Қазақстаннан жыл сайын шетелге 1 триллион теңге кетіп жатыр

Ақшаның заңсыз әкетілуіне қанша тосқауыл қойылғанымен, бұл үрдіс тоқтаған емес.

Қазақстаннан жыл сайын шетелге 1 триллион теңге кетіп жатыр

Қазақстанның талан-тараж болуы қай уақытқа дейін жалғасатынын ешкім айта алмайтын болса керек. Іштегі жемқорлық өз алдына, күн құрғатпай шет елдерге миллиондап ағып кетіп жатқан қаржыда есеп жоқ. Есіл қаржы мен активтердің шетелге асырылуының жеделдігі мен ауқымының үлкендігі соншалық, мамандар оның бәрін қайтаруға кемі бір ғасыр уақыт кететінін айтыпты.  

Рас, жуырда Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасымен заңсыз әкетілген активтерді қайтару бойынша жұмыс басталған. Содан бері сырттағы жарты триллионнан астам теңге қайтарылыпты. Экономистер мұны кеткен ақшаның тым аз ғана ғана бөлігі екенін айтады.  

Шамамен шет елдерге кем дегенде 800 млрд доллар заңсыз әкетілген екен. Соның әзірге бар-жоғы 755 млрд теңгесі ғана қайтқан. Бұл тек бір пайызы. Бұл қаржы әлеуметтік жобаларға, мүмкін жоғары технологиялық өндірістерді құруға бөлінеді деп жатады. Жас отбасыларға автонесиеге және баспана ипотекасына бағыттайық деп ұсынғандар да бар. Сол сияқты, балалар үйлеріне берейік немесе мүгедек балаларға арнап салынатын тұрғын үй құрылысына жаратайық деген ұсыныстар да айтылуда.

Жақында Парламент Мәжілісінің дәлізінде журналистер премьер-министрдің орынбасары – қаржы министрі Ерұлан Жамаубаевтан шетелге кеткен активтерді елге қайтарудың жай-жапсарын сұраған екен.

Оның айтуынша, Бас прокуратураның басшылығымен шетелдегі активтерді қайтару бойынша арнайы комиссия жұмыс істеп жатыр, тиісті заң жобасы әзірленуде. Бірақ министр заң жобасы бойынша атқарылатын істің механизмдері қандай болатынын таратып айтпаған. Тек белгілі болғаны – қазір заң жобасы бизнес өкілдерімен, үкіметпен талқыланып жатыр. Жобаны Әділет министрлігі дайындап ұсынған. Жақын арада бұл заң жобасы жалпы талқылауға шығарылатын болыпты.

Әдетте бизнесмен немесе лауазым иесі мол активті шетке асырып, оның соңынан өзі де тайып тұратынын ел көріп жүр. Шет елдерге қаржы мен актив асырып болған соң өзі кетіп тынатындардың ішінде ғалымдар да кездесіп жатады екен. Өткен сәуір ішінде Ғылым мен технологиялар жөніндегі Ұлттық кеңестің жиналысы өткен. Ғылымды қаржыландыру мәселесін көтерген бұл жиналысқа Мемлекет басшысы төрағалық етті. Осы жиында Қасым-Жомарт Тоқаев шетелге қашып кеткен "Парасат" холдингінің бұрынғы басшысын еске алды. Оның айтуынша, бүгінде мемлекет тарапынан ғылымға қыруар қаржы бөлінеді. Ал ғалыммын деп жүргендердің кейбірі кейбірі оны көлденең пайда көзіне айналдырып алған.

"Қаржы гранттарының көбінесе ғылыми маңызы, өзектілігі жоқ жобаларға берілетіні ешкімге жасырын емес. "Парасат" ғылыми холдингінде болған өкінішті жағдай – осының анық мысалы. Бөлінген қаражаттың бәрі құмға сіңген судай болды. Ал оның бұрынғы басшысы, химия ғылымдарының докторы Америка азаматтығын алып, отбасымен бірге елден кетіп қалды", – деді Президент.

Өткен 2022 жылдың ішінде елімізден шетелге қаржы аудару жүйелері арқылы триллион теңгеден астам ақша жөнелтіліпті. Қаражаттың төрттен үш бөлігі ресейлік "Золотая Корона" деген жүйе арқылы жіберілген. Бұл жүйемен 794,1 млрд теңге шетел асырылған.

Қазақстаннан шетелге аударылатын ақшаның жылдық көлемі екінші жыл қатарынан 1 трлн теңгеден асып жығылыпты. Біздің елімізден аударылған қаржының жартысынан көбі Өзбекстан мен Түркияға жіберілген. Өзбекстанға 289,8 млрд теңге, Түркияға 271,9 млрд теңге жөнелтілді. Ресейге де көп  қаржы жіберілген, ол жаққа 2022 жылы 196 млрд теңге кетіп отыр.

Бір ғасырға дейін кім бар, кім жоқ. Заңсыз кеткен 800 млрд доллар Қазақстан үшін аз қаржы емес. Осының қайтуын ғасырға созбай ертерек қолға түсірудің қамы мықтап жасалса қанеки.

Автордың пікірі редакцияның көзқарасымен сәйкес келмеуі мүмкін

Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу