Елде 29 мыңнан астам адам 2 мыңға жуық апатты үйде тұрады

Тозығы жеткен көппәтерлі үйлер үлкен мәселеге айналуы мүмкін.

Елде 29 мыңнан астам адам 2 мыңға жуық апатты үйде тұрады

Кез-келген сырттан келген адам ғимараттардың және тұрғын үйлердің әсемдігіне, мықтылығы мен қауіпсіздігіне назар аударады. Соған қарап елдің әлеуетіне баға береді, мәдениеті мен әлеуметтік саясатының деңгейін шамалайды. Сондықтан қалаларымыздың көркі елді жарнамалаудың бірінші кезектегі құралы болса керек.

Рас, қалаларымызда әсем ғимараттар мен тұрғын үйлер салынып жатыр. Бірақ халықтың бәрін бірдей жаңа баспанамен бірден қамтамасыз ету мүмкін емес. Қалаларда жаңа үйлерден гөрі ескі үйлер әлі де көп. Жалпы есеп бойынша бүкіл ел аумағындағы тұрғын үйлердің 30 пайызының салынғанына 60 жылдай болыпты. Бас-аяғы 746,9 мың ғимарат болатын мұндай тұрғын үйлер 1970 жылға дейін салынған.

Хрущевтың билігі тұсында екі-үш қабатты көппәтерлі үйлер барлық қалаларда салынған болса керек. Қазір ол үйлердің бәрі әбден тозығы жетіп, құлауға шақ тұр. Ішінде апатты жағдайда тұрғаны қаншама. Қабырғалары сетінеп, шөгіп бара жатқан соң бұзылғандары да аз емес. Одан кейін 70-80-ші жылдарда да төрт-бес қабатты стандартты көппәтерлі тұрғын үйлер салынды. Леонид Брежневтің басшылығы кезінде халықты баспанамен барынша көбірек қамтуға аса үлкен мән берілді. Мемлекеттік бағдарлама жұмыс істеді. Нәтижесінде барлық қалаларда бір үлгідегі көппәтерлі үйлер молынан салынды. Бұл үйлер де осы күні тозды, ішінде апатты жағдайдағылары да өте көп. Талайы бұзылып та кеткен.     

Статистикаға сүйенсек, 2022 жылдың соңына қарай елде 2 мыңға жуық апатты тұрғын үй болды. Онда 29 мыңнан астам адам тұрады. Бұл есепке Алматы қаласы, Маңғыстау және Жамбыл облыстары кірмеген. Өйткені бұл өңірлердегі үйлерді апатты деп тану жөніндегі комиссияның отырысы өтпеген. Яғни статистика бюросына мәлімет түспеген.

Апатты үйлері ең көп өңір Атырау облысы екен. Мұнда құлаудың алдындағы үйлердің саны 379. Одан кейінгі кезекте 202 апатты үйі бар Ақмола облысы. Астана қаласының өзінде 195 апатты үй бар. Батыс Қазақстан облысында 175, Абай облысында 127 апатты тұрғын үй бар. Осы бес өңір апатты үйлерінің көптігі жөнінен көш бастап тұр.

Ақтөбе, Қарағанды, Шығыс Қазақстан облыстарындағы апатты тұрғын үйлердің саны 110 мен 120-ның арасында. Республиканың қалған өңірлеріндегі апатты үйлердің саны 100-ден төмен. Таяуда ғана облыс орталығы болған кішкене ғана Түркістан қаласының өзінде 24 апатты тұрғын үй бар екен. Апатты үйі ең аз өңір – Қостанай облысы. Мұнда бар-жоғы бес үй ғана апатты деп танылған.

Апатты үйлердің көп болуы күрделі мәселе әрі бұл өте қауіпті. Бір айта кетерлігі, тозығы жеткен, жақын арада апатты үйлердің қатарына қосылатын үйлердің есебі жүргізілмеген деп жатыр. Яғни ондай үйлердің статистикасы жоқ.

Тозығы жеткен ескі үйлердің көпшілігі бүгінде қалалардың ортасында қалған. Демек ондай қиқы-жиқы сүреңсіз үйлер қаланың көркін бұзады. Сондықтан елде тұрғын үй-коммуналдық инфрақұрылымды дамыту тұжырымдамасына сәйкес тұрғын үйлерді жаңғырту бағдарламалары іске қосылған. Бағдарламалар 2026 жылға дейін ескі үйлерді жаңғырту жұмыстарына арналған. Яғни ескі үйлердің жағдайы тексеріліп, жарамды болған жағдайда сыртқы келбеті толығымен жаңартылады. Көшеден көз түскенде жылтырап шаға келетін болады. Дегенмен бұл лажсыз шара болса керек. Ескі пәтер иелеріне жаңа баспана салып бергеннен гөрі өздері отырған үйлерінің сыртын жылтыратып берген анағұрлым арзан емес пе? Әрі қаланың көркі сақталады.

Мысалы, Алматыда 1930-1975 жылдары аралығында салынған екі қабатты, бүгінде пайдалану мерзімі өтіп кеткен 1 мың 400-ден  астам үй бар екен.  Мұндай үйлерде 60 мыңнан астам адам тұрады. Бұл үйлердің жартысынан көбі Түрксіб, Бостандық, Жетісу аудандарында орналасқан. Сол үйлердің ішіндегі 322 пәтер орналасқан 42 апатты үй бұзылуға жатады. Одан бөлек, қаладағы 845 пәтер орналасқан тағы 90 тұрғын үйді де бұзу жоспарланған. Соған сәйкес көппәтерлі жаңа тұрғын үйлер қарқынды салынып жатыр.

Автордың пікірі редакцияның көзқарасымен сәйкес келмеуі мүмкін

Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу