Ендігі негізгі мәселе – елімізді Ресейдің насихатынан қорғау

1226

Ресейдің насихатшылары мен саясаткерлері дүркін-дүркін Қазақстанның етегіне жармасуын жалғастырып келеді.  

Ендігі негізгі мәселе – елімізді Ресейдің насихатынан қорғау

Жалпы, Ресейдің адамдары тарапынан Қазақстанға қатысты айтылып жүрген келеңсіз сөздердің шығу төркіні сол елдің билігінен екені бесенеден белгілі. Себебі қазіргі президенті мен бұрынғы президентінен бастап ірі шенеуніктеріне дейін, Госдума төрағасы мен депутаттарынан бастап қалалық дума депутаттарына дейін Қазақстанның тұтастығына байланысты жайсыз сөздерді айтып, көңілге қаяу салып келеді. Сондықтан телеарналардағы насихатшылары мен көпшілік алдында сөз алған саясаттанушылары, сарапшылары, тағы басқалары Қазақстанға қатысты бейпілауыз болуы, әрине, Ресей билігінің айтқан ақылымен, тіпті сұрауымен болып жатыр деп қабылдамасқа лаж жоқ.

Осындай кезекті қитұрқы әңгіме Ресейдің "Россия 1" мемлекеттік арнасындағы "Вечер с Владимиром Соловьевым" деген саяси ток-шоуында қылаң берді. Оған қатысқан Дмитрий Дробницкий деген сарапшы Ресейдің Украинадан кейінгі проблемасы Қазақстан деп айтты.

Қазақстанда да ұлшылдық бар, ал ол жақта орыстар көп дегенді ортаға салып шала бүлінді. Ток-шоудағы өзге саясаткерлер мен сарапшылар да, жүргізуші Соловьев те мұндай тұжырымды қолдап-қуаттаған бейіл танытты. Демек бұл жерде насихатшылар Ресей билігінің тілінің ұшындағы сөзді айтып, осыны өз жұртына да, Қазақстан жұртына да жеткізуші болып отыр. Әрине, мұндай қаңқу сөз біздің халқымызға жақпайды.

Ресейдің үгіт-насихатына әбден елтіп, есінен адасқан Ресей тұрғындары Соловьев пен оның бағдарламасына қатысатындардың сөздеріне пайғамбардың сөзіндей сенетіні тағы бар.

Бұған Қазақстан Сыртқы істер министрінің Роман Василенко есімді орынбасары жауап бергендей болды. Бірақ жауап солғын, жаттанды сөздерден құралып шықты.

"Біздің ойымызша, бұл, біріншіден, Ресей билігінің ресми ұстанымы емес. Екіншіден, бұл Қазақстан мен Ресейдің дәстүрлі тығыз қарым-қатынасына нұқсан келтіреді. Үшіншіден, Ресей билігінің оған реакция білдіргені жөн деп санаймыз", – деп жұмсақ қана етіп жауап қатты сыртқы саясатқа жауапты адам.

Ол Қазақстанда ұлтшылдық үрдісті байқамағанын, себебі ондай нәрсе елде мүлде жоқ екенін айтады.  

Жауапты Қазақстан Парламент Сенатының депутаты, ондағы Халықаралық қатынастар, қорғаныс және қауіпсіздік комитетінің төрағасы Мұхтар Құл-Мұхаммед де берді. Ол Ресейдің мемлекеттік арнасынан елімізге қатысты айтылған мәлімдемеге Ресей билігі тиісті жауап беруге тиіс екенін айтты. Соловьев айналасына улы сілекейін шашады деді Мұхтар Құл-Мұхаммед.

"Соловьев көп елдерде "нон грата" мәртебесін алған, қазір санкцияға іліккендер мен қара тізімге енгендер арасында көш бастап тұр. Ол ашуланғаннан кейін, жан-жағына улы сілекейін шашады. Соловьев пен сол секілді саясаткерлер шындықты түсініп, жаңа геосаяси ақиқатпен санасуды үйренетін уақыт келді. Ресейлік саясаттанушы Дробницкийдің "келесі мәселе Қазақстан болуы мүмкін. Өйткені ұлтшылдық үрдістері сол жерде де басталуы ықтимал" деген сөзінен біздің елімізге тікелей қатер төндіру байқалады".

Депутат Құл-Мұхаммед Соловьев Ресейдің мемлекеттік "Россия 1" арнасының эфирінде Алматыда америкалық биозертхана орналасқанын алға тартып, қалаға соққы жасауға үндегенін еске салды. Соловьев өзі даулы мәлімдеме жасап, бағдарлама қонақтарын да соған итермелейтін жағымсыз адам. Ресей президентінің баспасөз хатшысы Дмитрий Песков Соловьев бағдарламасында айтылған жайттар Кремльдің ұстанымы емес екенін сәрсенбі күні айтты. Алайда оған сенбейтіндер өте көп.

