Қазақстанда жүрген ресейліктерге жаппай ықтиярхат берілмейді

1735

Ресейдің іші бықпырт тигендей болып жатыр. Қалаларда ел толқып, далаларда елден шығып кетуге асығып, жан-жаққа қарай қашқан жұртта есеп жоқ. 

Қазақстанда жүрген ресейліктерге жаппай ықтиярхат берілмейді

Ресей тұрғындарының бет алған тұстары Кавказ елдері мен Орталық Азия елдері. Әсіресе Қазақстанға еніп кетуге талпынып жатқандардың саны көп. Шекара маңындағы көлік кезегінің қарасы тым көбейіп тұр. Ресейліктер қазақ жеріне өткізіліп жатыр.  Олар Армения мен Грузияға да көптеп ағылуда. Ол жақта да көлік кептелісі. Ал ұшақтарға билет жоқ. Ташкент пен Бішкекке келіп жатқандар да аз емес.

Босып келген көрші жұртын елімізге кіргізуге қатысты сұраққа орай Сенат төрағасы Мәулен Әшімбаев түсініктеме берді. Балтық жағалауы елдері өз шекарасын жапқан, ал біздің еліміз ондай қадамға бармайды екен. Келген шет ел азаматтарына Қазақстанда жүріп-тұруға ықтиярхат беріледі.

Ресейдің өзге елдерге кіргізуге болмайтын санаттағы азаматтары бар. Олардың Ресейден кетулеріне рұқсат жоқ. Ал мұны өзге елдердің шекара қызметіндегілер бірыңғай электрондық базадан көріп анықтайтын болса керек.  Қазақстанға келген өзге елдің азаматының өз елінен рұқсаты болмаса, оларға ықтиярхат берілмейді.

"Егер Ресей азаматтары бізге келгісі келсе, ол процесті шектемеуіміз керек.  Қандай да бір елдің азаматы Қазақстаннан ықтиярхат алғысы келсе, өкілетті органдарға өткізуі тиіс құжаттар тізімі бар. Олардың арасында "сол адам келген елдің рұқсаты болуы керек" деген пункт те бар. Біздің заңнамада бәрі айқын жазылған. Егер қандай да бір ел азаматы мемлекеті рұқсат бермесе де, қандай да бір амалдармен кетіп қалған болса және Қазақстаннан ықтиярхат сұраса, Қазақстан оған ықтиярхат бере алмайды", – деді Сенат төрағасы.

Демек, рұқсаты жоқ адам шекарадан бері өткізілмейді. Ал қандай да бір жолмен өтіп кеткен болса ұсталып, кері қайтарылады. Әскери комиссариаттарда есепте тұрғандар шет ел асып кететін болса, оларға Ресей құқық қорғау органдары халықаралық іздеу жариялайды. Мысалы, соғысқа барудан жалтарып Қазақстанда жүрген ресейліктер болса, оларды біздің құқық қорғау органдарымыз ұстап, кері қарай экстрадициялайды. Ал барғаннан кейін олар сотталып, түрмеге жабылады. Жаза өтеу мерзімі он бес жылға дейін. Ресей басшысы ішінара мобилизациялау туралы Жарлыққа қол қойған. Ол 21 қыркүйектен бастап жүзеге асырылуда. Украинадағы соғысқа аттандыру үшін запастағы офицерлер, бұрын мерзімді әскери қызметте болғандар, тәжірибесі бар әскери мамандар әскери комиссариаттарға шақырыла бастады. Азаматтардың жан-жаққа кетуі осыдан басталды. Осыған ұқсас жағдай 2022 жылдың 24 ақпанында да болған еді. Ол кезде Ресей әскері Украинаға басып кірген болатын. Сол шақтағы көктем айлары мен жаз ортасына дейінгі аралықта Қазақстанға Ресейден жарты миллионнан астам адам келген.

Ресей басшысы ішінара мобилизациялау туралы Жарлық шығарардан бір күн бұрын Госдума қылмыстық кодекске өзгеріс енгізген. Енгізілген өзгеріске сәйкес, соғысқа аттанудан жалтарған адам сот үкімімен ұзақ мерзімге бас бостандығынан айырылады. Соның өзінде соғысқа баруды қаламайтындар көп.

Ресей Қорғаныс министрлігінің мәліметіне сенсек, қолына қару ұстауға жарамды жастағы адам орыс жерінде 25 миллион екен. Әзірге арасынан теріп, соның 300 мыңын соғысқа алмақ.

Мобилизация жайлы әңгіме шығысымен-ақ Ресей іші бүліне бастады. Кавказ елдеріне, Орталық Азия мемлекеттеріне, Түркияға, Араб мемлекеттеріне қатынайтын ұшақтардың жақын күндерге қалған билеттері табанда сатылып кеткен. Билет құны бірден қымбаттағаны тағы бар. Мәскеуден Астана мен Алматыға ұшатын билет қалмаған. 24 қыркүйекке бес-алты билет сақталған екен. Соның төртеуінің әрбірінің бағасы 7 миллион 973 мың 179 теңгеден дейді. 1 миллион 372 мың 308 теңгелік бір билет және 587 мың теңгелік бір билет қалыпты. Сол күнге Астанаға қалған алты билеттің бағасы 200 мың мен 350 мың теңгенің аралығында. Мәскеуден Алматыға бір адамның ұшу құны 8 миллион теңгеге бір-ақ шыққаны бұрын-соңды болған емес еді. Адамдар жеңіл көлікпен шығып, елдердің шекараларының маңы құжынаған кептеліске айналды.

Ал Ресей қалаларында ел көшеге шығып, мобилизацияға қарсылықтарын білдіріп жатыр. Полиция адамдарды аямастан қуып, ұстап әкетуде. Таратылған ақпараттарға қарағанда кешелі бері екі мыңға тарта адамды ұстап әкеткен. Алдымен Хабаровск, Якутск, Улан-Удэ, Томск қалаларында халық көшеге шығып, қарсылық акцияларын өткізді. Артынша басқа қалаларда жалғасып, Мәскеу мен Санкт-Петербург тұрғындары да көшеге жиналды, өз қарсылықтарын білдірді. Наразы Мәскеу жұрты ескі Арбатқа жиналды, арасында әйелдер көп болды. Олар "Соғысқа жол жоқ!", "Балаларымызға өмір!" деп ұрандатты. Жиналған жүздеген адам қолтықтасып, тізбек құрып тұрды. Ал полицейлер акцияға қатысушыларды жұлқылап, бір-бірден алып кетіп жатты.

Санкт-Петербургте мобилизацияға қарсылар Исаакиев соборының маңына жиналды. Оларды да полиция қызметкерлері күш қолданып  ұстап әкетті.  Полицейлер адамдарды резеңке таяқпен сабады. Мәскеу мен Санкт-Петербургте өткен наразылық акциясы кезінде мыңнан астам адам ұстап әкетілді. Қарсылық акциялары өзге қалаларда да өте бастады. Челябинск, Красноярск, Екатеринбург, Тверь, Воронеж, Краснодар, Саратов, Калинград, Петрозаводск, Рязань. Иркутск және тағы басқа қалалардың тұрғындары да көшеге жиналды. Бұл күні де көптеген адам қамауға алынды. Қарсылық акциялары Ресейдің 38 қаласында өтті. Әзірге тек дағыстандықтар мобилизацияны тоқтата алды.

Тұтастай алғанда, Ресей іші тыныш болмай тұр. Біздің елімізге бас сауғалап келген ресейліктер елдеріне ертерек оралсын дейміз.

Автордың пікірі редакцияның көзқарасымен сәйкес келмеуі мүмкін

Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу