Қару-жарақ экспортын тоқтатудың ар жағында үлкен геосаясат бар

1555

Қазақстанның әскери техника, қару-жарақ және оқ-дәрі өндірісі осал емес. Орталық Азия аймағының қауіпсіздігі мақсатында көршілес елдерге қару-жарақты қайтарымсыз беруге қауқарлы елміз. Сондай-ақ Қазақстан қару-жарақты алыстағы шет елдерге экспорттап та келеді. 

Қару-жарақ экспортын тоқтатудың ар жағында үлкен геосаясат бар

Экспорт мәселесінде жақында дау туындап, оның соңы Қазақстан шет елдерге қару-жарақ сатуды бір жылға тоқтатумен тынды. Қазақстанның әскери техникасы мен қару-жарағын Ұлыбритания алып Украинаға жөнелтіп жатыр деген әңгіме тараған болатын. Осыған байланысты Ресеймен арақатынасымыз ушығып кетуі мүмкін болғандықтан, Қазақстан қару-жарақ экспортын уақытша тоқтатты.

Қару-жарақ экспортың тоқтатудың ар жағында үлкен геосаясат жатқан болар. Себебі еліміздің мұндай шешім қабылдауына байланысты көршіміз Ресей бізге қару-жарақ пен әскери техника сұрауға емеурін таныта алмайды.

Бұған дейін Украинаға Қазақстаннан да қару-жарақ пен брондалған техника жетіп жатқанын шет елдердің әскери сарапшылары сөз еткен болатын. Украинаның бұқаралық ақпарат құралдарында айтылған Қазақстан қару-жарақ экспорты жайлы ақпараттың Кремльге жақпайтыны белгілі.

Әскери сарапшылар Қазақстаннан Ұлыбританияға жеткізілген қару-жарақ Украинаға жөнелтіліп жатқанын, мұны Қазақстан ішкі есеппен әдейі жасағанын айтты. Олардың сөздері Қазақстан Ресейге "Сен бізден қару-жарақ сұрама" дегенді осындай әрекетімен білдіргісі келді дегенге саяды. Кім біледі, бәрі де мүмкін. Қазақстанның үшінші ел арқылы Украинаға қару жіберіп, соңынан қару-жарақ экспортын бір жылға тоқтатуында стратегиялық ішкі есеп болуы да ықтимал. Ресейдің қару сұрап келуі осындай жолмен жабылды деп қарауға әбден болатын сияқты. Шахматтағы "атпен жүріс" дейтін әрекетке ұқсас қадам болды ма, кім білсін.

"Берегини" деген хакерлік топ интернетке Қазақстанның Иордан фирмасы арқылы Ұлыбританияға қару-жарақ пен оқ-дәрі жеткізіп келгенін растайтын құжаттарды жариялаған екен. Хакерлік топ мұндай құжаттарды Украина Қорғаныс министрлігінің Бас барлау басқармасының компьютер базасынан алғанын келтірген. Содан барып Қазақстан Украинаға Ұлыбритания арқылы қару-жарақ жіберіп отыр деген әңгіме тарап, бұған Кремль алаңдайды. Хакерлердің жариялаған құжаттарында Қазақстанның "Техноэкспорт" компаниясынан гаубицаның снарядтары, "Град" соғыс машинасына қондырылатын ракеталар сатып алынғаны қаражат сомасымен қоса келтірілген көрінеді. Жарияланған құжаттарда брондалған әскери техникалар мен атқыланатын миналар, танктерге қарсы ракеталық кешенін сатып алудың келісімдері де болған екен.

Бұл дерекке байланысты Ресейдің бұқаралық ақпарат құралдары біраз шулады.

Ал Орталық Азия елдеріне қару-жарақ беруіміздің мәнісі басқа. Қазақстан Ауғанстандағы жағдайға байланысты және Орта Азия өңіріндегі қауіпсіздікті нығайту үшін көрші елдерге әскери-техникалық көмек көрсетеді. Парламент Қырғызстан мен Тәжікстанға әскери мүлікті беру туралы келісімдерді ратификациялаған.

Қазақстанның әскери техника, қару-жарақ және оқ-дәрі өндірісі осал емес екенін айттық.  Ал енді елімізде қарудың қандай түрі өндіріліп жатқанына келсек, оның жалпы сипаттамасы мынадай.

"Kazakhstan Paramount Engineering" жауапкерлігі шектеулі серіктестігі  "Арлан", "Барыс", "Номад" бронды дөңгелекті әскери машиналарын, ЕС145  әмбебап тікұшақтарын және оптикалық барлау жабдықтарын өндіреді.

"Арланның" дөңгелектері  8 келі тротилге татитын жарылысқа, бүйірлері 5 метр жерден 50 кг тротилге татитын жарылысқа төтеп береді. Машинада 10 жауынгерге орын бар. Қабырғасынан және әйнегінен оқ өтпейді. Сағатына 100 шақырымды басып өтеді. Ату процесі толықтай автоматтандырылған.

"Барыс" бронды машинасы атомдық, биологиялық, химиялық қарулардан қорғаныс жүйесімен жабдықталған. Табаны жол бойына құрылатын қолдан жасалған миналар мен фугастарға қарсы күшейтілген. Экипаж отыратын креслолар машинаның астынан немесе бүйірінен жарылыс болған жағдайда жарақат алудан қорғайды. Бронды машина сағатына 100 шақырымды басып өтеді.

"Номад" бронды машинасы жол талғамайды. Алдына қойылған тосқауылдарды бұзып-жарып өтеді, іске қосатын бульдозер қалағы бар. Сырттан атып, граната лақтырғанда да экипаж ұзақ уақыт ұрыс қабілетін сақтайды.

ЕС145 тікұшағы жерде, су бетінде операциялар жүргізуге арналған қос двигательді ұшу техникасы. Бұл машинада француз-неміс Eurocopter концернінің техникалық жаңалықтарының барлығы дерлік шоғырланған.

"Петропавл ауыр машина жасау зауыты" акционерлік қоғамы "Широкий спектр" деген реактивті дүркіндете оқ ату жүйесін өндіреді.  "Град", "Ураган" жүйелерінің реактивті снарядтарымен және дәлдігі жоғары  "Акулар", "Экстра" зымырандарымен ататын әмбебап жүйе. Топографиялық қондырғылары қажетті квадраттарды дәлірек нысанаға алуға мүмкіндік береді. Атыс қашықтығы 10-нан 150 шақырымға дейін. Нүктелерді де, тұтастай аудандарды да талқандауға қабілетті.

Петропавл қаласында орналасқан "Киров атындағы зауыт" акционерлік қоғамы "Қарағай" қысқатолқынды диапазон радиостанциясын жасап шығарады. Радиостанция оперативті аймақта радиобайланысты жедел орнатуға арналған. Бір мезетте 32 нүктеге дейін жұмыс істей алады.

Орал қаласындағы "Зенит" Орал Зауыты" акционерлік қоғамы "Барс-ҚМ" деген зымыранды артиллериялық кемелерді және "Айбар" жоғары жылдамдықты патрульдеу катерлерін жасап шығарады.

"Барс-ҚМ" зеңбіректер мен басқа да атыс құралдары арқылы су бетіндегі нысандарды жоюға арналған. "Айбар" катері  сулардағы мемлекеттік шекара мен жағалауларды бақылауға және күзетуге арнап жасалған.

Ал Қарағанды қаласында патрон өндіретін зауыт жұмыс істейді.

Осындай әскери өнеркәсібіміздің өнімдері экспортталмай, өзіміздің қорғанысымызды күшейткені де жөн-ақ. Тіпті шет елдерден мықты қару мен әскери техниканы импорттағанымыз да теріс болмас.

Автордың пікірі редакцияның көзқарасымен сәйкес келмеуі мүмкін