Қазақстанға қатысты жайсыз мәлімдемені көшедегі елеусіз адам айтса бір жөн. Бұл іске Госдума депутаттары кіріскен бе дерсіз. Биылғы жыл басталысымен Госдума депутаты Геннадий Зюганов Қазақстанның Солтүстігі қай жағынан алып қарағанда да орыстыкі болып қала береді, ондағы орыстарды ұлтшылдардан қорғайық деп көкіді. 2020 жылы Госдуманың бірнеше депутаты бірдей жамырап, Қазақстанның Солтүстігі Ресейдің берген сыйы деп салды. Оған байланысты Қазақстан жағы қарсылық нотасын жіберді. Тіпті өткен жылы Ресейдің Сыртқы істер министрі Қазақстанда орыстарға қысым көрсетіліп жатыр деген сөз жүгіртті. Осының бәрі Ресейдің насихатшылары мен сарапшыларын айтақтау болып табылады. Ресей үшін Қазақстан ең жақын серіктес дегендері, қазіргі санкция кезінде Қазақстаннан зиян көрмей отырғаны осындай әдепсіз мәлімделерімен жуылып-шайылып кетіп те жүргенін өздері түсінбейтіндері таң қаларлық.

Санкт-Петербургте өткен халықаралық экономикалық форумдағы сөз арасында Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Ресей саясаткерлері мен саясаттанушыларының және басқалардың Қазақстанға қатысты оңды-солды сөздерінің бекершілік екенін нақтылап, өте түсінікті етіп беттеріне басқан болатын. Бірақ біршама уақыт өте олар баяғы әдеттеріне тағы басты.

Ендігі негізгі мәселе – елімізді Ресейдің насихатынан қорғау. Олардың арналары біздің аумағымызда көрсетілмесін деген талап орынды деп жатқандар көп. Әсіресе Солтүстік облыстардың қалалары мен ауылдарына Ресейдің теленасихаты сынадай болып ендеп кіріп алған. Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі бұл мәселенің шешімін  табуға шамасы жетпейді деп ешкім айта алмайды. Ынта болса алынбайтын қамал жоқ емес пе?

Қазақстан үшін қазіргі уақытта мықты ақпараттық команда керек екені күннен-күнге анық сезіледі. Ақпараттық шайқасқа жарамды мамандар мен сарапшылар, саясаттанушылар мен журналистердің элитасы қалыптасса нұр үстіне нұр болар еді. Себебі Ресей тарапынан шоғын қоздырып жатқан ақпараттық шабуылдарға қарсы тұратын өз ақпараттық қызмет топтарымыз керек емес пе? Мысалы, Украинаның ақпараттық қызметі өте мықты жұмыс атқарып, ақпараттық майданда Ресейге дес бермей келеді. Нағыз ақпараттық майданға лайық болу үшін сөз бостандығы мен демократиялық еркіндік керек екенін біз Украинаның мамандарының жұмысынан көріп отырмыз.

Ресей бұқаралық ақпарат құралдарының хабарлары мен бағдарламаларының Қазақстанға еркін тарауы біздің еліміз үшін проблема екені рас. Ресейден келетін орыс тілді контентті қазақстандықтардың жылдам қабылдайтыны да мәселені қиындатады. Дегенмен де Қазақстанның өзге елдің үгіт-насихатынан қорғалуы және ақпараттық майданға төтеп беретін майталман  мамандарымыздың болуы өмірлік маңызды деп қараған дұрыс шығар.

Ресей насихатының күштілігінің бір қыры болар, күні кеше "Қазфосфат" зауытының Тараздағы басшылығының құрамында болған Ресей азаматы жергілікті жұмысшыны "баран" деп ғайбаттаған. Мұның соңы жұмысшылардың қарсы көтеріліп, әлгі дөрекі бастық жұмыстан кетуге мәжбүр болды. Мұндайды Ресей насихаты ұлтшылдар қысым көрсетіп, жұмыстан қуды деп өңін теріс айналдырып ала жүгіретіні де белгілі.

Қысқасы, бізге ақпараттық майданда бетқаратпайтын, бетің бар, жүзің бар демей туралықты жетер жеріне жеткізе айтатын қазақ, орыс, ағылшын тілді сарапшы мамандар көп керек екенін заманның өзі айтып отыр.    

Автордың пікірі редакцияның көзқарасымен сәйкес келмеуі мүмкін