Қазақша сөйлеу "сәнді әрі тиімді" болған кезде, танымалдылық мәселесі өздігінен шешіледі

121

Қазақ тілі шын мәнінде беделді тіл болуы үшін, ол тек мәдениеттің немесе парыздың символы ретінде қабылданбауы тиіс. Ол мүмкіндіктердің, қаржының және прогрестің тіліне айналуы қажет.

Қазақша сөйлеу "сәнді әрі тиімді" болған кезде, танымалдылық мәселесі өздігінен шешіледі

Мемлекеттік мәртебе – қазақ тілінің "қаңқасы немесе тәні" болса, қоғамдық өмір салаларындағы нақты қолданысы – оның "қаны". Біз жоғарыдан бұйрық күтпей-ақ сол қаңқа мен тәндегі бос тұрған тамырларға қан жүгіртуіміз керек. Оған демографиялық мүмкіндігіміз де, ешбір халықтан кем түспейтін қабілетіміз де жетеді.

Тілдің беделі – бұл мықты контенттің, заманауи технологиялар мен жеке пайданың жиынтығы. Қазақша сөйлеу "сәнді әрі тиімді" болған кезде, танымалдылық мәселесі өздігінен шешіледі.
Біздің қоғамда қазақ және орыс тілдерінің қатар қолдануы қазақтардың паралел екі әлемде өмір сүруіне әкеліп отыр. Қазақ тілінде үйде, базарда сөйлеседі, достармен әзілдеседі, мектепте білім алады, т.б. Оны көпшілігі ана тілі деп санағанымен, ол ресми және күрделі мәселелерге жарамсыз деп есептейді. Ал орыс тілінде заңдар жазылады, ғылымда қолданады, бизнес-келіссөздер жүргізіледі. Оны интеллектпен, билікпен және элитарлықпен байланыстыратын құрал деп санайды. Екі тілді қатар қолданудың қаупі неде? Ол санадағы отаршылдықты сақтап қалады. Қазақтар өз ана тілін кванттық физика немесе халықаралық құқық үшін "жеткілікті деңгейде дамымаған" деп сене бастайды. Бұл лингвистикалық шизофренияға әкеледі: қазақтар өзін орыс тілінде сөйлегенде ғана толыққанды боп сезінетіндей күй кешеді. Бұдан арылудың жолы – отарсыздану. Тілдік отарсызданудың мақсаты – Қазақстанда орыс тілін жою емес, қазақ тілін соның деңгейіне көтеру немесе қазақ тілін беделді ресми тілге айналдыру.

Автордың пікірі редакцияның көзқарасымен сәйкес келмеуі мүмкін

Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу