Халық саяси реформаны күтеді

2050

Қазақстандағы қайғылы қаңтар оқиғалары әлі талайға дейін талқыға түсетін болса керек.   

Халық саяси реформаны күтеді

Әлемнің түпкір-түпкірінде әрқилы пікір көп, билікті айыптау акциялары да пайда болып жатыр. Айтылып жатқан сөздер мен істеліп жатқан әрекеттердің бәрі дерлік Қазақстан халқын қолдау аясында бағытталған.

Англиядағы қазақ диаспорасының өкілдері Қазақстандағы қантөгісті айыптап көшеге шықты. Лондонда ондаған адам Қазақстан елшілігінің алдында акция өткізіп, қаңтар оқиғасына байланысты халықаралық зерттеу жүргізуге үндеді. Плакат ұстап шыққан олар кеуделеріне қызыл бояу жағылған ақ киім киіп, оқ тиген адамның кейпін бейнелеген. Плакаттарда ағылшын тілінде "Қазақ тирандарына санкция салынсын!", "Азаптауды тоқтатып, зерттеуді қол алыңыздар!", "Полиция азаматты тірідей ұстап әкетіп, өлі қылып қайтарды", "Қантөгісті доғарыңыз!" деген жазулар болды. Олар әлемнің назарын Қазақстандағы қанды оқиғаларға аударғылары келетінін айтқан. "Бейжай қарай алмаймыз, туған жеріміз үшін жүрегіміз ауырады, жағдай өзгергенін қалаймыз",– деді акцияға қатысушылар.

Ал Америка Құрама Штаттарының Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық жөніндегі ұйымы жанындағы миссиясы Қазақстандағы жағдай туралы мәлімдемесін жариялады. АҚШ-тың Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық жөніндегі ұйымы жанындағы тұрақты өкілі, елші Майкл Карпентер қаңтар оқиғасында адамдардың қаза болуына байланысты Қазақстан халқына көңіл айтты.Ол Қазақстанның егемендігі мен тәуелсіздігіне қолдау көрсететінін атап өтті. АҚШ саясаткері өз сөзінде Қазақстанның бұл дағдарыстан аман-есен шығатынына сенім білдірді. Оның сөзіне қарағанда, АҚШ-тың Мемлекеттік хатшысы Энтони Блинкеннің "Вашингтон Қазақстанмен әріптестіктен айнымайды, Президент Қасым-Жомарт Тоқаев ұсынған реформаларды қолдауға дайын" деген сөзін жеткізді. Майкл Карпентер тергеудің ашық өтуін қамтамасыз етуге және ұсталғандардың құқығын сақтауға шақырды.

Әлем Қазақстанда саяси реформа жасалады деп үміттеніп отыр. Біріккен Ұлттар Ұйымының Адам құқықтары жөніндегі кеңесінің сарапшылары біздің елімізде саяси реформа пакеттерінің қалыптасуына қызметтестік үлес қосуға дайын екендіктерін білдіріп жатыр.

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Парламентте жасаған мәлімдемесінде саяси реформаның жаңа пакетін өзінің алдағы қыркүйекте халыққа жасайтын Жолдауында егжей-тегжейлі ортаға салатынын айтқан болатын. Шыны керек, мемлекет пен қоғам арасындағы қатынасты жақсартпай болмайды. Ол үшін саяси реформа жасалуы керек. Президенттің өзі қоғамдық келісімнің жаңа форматы керек екенін айтып отыр. Оның айтуынша, саяси реформаның жаңа пакеті азаматтық қоғаммен және сарапшылармен болатын кең көлемді диалогтың негізінде қалыптасады. Заңдылық пен тәртіптің сақталуына, меншік құқығы мен азаматтардың құқықтарының қауіпсіздігі  қорғалуына, халықтың әлеуметтік игіліктермен және көрсетілетін сапалы мемлекеттік қызметпен қамтылуына мемлекет кепілдік беруі керек.

Қазақстандағы жағдайға алаңдап отырған елдер көп. Олардың бірі – Қытай. Алаңдайтын себебі – Қазақстан  "Бір белдеу – бір жол" жобасы үшін маңызды мемлекет. Жоба аясында елге миллиардтаған доллар инвестиция тартылған. Қытай Халық Республикасы ішкі істер министрлігінің ресми өкілі Ван Вэньбин Қазақстандағы оқиғалар елдің ішкі мәселесі екенін алға тартты. Ол Қытайдың Қазақстандағы жағдай тезірек тұрақталады деп үміттенетінін жеткізді. Қытайдың ішіндегі сарапшылардың кейбірі болса "Ресей мен Қытай АҚШ пен батыс елдеріне Қазақстанда ұзақ мерзімді тәртіпсіздік орнатуға мүмкіндік бермейді" деген түсініксіз, қасаң сөзді таратты.

Ал штаб пәтері Берлинде орналасқан Transparency деген халықаралық ұйым Қазақстандағы оқиғаның түпкі себебі жемқорлық деген қорытындыға келді. Бұл ұйым қаңтар оқиғасын сыбайлас жемқорлықпен және кірістің тең бөлінбеуімен тікелей байланыстырады.  Transparency ұйымы әлемдегі жемқорлық атаулыны зерттеумен айналысады. Ұйым Қазақстанда мұндай жағдай қайталанбауы үшін өзінің мақаласында Үкіметімізге бірнеше ұсыныс жолдапты. Солардың бірі – сот жүйесін реформалау.

Қысқасы, жан-жақты жетілдірілген саяси реформаны күтеміз.  

Автордың пікірі редакцияның көзқарасымен сәйкес келмеуі мүмкін

Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу