Есірген шетелдіктер елімізде жүріп түрлі заңсыз әрекеттерге барған

1085

Қазақстанда бизнеспен айналысуға барынша жағдай жасалған, алайда оны теріс қолданатындар да аз емес. 

Есірген шетелдіктер елімізде жүріп түрлі заңсыз әрекеттерге барған

Қазір Ресейден ауып келгендердің бірсыпырасы Қазақстанда кәсіп тіркеген. Іштерінде халықаралық санкцияны айналып өтіп, Ресейдің Қарулы Күштерінің пайдасына жұмыс жүргізгендердің бар екені  жайлы жақында ғана ақпарат тарады. Ондай компаниялар Қытайдан Қазақстанға дрон импорттап, соңынан ебін тауып Ресейге асырып келіпті.

Осыған қарап-ақ Қазақстан келімсектер үшін ұзын арқан, кең тұсау екенін аңғарамыз. Қадағалау жоғары деңгейде болмаған соң, шетел адамдарының ішінде елімізде жүріп түрлі заңсыз әрекеттерге баратындар кездеседі.

Қазақстанда бизнес жүргізген америкалық әйелдің мұндағы мүлкі тәркіленіп, өзіне халықаралық іздеу жарияланыпты. Ол әйел емханалар жүйесін ашқан екен. Алайда жеңіл пайданы көздеген. АҚШ-тың адамы Ақмола облыстық денсаулық сақтау басқармасын медициналық жабдықтармен қамтамасыз етемін деп, нәтижесінде ескі, жарамсыз күйдегі жабдықтарды су жаңа ретінде өткізіп келіпті. Жемқорлықтың мұндай механизмін денсаулық сақтау басқарманың бұрынғы басшыларымен бір топта Мемлекеттік-жекешелік әріптестік шартының аясында жүзеге асырған. Осылайша, әлгі әйел бюджет қаржысының 1 миллиард 167 миллион 513 мың 600 теңгесін жымқырғаны айтылып жатыр. Ал өзі жоқ. Ол қылмыстық іс тіркелгенге дейін Қазақстаннан шығып кеткен. Өзі кетсе де артында сатып үлгере алмаған азын-аулақ мүлкі қалған екен. Қазір америкалық әйелдің Бурабайдағы жаңа емхана ғимараты мен "Лексус" көлігі тәркіленді. Бурабайдағы жаңа емхана ғимаратын кезінде 890 миллион теңгеге салғаны, оны мемлекетке 4,5 миллиард теңгеге сатуға тырысқаны анықталды. Ақмола облыстық денсаулық сақтау басқармасының бұрынғы басшылары да істі болып, қылмыстық жауапқа тартылып жатыр.

Шетелдіктердің заңсыз әрекет істеп, қыруар ақша жымқырып кеткен оқиғалары бұған дейін де талай болған. Ұсталмай жүргендері де, ұсталып, қамалғандары да бар.

Мысалы, Қазақстан Ауыл шаруашылығы министрлігінің шотынан 1 миллион долларды және 40 миллион теңгені оп-оңай жымқырып кеткен ресейлік әйел араға 16 жыл салып ұсталды. 16 жылдан бері ол халықаралық іздеуде жүрген болатын.

Өзі әккі, айлакер әйел екен. Өте сақ болып әрекет еткен. Ол мұнда келгенде жұмысқа ресми түрде орналаспаған, үй-жай сатып алмаған, туыстарымен сөйлеспеген. Қылмысты жасағанда өзін басқа адам ретінде көрсеткен. Полицияның назарына ілікпеу үшін қолынан келгеннің бәрін істеген. Екі серіктесімен бірге Ауыл шаруашылығы министрлігінің шотынан ірі көлемдегі қаржыны өзге шотқа аударып алған.

Алдымен ол болашақ серіктерінің бірімен танысып, содан кейін олар тағы бір танысымен бірге үшеуі Қазақстанға оңай ақша табу пиғылымен келген. Қылмыстық топ Қазақстанда біркүндік фирма құрған және жалған құжат дайындаған. Жалған құжаттармен олар Қазақстанда қазынашылық басқармаға жұмысқа орналасқан.

16 жылдан кейін ұсталған әйел Светлана Киршова деген Ресей азаматшасы болып шықты. Ол Қазақстанда Қазынашылықта жұмыс істеп қана қоймай, сонымен қатар қызметі өсіп, ақшаны жалған шотқа аударуға мүмкіндігі болыпты. Тексеру бастала салысымен ол әйел үшті-күйлі ізін суытып, 16 жыл бойы органдардан жасырынып жүрген.

Светлана Киршова Белгородта ұсталды. Соңынан өзге серіктері де қолға түсті. Қазір үшеуі де әр түрлі мерзімдегі жазаны Ресей түрмесінде өтеп жүр. Сол сияқты, Қазақстан бюджетінің 1 миллиард 100 миллион теңгеден астам қаржысын үптеп кеткен АҚШ азаматшасы да ертелі-кеш қолға түсер.

Қыруар ақшаны жымқыра қашып, шет елдерде жүрген өз азаматтарымыз да аз емес. Осы күні шет елдерге әкетілген қаржының жалпы сомасы 160 миллиард доллар деп жатыр. Ал бұл сома еліміздің Ұлттық қорының қаржысынан үш есе, республикалық бюджет қаражатынан төрт есе көп екен. Әзірге елге қайтарылғаны бар-жоғы 630 миллиард теңге ғана.

160 миллиард доллар әр кезеңде негізінен Еуропаға жеткізілген. Ақшаның Еуропадан қайтуы ұзаққа созылуы мүмкін. Себебі ол жақтың үкіметтері ешқашан асықпайды. Әкетілген қаржыларды қайтару сот арқылы шешіледі. Ал сот процестері Еуропада әдетте жылдарға созылып жатады.

Бүгінде ақшаны шет елге офшордан гөрі қолма-қол астыртын түрде шығаратын адамдар көбейгені айтылуда.

Автордың пікірі редакцияның көзқарасымен сәйкес келмеуі мүмкін

Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу