Қаланың шуынан шаршаған шетелдіктер үшін біздің турлар – нағыз экзотика

Туристер негізі Арал өңіріне (теңіз бен қала) жыл бойы қызығушылық танытады. Әрине, қыста көп емес, айына бір-екі жеке жүрген шетел азаматтары болуы мүмкін.

Қаланың шуынан шаршаған шетелдіктер үшін біздің турлар – нағыз экзотика

Негізгі туристік маусым сәуір айының аяғынан қазанның орта тұсына дейін жалғасады. Жаз шыға Еуропадан Өзбекстан, Қырғызстанға қарай немесе жаздың соңына қарай аталған елдерден Еуропаға қайтушылар Қазақстан арқылы өтеді. Осы маусымда жиі келуші еуропалықтармен қатар, мына шеті Австралия, Жаңа Зеландиядан, сонау Канада, Аргентинадан келушілер де болды. 
 

Біздің Арал ауданындағы, оның ішінде теңізбен таныстыру бағытымыз – көбіне солтүстік-батысында орналасқан Жалаңаш, Тастүбек ауылдары мен Бутаков шығанағында орналасқан Құттыбай, Қарасандық төбелері, ескі құм басқан Ақеспе елді мекені. Бұл бағыт бойынша теңіздің бұрынғысы мен бүгінін, балықшы ауылдың тіршілігін көрсетеміз. 
 

Мысалы, Арал қаласынан Жалаңаш елді мекеніне дейін бұрынғы теңіз табанымен сафари, ары қарай Тастүбектен теңіздің балығы мен ұлттық сусынымыз шұбаттан дәм тату, қонақтар қаласа тіпті жергілікті балықшылармен бірге теңізге шығып, балық аулауды да ұйымдастырдық. Үлкен қалалардың шуынан, көлік кептелісінен шаршаған шетелдіктер үшін біздің турлар – нағыз экзотика.
 

Бұл маусымда да жекелеген туристермен қатар, Астана, Алматыда орналасқан туроператорлармен бірге бірнеше топтық тур да ұйымдастырдық. Сонымен қатар, өз көліктерімен жүрген қонақтарға да жолсерік қызметін көрсеттік. 
 

Аралға нақты келушілер саны белгісіз, себебі кей қонақүйлер тіл білмесе де, жол талғамайтын көлігі бар өз таныстарын шақырып мінгізіп жібереді. Орта есеппен екі жүздің жобасында шетелдік саяхатшы болды деп айтуға негіз бар.

Автордың пікірі редакцияның көзқарасымен сәйкес келмеуі мүмкін

Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу