегі өзекті мәселе етіп қарастыратын мемлекеттер аз емес. Сондай елдерде ауа да таза, су да таза, ал айнала төңіректің табиғаты тамылжып тұрады. Өйткені қоршаған орта таза ұсталады, өндіріс, өнеркәсіптің зияны және көліктің газы қалаларды тұмшаламайды. Ондай зиянды нәрселер ауаға таратылмайды. Ал ондай елдердің тұрғындары әдетте дені сау, көңілі сергек. Өзге елдер осындай  елдерден үлгі алуы керек.

Күні кеше өткен Қазақстан Қауіпсіздік кеңесінің отырысында қоршаған ортаны таза ұстау, таза ауызсуды сақтау, яғни таза экологияға қол жеткізу мәселесі ортаға салынды. Отырысқа Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев төрағалық етті. 

Фото: akorda.kz

Экология және табиғи ресурстар министрі Зүлфия Сүлейменова экологиялық қауіпсіздік жөнінде баяндама жасады.

Фото: akorda.kz

Ал бірқатар мемлекеттік орган басшылары мен әкімдер есеп берді. Президент отырыс барысында экологиялық қауіпсіздікке қатер төндіретін табиғи және антропогендік факторларға қарсы күрес аса маңызды екенін атап өтті.

"Соңғы жылдары көптеген елдің үкіметтерінің белсенділігі артты. Экологияны жақсарту, "жасыл" экономикаға көшу және көмірсутегі бейтараптығына қол жеткізу үшін батыл шешімдер қабылданып жатыр. Ұрпағымыздың дені сау болып, ауасы таза елде өмір сүргіміз келсе және мемлекетімізді бүкіл әлем мойындағанын қаласақ, біз олардан үлгі алуымыз керек. Кеңес кезеңінен келе жатқан көптеген өндіріс орны, көмір жағатын электр станциялары мен қазандықтар экологиялық ахуалдың нашарлауына әкеп соқтырды", – Қасым-Жомарт Тоқаев.

Мемлекет басшысы экология саласында шұғыл шешім қабылдауды қажет ететін проблемаларға баса назар аударды. Жиында қоршаған ортаны қорғауға үлкен жауапкершілікпен қарау жөнінде мәселелер көтерілді.

Фото: inbusiness.kz 

Президент рұқсат етілмеген жерлердегі қоқыстарды жою керектігін  және қоқыс өңдеу көрсеткіштерінің төмен екенін айтты. Мемлекет басшысы Үкіметке бірқатар тапсырма берді. Атап айтқанда – ұлттық экологиялық стандарттарды әлемдік стандарттарға сәйкестендіру, өндіріс орындарының зиянды шығарындыларын азайту, қатты тұрмыстық қалдықтарды қайта өңдеу, рұқсат етілмеген жерлердегі қоқыстарды жою және эрозияға ұшыраған жерлерді қайта қалпына келтіру.

Қарағанды облысы Шет ауданындағы егістік алқаптарын қалпына келтіріп, мал шаруашылығын дамытуға қатысты пилоттық жоба бар екен. Сол жобаны жүзеге асырылу тәжірибесін еліміздің өзге өңірлерінде қолдану мақсатында жан-жақты зерттеу жасауға тапсырма берілді.

Фото: inbusiness.kz 

Міне, осындай экологиялық шара Қазақстан үшін өте қажет. Себебі ауамыз ластанып, таза ауыз суымыз жетпей, қоршаған ортамыздың тозған жағдайы бар. Ал бұлай кете беретін болса, ертеңгі күні опық жейтініміз рас. Әсіресе келешек ұрпақ үшін таза қоршаған орта мен таза ауа, таза су қалдыруды осы бастан ойластырмаса болмайтын кез келді. Сондықтан президенттің бастамасын жөн көріп, оны қолдау орынды деп ойлаймыз. Қоғамда да, бизнес пен кәсіпте де экологиялық мәдениет жетіспей жатқанын мойындау керек.

Орайы келіп тұрғандықтан экологиялық жағынан үлгі алуға боларлық бірнеше елді атап кетсек дейміз. АҚШ-тың Йель және Колумбия университеттерінің зерттеушілері экологиялық тиімділік индексінің мәліметтеріне сүйене отырып, 2023 жылғы ең таза мемлекеттердің рейтингін жасап шығарыпты.  Қоршаған ортаның жағдайы мен экожүйенің өміршеңдігінің 10 категориясын 24 көрсеткішпен бағалап, рейтингке 180 елді қамтыған. Осы рейтингтің алғашқы ондығында тұрған ең таза елдер – Дания, Ұлыбритания, Финляндия, Мальта, Швеция, Люксембург, Словения, Австрия, Швейцария және Исландия. Қоршаған ортасы, жұтатын ауасы, ішетін суы ең таза ел биыл Дания екен. Ал енді бұл рейтингтегі тағы біраз елдерді атасақ, Беларусь 55-ші, Украина 60-шы, Қазақстан 93-ші, Грузия 103-ші, Әзірбайжан 104-ші, Өзбекстан 107-ші, Ресей 112-ші, Тәжікстан 117-ші, Түркіменстан 118-ші, Қытай 160-шы, Түркия 172-ші орында. Көріп отырғанымыздай, Қазақстан бұл рейтингтің бел ортасында қалыпты. Экологиямызды жақсартсақ неге Дания сияқты ел болмасқа?! Рейтингтің ең соңғы, 180-ші орнында Үндістан тұр.

Автордың пікірі редакцияның көзқарасымен сәйкес келмеуі мүмкін

Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу