Қаңтарда Қазақстан банктері 169 миллиард теңге таза пайда тапқан

1487

Өткен жылы бұл көрсеткіш 1,47 трлн теңге болған. 

Қаңтарда Қазақстан банктері 169 миллиард теңге таза пайда тапқан

Қаржы ұйымдарын, соның ішінде банктерді байытуға келгенде аянып қалмаймыз. Әрине, банктердің бай-бақуат өрістегені мемлекет үшін жақсы болар. Мемлекеттік жобалардың ішінде банк қызметін пайдаланатындары да аз емес. Кәсіпкерлер болса банксыз аттап бас алмайды. Сондықтан бүгінгі кез – қаржыгерлердің заманы болып тұр. Көштен қалмайын деген қарапайым тұрғындар да баспана аламын деп банктерді жағалап кеткелі қай заман... Кәсіпкері бар, қара халық бар, мемлекет жобалары бар, бәрі жиылып банктің қоржынын жапатармағай томпайтумен келеді.  

Осылайша, тек өткен қаңтар айының ішінде Қазақстанның банктері сол айға төлеген салығынан бөлек 169 миллиард теңге таза пайда тапқан. Жалпы кіріс 4,3 триллион теңге болған. Осыншама таза пайда көру үшін банктердің қаржылай активі қанша болуы керек?  Елдегі банк жүйесі өткен жылы 1,47 триллион теңге таза пайдамен шыққан екен. Банктер мемлекеттің бір ұстыны әрі құрамдас бөлігі.  

Осы ретте еліміздегі банктердің өмірінен бірер деректерді келтіруге болады.  Мәселен, 2020 жылы Қазақстанда жұмыс істейтін банктердің ортақ табысы 1,4 триллион теңгеден асқан екен. Табысы мол банктердің алғашқы үштігінде Халық банкі, Kaspi bank пен ЦентрКредит тұр. Ал Bereke bank, керісінше, 129 млрд теңге жоғалтқан. Сондай-ақ, "Қазақстан ВТБ" 33 млрд теңге шығынға батты. Түркияның біздегі "Қазақстан-Зираат" банкі 10 млрд теңге шығын көрді. Қалған 18 банктің барлығы азды-көпті кіріс көрген.

Өткен 2022 жылдың қортындысы бойынша Қазақстанның Халық банкі  539,2 миллиард теңге таза кіріс көрді. Бұл көрсеткіш бойынша олар  Kaspi bank-ті басып озды. Халық банк активтері 13,8 триллион теңгеге жетті. Екінші орындағы Kaspi bank 361,7 миллиард теңге бір жылдық таза табысқа қол жеткізген. Активтері 5 триллион теңгенің маңайында.

2022 жылы Центр Кредит банк санкцияға ұшыраған Альфа-Банкті сатып алып, табысын бір жылда 7 есеге арттырды. Өткен жылды 145 миллиард теңге таза пайдамен аяқтап отыр. Осы үздік үштіктен бөлек, 100 миллиард теңгеден астам таза пайда тапқандар тізіміне АҚШ-тың алпауыты – "Ситибанк"-тің Қазақстандағы еншілес банкі енді. "Ситибанк Қазақстан" біздегі халықаралық компанияларға қызмет көрсетеді. Оңтүстік Кореяның біздегі "Шинхан банкі" шағын банк болғандықтан, 3,3 миллиард теңге ғана пайда көрді. Еліміздегі өзге банктердің көрген пайдалары 100 миллиард теңгеге жетпеген сияқты.

Бір айта кетерлігі, банктер жарнамаға келгенде тартынып қалмайды екен. Жарнамаға ақшаны мол жұмсаған сайын, бәлкім, кіріс те арта түсер. Пайданың қасында жарнама шығыны түк те болмай қалса керек.

2022 жылдың қаңтар-қыркүйек айларында Халық банк тек қана жарнамаға 2,55 миллиард теңге жұмсаған. Жусан банк жарнамаға 9 айда 2,53 миллиард теңге шығындаған.

Kaspi Bank және Home Credit Bank жарнамалық шығындары үшін тиісінше 1,24 миллиард және 1,23 миллиард теңгеге жұмсапты. Bank RBK-ның 2022 жылдың қаңтар-қыркүйек айларындағы жарнама шығыны 1,14 миллиард теңгені, ForteBank шығыны 1,05 миллиард теңгені құраған. Айта кету керек, Халық банкте операциялық қызмет бойынша барлық шығындардың ішінде жарнама шығыны небәрі 1,7 пайыз ғана болып шығады екен. Kaspi Bank-те бұл көрсеткіш небәрі 1,3 пайыз.

Мінеки, банктеріміздің жағдайы жаман емес сияқты. Әлемдегі алпауыт банктерге жетпесе де шама-шарықтарынша өсіп-өркендеп жатқан жайы бар.

Жалпы айтайын дегенім, бұрын банк дегенге ақшаны салатын, алатын, сақтайтын құрылым ретінде қараушы едік. Соңғы жылдары байқағаным, банктер арасында бір бәсеке оянғандай. Бұл меніңше жақсы құбылыс! Өйткені бәсеке бар жерде,  ұтымды ұсыныстар көбейе түсері хақ.

Соңғы жылдары қай банктің де қосымшасын ашып қарасаң, клиентке ұсынар инструменттерді көбейткен. Басқасын айтпасам да бір ғана  QR кодтың өзі тұтынушыға таптырмас дүние екені рас.

Ал банкке қарызы жоқ адам бүгінде қалмаған да шығар. Тіпті зейнеткерлер мен мүгедектер де несие алып, өсім төлеуге машықтанып алғаны шындық. Қысқасы, бүкіл халықтың бет алған жағы  банк болғаны қашан. Кім біледі, бәлкім жаңа айтып отырған бәсеке бара-бара банктердің арзан несие ұсынуға да алып келер.

Онымен қоса мемлекет банктерді өте үлкен стратегиялық құрал ретінде ұстайтыны тағы бар.

Автордың пікірі редакцияның көзқарасымен сәйкес келмеуі мүмкін

Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу